Дамығысы келгенге — демеу

Шіл 24, 2025

Тереңкөл ауданына қарасты Әулиеағаш ауылының тұрғыны Альтаир Сауырбаев бала күнінен төрт түлік өсірудің қыр-сырын біледі. Әкесі Ерболат бастаған кәсіпті жалғастырып келеді. Мал басын көбейтіп, ісін ілгерілетуде. Шаруа үшін малды қысқы азықпен қамту әрдайым басты мәселе екені анық.

Альтаир Ерболатұлы да қорадағы қойы мен сиырын, жылқысын алты ай қыстан аман шығару үшін ерте қамданады. Бұл ауқымды жұмыста адам күшінен бөлек техниканың іркіліссіз істегені қажет. Ескі техника жиі істен шығып, жұмыстың берекесін қашырады. Сондықтан, шаруашылықтың шашауын шығармай, жаздың бірнеше айында алаңсыз мал азығын әзірлеу үшін іскер азамат жаңа трактор сатып алуды жөн санайды.

— Техниканың бағасы арзан емес. Екінші деңгейлі банктердегі несиенің пайызы жоғары. Сол себепті мем-
лекеттің көмегіне жүгіндім. Аудандық әкімдіктен кәсібін дамытып, кеңейткісі келген ауыл азаматтарына қолдау барын естіп, өтініш бердім. Нақтысы, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатыстым. Бизнес жоспарымды түзіп, тапсырдым. Төмен пайызды несие алып, су жаңа трактор сатып алдым, — дейді «Альтаир» ауыл шаруашылығы — өндірістік кооперативінің жетекшісі Альтаир Сауырбаев.

Ол бағдарлама аясында мемлекеттен 14 миллион теңгеге жуық несие алды. 7 жыл ішінде бұл берешекті небары 2,5 пайыздық мөлшерлемемен қайтарады. Іскер азамат бағдарламаның өте тиімді екенін айтады.

«Ауыл аманаты» бағдар-ламасының тиімділігін ескеріп, ауылдық елді мекендерде іс бастағандар аз емес. Мәселен, биылдың өзінде облысымызда дәл осы бағдарлама аясында ауыл тұрғындарын қолдауға 2 млрд теңге қарастырылды. Жеңілдікті несие өз ісін дамытуға ниетті ауыл азаматтарына беріледі. Әлбетте, ауыл шаруашылығына басымдық беріледі.

Облыстық ауыл шаруашы-лығы басқармасының мәлімет-інше, былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасына 2,6 млрд теңге бағытталған. Оның 20 пайызы мал басын сатып алуға жұмсалған. 2023 жылы бастау алған «Ауыл аманаты» бүгінде ауылдықтар тарапынан жоғары сұранысқа ие жобаға айналды. Себебі, ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңіл-детілген несие ала алады. Сонымен қатар, техниканы лизингке рәсімдеу мүмкіндігі бар. Қарыз алу шарттары да өте тиімді. Өйткені, несиенің пайыздық мөлшерлемесі әлдеқайда төмен. Яғни, несие 2,5 пайызбен 5 жылға беріледі. Ал мал шаруашы-лығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы жобаға қатысқандарға жеңіл-детілген кредит 7 жылға дейін үлестіріледі. Бағдарламаның алғашқы жылында аймағы-мызда 192 азамат жеңілдетілген несие алған. Былтыр 175 ауыл тұрғыны іс бастады, кәсібін кеңейтті.

Жалпы, өңірімізде шаруаларды мемлекеттік қолдаудың түрлі тетігі қолданылады. Басқарма өкілдерінің айтуынша, агроөнеркәсіп кешені саласында инвестициялық жобаларды несиелендіру мүмкіндігі бар. 2023 жылы 10 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат 4,4 мың бас малға арналған төрт жобаны қаржыландыруға жұмсалған. 2024 жылы 4 млрд теңге сомасына сегіз жобаға қолдау көрсетілген. Биыл 13 жаңа жобаны іске асыруға 11 млрд теңге үлестіру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, ауыл шаруа-шылығы өнім өндірушілері «Бәйтерек» холдинг құрылым-дары арқылы жеңілдікті несиелер алуға болады. Мәселен, аграрлық несие корпорациясы көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстарын «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары арқылы қаржыландырады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын қамтитын «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары тағы бар. Техника паркін жаңартуға ниетті шаруалар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасын лизингке ала алады.

 Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.