Қазір қай су айдынына барсаң, қармағын ұстаған балықшыларды көресің. Балық аулауға рұқсат беріліп еді, жапа-тармағай өзен-көлді жағалап жүр. Тыйым салынған кезеңде де заңды аттағандар аз емес. Облыста уылдырық шашу кезеңінде бақылаудағы аумақта табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 27 фактісі анықталған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтай айтты.
– Балықтардың уылдырық шашуы, балық ресурстарының табиғи өсімін молайтуды қамтамасыз ету мақсатында биыл 15 сәуірден 30 мамырға дейін облыстың барлық балық шаруашылығы су айдындарында балық аулауға тыйым салынған болатын. Сондай-ақ, уылдырық шашу кезеңінде балықтың уылдырық шашуына жағдай жасау мақсатында су көлігінің қозғалысы шектелді.
Ескертуге құлақ аспайтындар да бар. Мәселен, инспекция мамандары Май ауданының Қарасор көлінде екі қылмыстық құқық бұзушылық фактісін анықтады. Екі жағдайда да тыйым салынған балық аулау құралдарымен балық аулау жағдайы тіркелді. Былтыр үш қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, оның екеуі осы Қарасор көлінде орын алған болатын, – деді Н.Қазтай.
Биылғы заң бұзушылықтың сюжеті мынадай: 13 мамырда екі алматылық тұрғын заңсыз балық аулап жатқан жерінен ұсталып, олардан 911 кг мөңке балығы және заңсыз балық аулау құралдары тәркіленген. Алматылық тұрғындарды полиция бөлімшесіне апарған кезде Қапшағай қаласынан келгені анықталды.
«Шақырылмаған меймандар» Қарасорда заңды түрде балық аулауға болады деп біреуден естіп келген екен. Бұл факт бойынша материалдар сотқа жіберіліп, оларға 1 миллион 900 мың теңге айыппұл салынды. Ал 20 мамырда облыстың екі тұрғынының резеңке қайықпен 372 келі балық аулағаны анықталып, оларға 770 мың теңге айыппұл салынды. Материалдар Май ауданының полиция бөліміне қылмыстық іс қозғау үшін жолданған.
Естеріңізге салсақ, облыс аумағында жергілікті маңызы бар 58 балық шаруашылығы су айдыны (30 тұщы су айдыны, 28 тұзды су айдыны) 31 жануарлар дүниесінің пайдаланушысына бекітілген.
Оралхан ҚОЖАНОВ.