Павлодар облысында шабындық алқаптардың жалпы ауданы 1 576,3 мың гектарды құрайды. Бүгінгі таңда облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері шөп тасымалдау жұмыстарын жүргізуде. Ағымдағы жағдайға сәйкес қазіргі уақытта қажетті жем-шөп қорымен толық қамтамасыз ету үшін облыста 1870,8 мың тонна шөп дайындалып, қыстақтарға 1 564,3 мың тоннасы жеткізілді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов ағымдағы күні облыс бойынша 1667,5 мың гектардан астам шөп шабылғанын мәлім етті. Оның ішінде жайылма мен сағаларда 185, 4 мың гектардан астам мал азығы дайындалды.

— Биыл шабындық алқаптардың жалпы ауданы 1 576,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде көпжылдық шөптер – 233,3 мың гектар, бір жылдық шөптер – 58,3 мың гектар, шабылатын жайылымдар — 1 075,8 мың гектар және жайылмалар мен жайылымдар — 208,7 мың гектар. Облыс бойынша мал азығының жылдық қажеттілігі 1 215 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта қажетті шөп қорымен толық қамтамасыз ету үшін облыста 1870,8 мың тонна шөп дайындалды. Ағымдағы жылы көктемде облыстағы жайылмалардың 90 пайызын су басты. Бұл орташа өнімділігі гектарына 24 центнерді құрайтын 446 мың тоннадан астам шөп алуға мүмкіндік берді. Оның ішінде көпжылдық шөптер – 265 мың тонна, біржылдық шөптер – 104 мың тонна және шабылған жайылымдар 155,8 мың тоннаны құрайды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 194 мың тонна пішендеме, 182 мың тонна сүрлемдер және 317 мың тонна сабан дайындалды, — деді Е.Мүрсәлімов.

Сонымен қатар, бөлім басшысы қазіргі уақытта «Бұзылған жайылымдар мен шабындықтарды игеру» бағдарламасының жобасы әзірленіп, елді мекен жерлеріндегі жайылымдарды және сағалық суармалы шабындықтарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын жеткізді.

— Облыс бойынша жайылым жердің жалпы көлемі 8,3 млн гектарды құрайды. Шөп өндіруді және еріген суды пайдалануды одан әрі арттыру мақсатында инженерлік құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары жоспарлануда. Атап айтсақ, Май ауданы Қолыбай сағасы массиві 14,6 мың гектар алаңға, Баянауыл сағасы 6,7 мың гектар аумаққа ұлғаймақ. Бұл сағадағы шабындықтардағы шөптердің өнімділігін гектарынан 20 центнерге дейін арттыруға мүмкіндік береді, — деді ол.

А.МҰҚЫШЕВ.