Ерте қамдануға көмегі көп

Қаз 9, 2025

Азық-түлікпен қамту – бүкіл әлемде алғашқы орындағы міндеттердің бірі. Сондықтан, бұл бағытқа қашанда биліктің көңілі алабөтен. Қолдау шаралары да көптеп көрсетіледі. Мәселен, көктемде диқандар дер кезінде егін егуді бастауына жағдай жасау үшін де қаржылық демеу жасалады. Көктемгі маңызды науқанға ерте қамдану қажеттілігін де Президент айтқан еді. Сол тапсырмаға сай міндетті іске асыру және қолдау шараларын барынша жетілдіру үшін жұмыстар қолға алынған. Соның бірі – «Кең дала — 2» бағдарламасы. Ағымдағы айдың бірінен бастап бағдарламаға өтінім қабылдау басталды. Бұл кімдерге арналған, оның талаптары қандай? Қашанға дейін өтінім беруге болады? Міне, осы сұрақтарға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қаржылық құралдар бөлімінің басшысы Қымбат Сейітқалиева жауап берген еді.

– Қымбат Саттарқызы, 1 қазаннан бастап елімізде «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталғаны белгілі. Бұл бағдар-ламаның басты мақсаты қандай? Тиімділігі неде?

– Бұл бағдарламаның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы өндірушілерін аванстық тұрғыда қаржыландыру. Яғни, шаруаларға айналым қаражатын толықтыруға несие беріледі. Мұндай қолдау көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын нәтижелі жүргізу үшін жасалып отыр. Қаржылық қолдау жаңа көктемгі ауыл шаруашылығы маусымына кешенді түрде дайындалуға мүмкіндік береді. Бұл дегеніңіз, техникасын уақытылы жөндеуге, қажетті тұқым қорын толықтыруға да септігін тигізеді.

Қаражат өнімділікті арттыру және тиісінше еліміздің азық-түлік бағдарламасын қамтамасыз ету, өнімнің өзіндік құнын төмендету, аграрлық салада өндірістің тиімділігін арттыру, Қазақстанда өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бөлінеді.

–  Бағдарламаға қатысуға кімдер өтінім бере алады? Қандай талаптары бар?

– Ауыл шаруашылығында, нақтысы, егін шаруашылығымен айналысатын қожалықтар қатыса алады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші өнеркәсіп бойынша қызмет ететін заңды және жеке тұлғалар өтінім бере алады. Яғни, осы саладағы шаруа қожалықтары, фермерлік қожалықтар, жеке кәсіпкерлер қолдау шарасын қолдануға құқылы.

– Шаруаларға берілетін несиелік қаржының көлемі бойынша шектеу бар ма? Қандай пайызбен беріледі?

– Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қаражаттың қайта-рымдылығы мен кепіл мүлкінің жеткіліктілігін ескере отырып, егістік дақылдар мен алқаптарына байланысты шығыстардың нормалары есептеліп, қаржыландырылады. Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5 пайызбен беріледі.

– Бұл бағдарламаға қанша қаржы қарастырылған? Қазіргі таңда қанша өтінім түсті? Өтінім қабылдау қай уақытқа дейін қабылданады?

– Қазіргі уақытта диқандар қаржыландыруға өтінімдер беру үшін құжаттар жинауда. Өтінімдерді қабылдау басталды. Ерте қаржыландыруға еліміз бойынша 100 млрд теңге бөлінді.

– «Кең дала-2» бағдар-ламасына қатысу үшін қайда жүгіну қажет?

– Шаруалар «Кең дала-2» бағдарламасына өтінім беру үшін «Аграрлық несие корпорациясының» аймағымыздағы филиалына жүгінеді. Корпорацияның облыстық филиалы Павлодар қаласы, Луговая көшесі, 16 мекенжайында орналасқан. Kcell, Activ, Beeline абоненттері 5353 call-орталығына,  Tele 2, Altel абоненттері +7 775 007 68 07 телефон нөміріне хабарласа алады. info-pvl@agrocredit.kz электрондық поштасы арқылы да хат жолдау қарастырылған.

Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.