Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде экономиканы алға бастырудың бірегей жолы – ауыл шаруашылығын қолдау екенін сан мәрте қадап айтқан болатын. Бұл ретте қаржылай қолдауды, жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар ұсыну бойынша тапсырмалар берген еді. Міне, бүгінде шаруаларға мемлекеттік қолдаудың түр-түрі ұсыныла бастады.
Лизингке алу алға басты
Биыл елімізде кемінде 6 мың ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу жоспарланған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті.
— Биылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгені құрайды. Ал ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен қаржыландыру 250 млрд теңгеге жеткізіледі. Бюджет қаражатының шектеулі болуын ескере отырып, бұл бағдарламалар облигациялар түріндегі нарықтық қаражатты тарту арқылы жүзеге асырылмақ. Купондық сыйақының жалпы сомасы 116,8 млрд теңгені құрайды. Осылайша, нарықтық және бюджеттік қаражатты тарту есебінен фермерлер ауыл шаруашылығы техникасын лизингке және көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 5 пайыз мөлшеріндегі қолжетімді сыйақы мөлшерлемесімен несие ала алады, — деді ведомстводан.
Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясындағы қаражат мынадай 6 түрлі арна арқылы бөлінеді:
— «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы тікелей несиелеу;
— екінші деңгейлі банктер;
— микроқаржы ұйымдары;
— өңірлік инвестициялық орталықтар;
— несие серіктестіктері;
— әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора-циялар.
— Мемлекет басшысы 2024 жылғы 15 қарашада өткен алғашқы Ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумында берген тапсырмаға сәйкес, 2024 жылы бірінші рет 2025 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын ерте қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. Елдің барлық өңірінде 2024 жылғы 29 қарашадан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойын-
ша 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыруға өтінімдер қабылданды. Қазіргі таңда көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу аясында 496,2 млрд теңгеге жалпы 7 494 өтінім түсті. Оның ішінде 7 387 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі 482,3 млрд теңге сомасына қаржыландырылды. Бұл 7,7 млн гектар егістік жерді қамтуға мүмкіндік берді, — деді
министрліктен.
Ведомство мәліметінше, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы кепілдік беру бағдарламасы жалғасып жатыр. Бұл бағдарлама кепілдік базасы жеткіліксіз фермерлерге көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына берілетін несиенің 85 пайызына дейін кепілдік беруді көздейді. Аталған қаражат шамамен 250 млрд теңгенің несиесін қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 1 271 кепілдік берілді. Жалпы кепілдік сомасы 219,7 млрд теңгені, ал берілген несиелердің жалпы көлемі 186,8 млрд теңгені құрайды.
— «ҚазАгроҚаржы» АҚ бойынша «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы аясында өтінім қабылдау 2025 жылғы 24 ақпанда басталды. Қазіргі уақытта 3 684 өтінім қабылданып, 147,2 млрд теңге көлемінде қарастырылды. Оның ішінде 3 034 өтінім бойынша 5 868 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге 112,5 млрд теңге сомасына қаржылық лизинг шарттары жасалды. 2025 жылы кемінде 6 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу жоспарлануда, — деді ведомстводан.
Банктер де қаржы беруге қосылады
Өсімі төмен қарыз беру – шаруаларға зор көмек. Бұл ретте 2026 жылдан ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруге екінші деңгейлі банктер де тартылады.
2026 жылдан қайта өңдеу кәсіп-орындарының айналым қаражатын толықтыруға екінші деңгейлі банктердің несиесі пайдаланылатын болады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті.
— Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау мақсатында қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыру үшін қаржы институттарын тікелей субсидиялау механизмі іске қосылды. Бұл механизм аясында қаржы институттары коммер-циялық қаражат тарту кезеңінде сыйақы мөлшерлемесін төмендетеді. Ал агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне несие жылдық 5 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен беріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржы институттарына осы айырманы тікелей субсидиялайды. Бұл субсидиялау процесін бюрократиясыздандырып, мыңдаған фермер мен 20 аудандық басқарманың қатысу қажеттілігін болдырмайды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, — деп атап өтті министрлік өкілдері.
Ведомство мәліметінше, осы мақсатқа республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге субсидия қарастырылған. Мәселен, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру үшін 44,3 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие беріледі.
— 2026 жылдан бастап, бюджеттен қаражат бөлінуіне қарай бұл процеске екінші деңгейлі банктер де тартылатын болады. Сонымен қатар бүгінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бордақылау алаңдарының айналым қаражатын жеңілдетілген несиелеуге арналған қаражат тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл қаражаттар түпкілікті қарыз алушыларға жылдық 5 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен қолжетімді болады. Мал шаруашылығы бағытындағы қожалықтардың несиелік қолжетімділігін арттыру мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы кепілдендіру механизмі іске асырылады. Осылайша, кепіл мүлкі жеткіліксіз фермерлерге несиелер бойынша кепілдік беру көзделуде, — деді министрліктен.
Айта кетейік, 2024 жылдың қара-шасында өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген
несие беруін ынталандыруды тапсырған еді.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.