Биыл еліміздің егіні бітік шығып, ел ырзығы молайғалы тұр. Ал енді сол мол астықты дер кезінде жинап, сақтап, кептіріп, игілікке асыру да — ұшан-теңіз жұмыс. Ағымдағы жылы ауа райының ерекшеліктеріне байланысты жиналған астықты кептіріп, сақтау мәселесі де үлкен жауапкершілікті қажет етіп тұр. Осыған байланысты облыстағы астық қабылдау кәсіпорындарының жағдайы, дайындығы, жаңа егін астығын сақтау технологиялары туралы тоқтала кетейік…

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі 2024 жылы өңірде жиырмаға жуық ауыл шаруашылығы жобасын іске қосу жоспарланғанын, олардың көпшілігі көкөніс өсіруге және астықты сақтауға бағытталғанын атап өтті. Мәселен, ағымдағы жылы Екібастұз қаласында бірден 3 мың тонналық екі көкөніс сақтау қоймасы ашылса, Ақсу қаласында 10 және 20 мың тонналық екі көкөніс сақтау қоймасы іске қосылады. Бұдан басқа, Ақтоғай ауданында 9 мың тонналық астық кептіргіш пен механикаландырылған қырманы бар астық қоймасы салынуда. Сондай-ақ, биыл Май ауданында «Май Агро-М» ЖШС 8500 тонналық көкөніс сақтайтын қойма іске қосылып, Павлодар ауданында 10 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілмек.

— Облыс бойынша жалпы өнімділігі тәулігіне — 49 200 тонна бидай құрғатуға мүмкіндігі бар 82 құрылғы бар. Сондай-ақ, жалпы сыйымдылығы 277,3 мың тоннаны құрайтын 6 элеватор, сыйымдылығы 912 мың тонна азық сақтауға мүмкіндік беретін 263 бірлік қойма алаңы бар. Атап өтсек, 65 мың тонналық «Агример Жолқұдық» ЖШС, 48,5 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік беретін «АТО Щербактинский элеватор» ЖШС, 50 мың тонналық «Павлодарская Нива» ЖШС, сыйымдылығы 30 мың тоннаны құрайтын «Арго» фирмасы ЖШС. Сондай-ақ, 46,8 мың тонналық «Ертіс Агро» ӘКК» ЖШС және 37,0 мың тонна астық сақтауға мүмкіндігі бар «Групп КСМ» ЖШС. Егін жинау жұмыстарына жұмылдырылған жалпы өнімділігі тәулігіне 49200 тоннаны құрайтын 85 бірлік астық кептіретін техника бар, оның 52 бірлігі 2015 жылға дейін, 33 бірлігі 2015 жылдан кейін сатып алынған, — деді баспасөз қызметінде.

Ағымдағы айдың басындағы жағдайға сәйкес элеваторларда астықтың болуы 64 мың тонна, оның ішінде бидай 63,7 мың тонна, оның ішінде 3 класс 46,0 мың тоннаны құрайды. «Азық-түлік корпорациясы «ҰК» АҚ 3-класты бидай 18,3 мың тоннаны құрайды. Жаңа дақылдың дәні 27,9 мың тонна, оның ішінде 3 класты -13,5 мың тонна, 4 класты – 2,4 мың тонна, 5 класты – 1,9 мың тонна, класқа жатпайтыны – 10,1 мың тонна.

Сонымен қатар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы қолдау бөлі-мінде биыл жергілікті шаруалар
үшін ылғалды астықты кептіру үшін 2 800 тонна арзандатылған дизель отыны және 1 008 тонна газ бөлін-генін жеткізді. Ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне жеткізумен қоса баға 165 000 тенге/тоннаға немесе 96 тенге/литріне (қажеттілік
3 270 тонна) құрады. Оның ішінде 813 тоннаның 557 тоннасы коммерциялық құрылымдар бойынша сатылды, қалған 256 тоннасы операторға шығындарды субсидиялау кезінде астықты кептіруге пайдаланылады, қажетті есептер ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберіледі.

Қазіргі уақытта Ақтоғай ауылындағы «Ақтоғай-Агро» ЖШС-інде астық сақтау қоймасының құрылысы қызу жүріп жатыр. Аталмыш кәсіпорын директоры Александр Терентьевтің айтуынша, жоспар бойынша бұл ауқымды жоба биыл аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта қойманың құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын басшысы астық қоймаларына техникалық, технологиялық, пайдалану және экономикалық талаптар қойылатынын атап, астық партияларының массасын сақтаудағы маңызды шарттарға тоқталып өтті.

— Астықтың стратегиялық қорын құру жекелеген жылдардағы кез келген табиғи-климаттық жағдайларда, елдегі және шетелдегі төтенше жағдайлар кезінде халықты азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етеді. Жалпы, астықты, әртүрлі дақылдарды сақтауға бірқатар талаптар қойылады. Мәселен, сақтау кезінде ең тұрақтысы қара бидай, бидай, арпа, сұлы, қарақұмық, неғұрлым тұрақтысы тары, соя, күріш, жүгері, ал ең тұрақтысы —
майлы дақылдар. Сондықтан майлы дақылдарды сақтайтын қоймаларды жабдықтауға талаптар күшейтіледі. Бүгінгі таңда салынып жатқан астық сақтау қоймасында тұқымдық астық қоймаларын жабдықтауға да жоғары талаптар қойылды, өйткені тұқымдық астық сорттар мен санаттар бойынша көршілес партияларды араластыру мүмкіндігін болдырмайтын және тұқымдардың өнгіштігі мен өну энергиясын төмендетпей сақталуын қамтамасыз ететін жағдайларда сақталуы керек, — деді кәсіпорын басшысы.

Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде астық қоймаларында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен қашықтан шарт-тарға қол қоюға мүмкіндік беретін ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, астықты сақтауға арналған электрондық шарттар жасасу жүйесі енгізілуде. Бұл бизнес-процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, құжат айналымын едәуір жеделдетеді. Сондай-ақ, бүгінгі күні астық сақтау қоймаларына қойылатын талаптарға сәйкес облыстағы ірі қоймаларға бункерлік таразылар орнатылды. Ол астыққа түгендеу (тасымалдауды) жүргізу процесін оңтайландырады. Сондай-ақ, астықты элеватордың ішіне жөнелту жұмысын іске асырып, жұмысшылардың жүктемесін азайтады.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.