Ел дәулеті молая берсін

Қар 13, 2025

Павлодар облысының агроөнеркәсіптік саласы биыл да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Айталық, өңір шаруалары картоптың рекордтық көлемі – 895 мың тонна өнім жинады. Егістік алқабының аумағы, инвестициялық қаражат, жаңа жобалардың қатары артты. Шаруаларға арзандатылған жанар-жағармай, жеңілдетілген несиелер де берілді.

Биылғы кезең өңір шаруалары үшін сәтті өрілді деп айтуға толық негіз бар. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, ауа райының қолайлы болуы арқасында жерден нәпақасын тауып отырған кәсіпкерлер үшін жыл жемісті болды. Айталық, ауыл шаруашылығы өнімдерін жинайтын алқаптың көлемі былтырғымен салыстырғанда 78,7 мың гектарға артып, 1 445,4 мың гектарға жетті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінде 836,8 мың гектардан дәнді дақыл жиналды. Бұл ретте гектарынан 13,2 центнер, жалпы 1 105,8 мың тонна өнім алынды. Отандық нарыққа сапалы картобымен танымал біздің өңір шаруалары биыл да мол өніммен қуантты. Бұрын-соңды жиналмаған көлем – рекордтық 895 мың тонна картоп алды. Өнімділік те жоғары. Әр гектардан 296 центнер шықты. Ал көкөністердің жалпы көлемі 224,9 мың тонна, бақша дақылы 82,9 мың тоннаға жетті. Сол сияқты бүгінде 381,4 мың гектар жерден 438,5 мың тонна майлы дақыл жиналды.

— Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 33,2 мың тонна көлемінде арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Бұл өткен жылға қарағанда 2,9 мың тоннаға көп. Операторлық қызметтерді есепке алғанда бір тонна отынның бағасы 291 теңгені, литрге шаққанда бір литрге 244 теңгені құрады. Ол нарықтағы бағадан 67 теңгеге арзан. Осы уақытқа дейін бар-лығы 30 048 тонна өтініш беріліп, 26 588 тоннасы төленіп, 24 793 тонна шаруаларға жеткізілді. Ал астықты кептіруге 1400 тонна дизель отыны, 2000 тонна газ қарастырылды, — дейді басқарма басшысы Әділ Исин.

Жиналған өнімді сақтау үшін облыста жалпы сыйымдылығы 277 мың тонна болатын алты лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны, 912 мың тоннаға арналған 263 қойма және 541,8 мың тонна өнім сақтайтын 153 көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Оның ішінде 133 қойма заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жыл соңына дейін жалпы сыйымдылығы 53,8 мың тонна болатын тағы төрт заманауи қойма ашу ойда бар.

Жалпы, облыс басшылығы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға баса назар аударып келеді. Бұл ретте аймақ басшысы Асайын Байханов инвестиция тарту, өнімді терең өңдеу, мал шаруашылығын дамыту, экспортты ілгерілету, агрохабтар құру және цифрлық технологияларды енгізу сынды басым бағыттар белгіленгенін атап өткен болатын. Бұл мақсатқа жету үшін өңірде агроөнеркәсіптік салаға инвестиция тарту, егіс алқаптарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Айталық, осы жылдың сегіз айында аталмыш салаға 124,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл дегеніңіз — Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешенге салынған әрбір бесінші теңге павлодарлық диқандардың үлесіне тиесілі деген сөз .

Шаруаларға жеңілдетілген несиелер, субсидиялар беру бағытындағы істерге де ерекше мән берілуде. Биыл өңір шаруаларына 54 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Павлодар» ӘКК арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілері «Агробизнес» және «Кең дала» бағдарламалары аясында несиелер алды. Барлық деңгейдегі бюджеттерден субсидияға, өсімдік, мал шаруашылығын және қайта өңдеу саласын дамытуға 30 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын тиімді жүргізуге, шаруашылықтарды жаңғыртуға, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Осындай игілікті істің нәтижесінде кәсіп аясын кеңейтіп отырған шаруашылықтардың бірі – Успен ауданындағы «Галицкое» ЖШС. Серіктестік басшысы, таяуда ғана Президент қолынан «Отан» орденін алған кәсіпкер Александр Касицин «Кең дала 2» бағдарламасының тиімділігіне тоқталды.

— Жылдық 5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен берілген несие шаруалар үшін уақытылы әрі айтарлықтай көмек болды. Негізгі қарызды өтеу кестесі де қолайлы: 50 пайызын жұмыс жүргізілген жылдың 1 желтоқсанына дейін, қалған 50 пайызын 1 наурызға дейін төлеуге мүмкіндік бар. Бұл бізге тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай сатып алып, техникамызды дайындауға мүмкіндік берді, – дейді кәсіпкер.

Ауыл шаруашылығы саласын қолдау жұмысы мұнымен тоқтап қалмақ емес. 2025-2027 жылдары өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын терең өңдейтін 10 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Инвестициялардың жалпы көлемі — 21,1 млрд теңге. Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан жобалардың қатарында тәулігіне 3 тонна өнім өндіретін «Буренка» ЖШС сүт өңдеу зауыты, жылына 30 мың тонна күнбағыс өңдейтін «Ертіс Агро» ӘКК май зауыты, тәулігіне 30 тонна 13 түрлі жарма өндіретін «Жандос ПВ» ЖШС жобасы, «Агротехника Дидар» ЖШС диірмен кешені және қытай-
лық Jiangsu Yingda Supply Chain Co. Ltd. компаниясы жүзеге асырып жатқан күнбағыс майын өңдеу зауыты бар.

16 қараша – ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында осы салада бел жазбай еңбек етіп, маңдай терін төгіп жүрген барша жанның жұмысына жеміс тілейміз. Агроөнеркәсіп –
отандық экономиканың негізгі тірегі. Олай болса, бұл сала алдағы уақытта да ілгерілеп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруден бастап, оны терең өңдеп, экспортқа шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек құрылса екен дейміз.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.