Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамыту – аграрлық саясаттың басым бағыттарының бірі. Соның ішінде қазақтың ақбас сиырын өсіруге ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басында Үкімет мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарында асыл тұқымды малдың барлық түрін сатып алуға 6 пайыздық несие беру мәселесін талқылады. Бұл ретте ежелден келе жатқан кәсіпті өз күшімен бастап, ісін өрге дөңгелетіп келе жатқан шаруалар да бар. Солардың бірі – Павлодар ауданындағы «Болат» шаруа қожалығының иесі Серік Сүлейменов.
— Серік Төлеуғазыұлы, ақбас мал өсіруді қалай және қашан қолға алып едіңіз?
— Қара малдың ішінде ақбас мал қысқа төзімді, етті болып келеді. 2002 жылдан бастап Тарбағатай өңірінен асыл тұқымды қой әкеліп бастаған едім. 2008 жылы, асыл тұқымды ірі қараны да өсіруге көштік. Бастапқыда жергілікті ақбас малдар сатып алдық. Ал 2011 жылы Канада мемлекетінен герефорд тұқымын алғыздық. Сол уақытта 2,7 млн теңгеге 330 бас ірі қара сатып алдым. Ақбас малдың қарапайым сиырлардан ерекшелігі – олар сауынды түлік қатарына жатпайды. Ерекше күтімді қажет ететін мал түрінің 80-90 пайызы ғана жылына бір рет төл әкеледі. Шаруа қожалығы Маралды ауылының маңында орналасқан. Қазіргі таңда онда 12 қызметкер жұмыс істейді.
— Ірі қараның бұл түрі өзгелерден несімен тиімді?
— Көбі ақбас малды етті болғаны үшін сойып, сатқанды жөн көреді. Сол арқылы табысын еселеп жатқандар да аз емес. Бірақ менің ойымша, оның өзін тірі мал ретінде өсіруге сату анағұрлым табысты болады. Қазірдің өзінде жаңадан ақбас мал өсірушілер оларды шетелден әкелмес бұрын жергілікті түрін қолға үйретіп көреді. Бұл — жаңа кәсіп ашушыларға тиімді жол. Жыл сайын асыл тұқымды мал алушылар саны көбейіп келеді. Алыс-жақын шет елден де сұраныс бар. Кейде сатуға қойған жоспар орындалмайды. Мұндай жағдайда мал бордақылау орындарымен де сауда жасаймыз.
— Асыл тұқымды мал жергілікті климатқа қаншалықты төзімді?
— Жалпы Қазақстан мен Канада бір меридиан сызығында жатқандықтан, олардың климаттық жағдайы ұқсас. Біз сол жағын ескере отырып, дәл осы аймақтан сатып алған болатынбыз. Алайда, жан-жануарлардың денсаулық жағдайларына да мән беру қажет. Бұл жануарлар да қарапайым вакциналар мен витаминдерді қабылдайды. Ветеринарлық көмекте ешқандай ерекшелік кездеспейді. Жылына екі мәрте — көктем және күз айларында арнайы вакцинаны уақытылы қабылдап отырса, ешқандай қауіп төнбейді деп ойлаймын. Әлбетте препараттың сапасы мен мерзіміне мән беру де артық етпейді.
— 25 жылға жуық тәжірибесі бар шаруа иесі ретінде жаңадан ақбас мал өсіруші кәсіпкерлерге нендей кеңес берер едіңіз?
— Көп адам мал сатып алу кезінде алданып қалып жатады. Сауда арасында делдалдық жолмен де ақша жымқыратындар кездеседі. Сондықтан мейлінше өз көзіңмен көріп, алыс жер болса да, ақбас малдың барлық құжаттары мен денсаулық анықтамаларын тексеріп алған дұрыс. Сондай-ақ, климаттық жағдайы ұқсас мекендерден қарастырған жөн. Кез келген шаруашылықты қолға алуға бекінген адамда нақты жоспар болу керек. Басынан бастап нақты шығын мен кірісті есептеп алу да қажет. Яғни, асыл тұқымды сиыр өсірумен айналыспастан бұрын оны қандай мақсатта өсіретінін нақтылап алған жөн. Жалпы айтқанда, ауыл шаруашылығы болашағы бар сала деп ойлаймын. Еңбектенемін, нәтижеге жетемін деген жанға кез келген кәсіптен ырыс табылады.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сара ӘБДОЛ.
