Елімізде биыл 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында пилоттық түрде ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Қазіргі уақытта Ұлттық статистика бюросы алдағы мал санағы үшін ақпараттық жүйелер мен қызметтерді сынақтан өткізуде. Пилоттық санақ кезінде респонденттер «sanaq.gov.kz» мамандандырылған сайтында онлайн санақ парақтарын өз бетінше толтыра алады. Шаруалар тағы нені білуі тиіс? Бүгінгі таңда облыс бойынша мал басының саны қанша? Соңғы рет санақ қашан жүргізілді? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрелік…
Деректер жаңартылады
Жақында Үкіметте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен 2025 жылы ауыл шаруашылығы санағын өткізу мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиын барысында мал шаруашылығына санақ өткізудің дайындық барысы талқыланды. Сондай-ақ, мал және өсімдік шаруашылығы бойынша статистикалық мәліметтерді жаңарту мәселелері қарастырылды. Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер Серік Жұманғарин Ұлттық статистика бюросына ауыл шаруашылығы санағын өткізудің мақсаттары мен тәртібі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ, өсімдік шаруашылығы бойынша деректерді өзектендіруді сапалы аяқтауды тапсырды.
— Мал шаруашылығы бойынша 2023 жылғы деректер өзектендіріліп, Ұлттық статистика бюросының мамандандырылған бюллетенінде жарияланды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов өсімдік шаруашылығы бойынша деректерді өзектендіру жалғасып жатқанын және оны тамыз айында аяқтау жоспарланып отырғанын хабарлады, — деп мәлімдеді Үкіметтің баспасөз қызметі.
Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, ақпарат жүйелерінің, оның ішінде интернетке қосылмау сияқты түрлі жағдайдағы жұмыс ретін тексеру үшін әр аймақтан елді мекендер таңдалған.
— Ауыл шаруашылығының пилоттық санағын өткізу қағидаларының жобасы әзірленіп, «Атамекен» ҰКП және салалық қауымдастықтардың қатысуымен фокус-топтардың отырыстары өтті. Енді елді мекендердің цифрлық карталарын ұсыну немесе әзірлеу мәселелері пысықталып, мобильді және веб-қосымша әзірленіп жатыр, —
деп хабарлады Мақсат Тұрлыбаев.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы санағының пилоттық жобасы биыл тамыз айында басталады. Санақ аумақтық бөлімше қызметкерлерінің күшімен іріктеу негізінде өткізіледі.
Сонымен қатар, Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері пилоттық жоба үшін арнайы таңдалған 54 елді мекендегі үй шаруашылықтары өкілдеріне іріктеме сауалнама жүргізеді. Санақ интернет арқылы онлайн режимде арнайы сайтта және респонденттер арасында сауалнама жүргізу арқылы өтетін болады. Мұндағы мақсат – әдіснаманы, ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық қамтамасыз етуді, санақ парақтарын және далалық жұмыстардың ұйымдастырылуын, интернет сапасын және интернет болмаған жағдайдағы жүйелердің жұмысын сынақтан өткізу.
Қазір бюро дербес деректерді қоса алғанда, қажетті деректерді бірнеше ақпараттық жүйенің көмегімен үздіксіз алу мәселелерін, картографиялық материалдардың (елді мекен карталары мен схемалық жоспарлардың) цифрланған түрін ұсыну және басқа да ұйымдастырушылық және қаржылық мәселелерді пысықтап жатыр. Серік Жұманғарин пилоттық жобаны белгіленген мерзімде – 2024 жылдың тамызында уақытылы және толық бастау үшін туындаған мәселелерді шешуді жеделдетуді тапсырды. Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, шаруа қожалықтарының, қалалар мен ауылдардағы жеке қосалқы шаруашылықтардың, сондай-ақ бау-бақша және саяжай кооперативтерінің толық санағы жүргізіледі.
Өңірде қанша мал басы тіркеулі?
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Қайырболат Байсаринов ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2024 жылғы ағымдағы жағдайға сәйкес облыста ірі қара малдың саны 581 мың бастан асатынын айтты. Ал ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесінің деректері бойынша облыста жалпы 1 542 493 бас мал тіркелді. Жоспарға сәйкес 2024 жылдың 6 айында ірі қара малдың 107 515 бас жас төлін, 117 625 бас ұсақ мал және 9 796 бас жылқы төлін бірдейлендіру жоспарланған.
— Қазіргі уақытта облыс бойынша қойдың саны 712,1 мың бас, ешкі 80,1 мың бас, жылқы 304,5 мың бас және құс 1 058,8 мың бас тіркелген. Мал шаруашылығындағы тиімділікті арттыру үшін ауыл шаруашылығы жануарларының өсірілетін тұқымдарының генетикалық әлеуетінің деңгейін арттыру, мал санының өсу қарқынын жеделдету және жануарлардың өнімділік деңгейін арттыру үшін селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты жетілдіру қажет. Бүгінде облыста ІҚМ асыл тұқымды аналық мал басын өсірумен айналысатын 168-ден астам шаруа қожалығы бар. Етті бағыттағы ірі қара малдың асыл тұқымды аналық басы –
қазақ ақбас, герефорд, абердин-ангус, әулиекөл және сүтті бағыттағы –
симменталь, голштин, қызыл-дала өсіріледі. Қойлардың асыл тұқымды аналық басын өсірумен 21 шаруашылық айналысады, оларда 20 700-ден астам бас ұсталады. Ал бір шаруашылық саны 5 мың бастан асатын ешкілердің асыл тұқымды аналық басын өсірумен айналысады. Жылқылардың асыл тұқымды аналық басын өсірумен
15 шаруашылық айналысады, оларда 13 000-нан астам бас ұсталады. Өңірде көбінесе қазақтың «Жабы» тұқымды жылқыларының асыл тұқымды мал басы басым, — деді Қ.Байсаринов.
Сонымен қатар, бөлім басшысы мал шаруашылығы саласын дамыту мақсатында ҚР АШМ министрінің бұйрығымен бекітілген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру қағидаларына сәйкес мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. Ағымдағы жылы аталған бағдарлама бойынша 7,2 млрд теңге бөлінді.
— Мал шаруашылығында мемлекеттік қолдау субсидиялаудың 37 бағыты бойынша жүзеге асырылады. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудың 25 бағытына 3,2 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру бойынша 4 млрд теңге қарастырылған. Қалған бағыттар бойынша 2025 жылғы
1 қаңтардан бастап есептік нөмірлердің болуы қажет. Өтінімдерді қабылдау Ауыл шаруашылығы жануарларының орналасқан/тіркелген жері бойынша жүзеге асырылады. Тауар өндірушіде субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде дербес тіркелу үшін ЭЦҚ болуы қажет, —
деп толықтырды ол.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.