Егіншілер тосылған жоқ

Қаз 16, 2025

Аймағымызда бір күнде көп мөлшерде қар түсті. Өңірде ауа райының күрт өзгеруі егін шаруашылығына әсер еткені анық. Диқандар дайын болды ма?

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, облысымыз егін науқанына ерте кіріседі. Астық ору тамыз айының 18-нде басталып, қазан айының екінші онкүндігіне дейін жалғаспақ. Осы уақыт аралығындағы егін шаруашылығындағы деректер төмендегідей:

Ағымдағы жылдың 13 қазанындағы жағдай бойынша 920,2 га астық жиналған. Дәнді дақылдарда 783,5 мың гектар жалпы жұмыс жоспарының 94 пайызы орындалды. Астық жинау науқанында 96,9 мың гектар майлы дақылдар орылып алынды. Бұл өз кезегінде тиісті майлы дақылдардың 19 пайызы орылды дегенді білдіреді. Ал көкөністердің 90 пайызы қоймаға жөнелтілген, сондай-ақ бақша өнімдері толыққанды жиналған.

— Қардың көп мөлшерде түсуі Ертіс өзеніне іргелес аймақта тіркелген. Далалық аймақта қар айтарлықтай мөлшерде байқал-мады. Қазірде егістіктерде жұмыс жалғасуда. Оған соншалық кедергілер жоқ. Ешқандай шаруа қожалықтарынан өтініштер мен шағымдар түспеді. Дәнді дақылдарды жинау жұмыстары уақы-тылы аяқталады. Майлы дақылдарды жинау жұмыстары негізінен алғашқы аяздардан кейін басталады. Сәбіз және қырыққабат сияқты көкөніс дақылдары төмен температураға және қысқамерзімді аязға төзімді, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы Гүлмира Әйткенова.

Жауаптылардың айтуынша, жауған қар аймақта егін жинау науқанына үлкен кедергі келтірмейді. Себебі, дәнді дақылдардың негізгі бөлігі алғашқы қар түскенге дейін жиналды. Ал қар астында қалған дақылдар кептіруден кейін сапасына қарай тұтынуға жарамды болады. Ол — азық-түлік ретінде де, мал азығы үшін де пайдалануға болады деген сөз.

 Сара АВДОЛ.