Жыл басында Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында тағы да ауыл шаруашылығы саласы басты назарда екенін атап өтті. Бұл ел болашағы үшін аса маңызды бағыттардың бірі болғандықтан, алдағы уақытта жаңа жұмыстар күтіп тұрғанын жеткізді. Соның бірі — шаруашылықтағы өнімділік пен тиімділікті арттыру мақсатында құрылатын кооперативтер жұмысы. Павлодар облысында құрамында 685 мүше кіретін 187 кооператив ісін ілгерілетуде. Соның бірі өңіріміздегі «Ертіс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Ерлан Тоқтұшақовпен елімізде кооперативтердің шешілуі тиіс мәселелері туралы әңгімелескен едік.
— Ерлан Чапайұлы, алдымен ауыл шаруашылығына қалай келдіңіз және кооперация құруға не себеп болғанын айта кетсеңіз.
— Жалпы, ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма 30 жылдай уақыт болды. Бұл сала әрбір ауылда өскен адамның жанына жақын болатыны анық. Балалық шағымнан ата-анама жәрдем беріп, шаруаға деген икемім қалыптасты. Негізінен мамандығым энергетик болса да, әскери міндетімді атқарып келген соң тағдырдың өзі мені осы салаға қайтадан жетеледі. Жем өндіру зауытында жұмысшы болып істеп жүріп, аграрлық тәжірибемді жетілдірдім. Тоқсаныншы жылдардағы кәсіпорындардың жабылуына байланысты мен мамандық бойынша емес, өзімнің жаныма жақын салада еңбек еткім келді. Осылайша 1996 жылдан бастап нақты ауыл шаруашылығымен айналысамын деп шештім. Бастапқыда жеке шаруашылық болып жұмыс жүргіздім. Кейін 2012 жылы өңірімізде шаруашылықтарға қатты әсер еткен құрғақшылық болды. Сол кезде бірнеше шаруа өз жұмысын тоқтатып, кәсіптерін басқа саладан іздеп кетті. Себебі, құрғақшылықтан бөлек, несие мерзімі бәрімізді бүйірден қысты. Мемлекеттен қарыздарды келесі жылға шегеруге өтінім қалдыруға мүмкін болса да, екі жылдық өтелмеген ақша кімге де болсын ауыр тиетіні анық еді. Мәселемізді барынша билікке жеткізуге тырысқанымызбен біздің өңірдегі құрғақшылықтың көлемі басқа облыстармен (Ақмола, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан) салыстырғанда төмен деп саналып, қолдау жеткілікті көрсетілмеді. Осылайша, шаруашылық өкілдерімен жиналып, мәселенің шешімін өз бетімізше табуға тырыстық. Ақылдаса келе, шаруалар бірлестігін құру керек деп шештік. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетовтің қолдауымен бұл мәселе уақыт өте шешілді. Осыдан кейін жаз бойы қожалық иелерімен ақылдасып, үгіт-насихат жүргізіп, оларды бірлестік құруға шақырдық. 2014 жылы Фермерлер одағының Павлодар қаласындағы филиалы құрылды. Ал 2015 жылы Фермерлер кеңесінен бөлек күш біріктіру қажет екенін түсіндік. Басқаша айтқанда, мемлекеттің көмегімен ғана шектелмей, керісінше оған қолдау білдіруді көздедік. Соның нәтижесінде 2016 жылы еліміздегі алғашқы кооперативтердің қатарында біздің бірлестік болды. Осы жылы құрылғанымызға 10 жыл толмақ.
— Сіз бір пікіріңізде дамыған мемлекеттердегі кооперативтердің қалай жұмыс істейтіні жайлы әрі өз тәжірибеңізде соны қолдануға ниетті екеніңізді айтыпсыз. Осы бағытта қандай істер атқарылып жатыр?
— Кооперация – үлкен жауапкершілікпен қатар атқарылатын жұмыс. Бұл бағытта ең бірінші тұрақты қаржыландыру көзі болуы керек. Сондықтан ортақ бюджеттің болуын басты назарға алдық. Екіншіден, біз қайта өңдеуді қолға алдық. Себебі, ол әлемдік тәжірибеде бар. Жақында Президентіміздің өзі сұхбатында ауыл шаруашылығындағы бірлестіктерді ерекше атап өтті: «Әлемдегі бірлестіктер ірі корпорация болып жұмыс істейді» — деді. Бұл дегеніміз еліміздегі шаруалар бірлестігіне әлемдік дағды керек екенін аңғартады. Біз осы талаптардың жүзеге асатынын ескере отырып, кооперативке жаңа өзгерістер енгіздік. Сондықтан 2024 жылы қайта өңдеуді қолға алу мақсатында кәсіпорын құрылысын бастадық.
— Мемлекеттен берілетін арнайы бағдарламаларды пайдаланасыздар ма?
— Біз ешқандай мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істемейміз. Себебі, кооперациямен айналысатын шаруаларға ол жеткіліксіз. Біздің бірлестік құрамында 11 шаруашылық иесі бар. Олар әртүрлі бағытта өз қожалық жұмыстарын жүргізуде. Бір кооперативке кем дегенде 30 миллион теңге кетуі мүмкін. Ал ауыл шаруашылығына белгіленген бағдарламалар ірі шаруа бірлестіктеріне жарамсыз.
— Елімізде кооперативтің жақсы жұмыс атқаруы үшін не қажет деп ойлайсыз?
— Шаруашылық бірлестіктерінің дамуы үшін ең алдымен олар құзырлы мекемелердің назарында болу керек. Сонда ғана кооператив мүшелері өздерінің бұл істе жалғыз емес екенін толықтай сезінетін болады. Сәйкесінше жұмыс өнімділігі де артады. Осыдан кейін арнайы кооперацияларды қолдайтын қаржыландыру бағдарламалары іске асу қажет. Үшіншіден, кейбір заңнамалық талаптар өзгертілсе, бірлестіктерді құру тиімділікті арттыру екеніне кәсіпкерлердің көзі жетер еді. Себебі, салық заңнамаларындағы кейбір талаптар жеке қожалықтармен бірдей мөлшерде қарастырылған.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сара ӘБДОЛ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.
