Өткен аптада Павлодар облысына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин келді. Елордалық меймандар өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездесіп, егістік алқаптарын суару мәселелері бойынша кеңейтілген республикалық жиын өткізді.

 

Жаңа жоба – өңірде

Алдымен Үкімет мүшелері «Жайлау» әлеуметтік фермерлік базарына ат басын бұрып, дүкен сөресіндегі тауар бағасы мен өнім сапасына назар аударды. Сонымен қатар, жергілікті өнімге ветеринарлық ұйымдармен берілетін анықтамалары жеке QR-кодпен жабдықталған электрондық қосымшамен танысты. Айта кетейік, бұл қосымша арқылы мал қозғалысын мониторингілеуге болады. Яғни оның көмегімен облыс бойынша үй аулаларындағы барлық мал басы есепке қойылады. Жобаға сәйкес мал дәрігерлері беретін барлық анықтамаларда бұдан былай QR-код енгізілмек. Бұл пилотты жоба қазіргі уақытта біздің өңірде және Алматы мен Жетісу облыстарында жүзеге асуда. Жобаны таныстырған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин алдағы уақытта барлық ауылдық округтерде сараптама зертханасымен қамтамасыз етілген мал сою пункттерін ашу қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, бұл сандық жүйе бүкіл өңірлерде 2025 жылға дейін енгізіледі.

Бұдан соң, Премьер-Министрдің орынбасары Павлодар ауданы Кемеңгер ауылындағы Павлодар тәжірибе орталығына барып, ондағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа тұқымдары мен будандарын шығару және тарату, сондай-ақ, агротехнологияны енгізу, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру жұмыстарымен танысты. Ғылыми-зерттеу орталығының мамандары гибридті тұқымдарды дұрыс таңдау, топырақты қоректендіру, пайдалы тыңайтқыштардың түрлері, оларды таңдау ерекшеліктері мен қолдану қағидалары жайында мағлұмат-тармен бөлісіп, сала мамандарын тәжірибе алмасуға шақырды.

Суармалы алқаптар көбеймек

Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында «Достық үйінде» ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, уәкілетті министрлік өкілдері және аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен республикалық жиын өтті.

Шараға қалалар мен аудандар-дың әкімдері, салаға жауапты мекеме басшылары, облыстың ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қатысып, бейнебайланыс арқылы еліміздің басқа да өңірлері қосылды. Мәселен, Түркістан, Жамбыл және Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласының мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, аграрлық саладағы өзекті мәсе-лелерді талқылады. Сонымен қатар, жиында еліміздегі бірқатар ірі бизнес өкілдері сөз сөйлеп, суару техникасын қамтамасыз ету бойынша өз қызметтерін ұсынды.

Жиналыста Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов климаттық тәуекелдерді ескере отырып, өсімдік шаруашылығының табиғи құбылыстарға тәуелділігін барынша азайту міндеті тұрғанын атап өтті.

– 2023 жылы 3,3 мың гектар алқапта суару бойынша 6 жоба іске асырылды, тағы 6 жобаны іске асыру жалғастырылады. Біз суармалы жерлердің жалпы көлемін 175 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Суармалы жерлерді инвестициялық субсидиялау бағдарламасы бойынша біздің өңірге 2,4 млрд теңге бөлініп, игерілді. Облыс бойынша шетелдік маркалы жаңбырлатып суаратын 81 машина сатып алынды. 73,3 мың гектарда лиманды суаруды дамыту жұмыстары басталды. Су ресурс-тары министрлігімен бірлесіп, 2024-2030 жылдарға арналған суару жүйелерін кезең-кезеңмен қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар әзірленді, 6 жыл ішінде облыстың барлық лиманды суару жүйелерін қайта жаңарту жоспарлануда, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мұндай кездесудің Павлодар облысында өтуі кездей-
соқ еместігін атап, өңірдің суармалы жүйелерді енгізуде әлеуеті зор екендігін айтты.

– Қазақстандағы ең ірі өзен Павлодар облысы арқылы өтеді. Осы жерден Сәтбаев каналы да басталады. Сондай-ақ, облыстың суармалы егіншілік саласында тәжірибесі мол. Өткен жылы «Үлкен жоба» бойынша жеңілдетілген несиелеудің бірінші траншы арқылы тауарлы сүт фермалары құрылысына 100 миллиард теңге бөлінсе, биыл екінші транш көкөніс сақтау қоймаларын салуға, суару жұмыстарына бағытталмақ. Жалпы, ауыл шаруашылығы жобаларының қоржынында бүгінде шамамен 1,1 триллион теңгені құрайтын 400-ден астам жоба бар. Павлодар облысының жобаларды жүзеге асыруда және заманауи суару әдістерін енгізуде тәжірибесі мол. Біздің басты міндетіміз – тың жобаларды таңдау әдістерін зерделеу және оны жүзеге асыратын тәсілдерді анықтау. Жобаларды таңдау кезінде сапаға сәйкес талаптары бар отандық тауар өндірушілерге артықшылық бері-леді, – деді С.Жұманғарин.

Судың да сұрауы бар

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин биыл еліміз бойынша 1,58 миллион гектар суармалы жер өңделіп жатқанын мәлім етті. Оның айтуынша, жердің 1 млн 172 мың гектары немесе 74 пайызы жер үсті суаруымен, 227,3 мың гектары немесе 14,3 пайызы қазіргі заманғы жаңбырлату жүйелері және 97,9 мың гектары немесе 6,2 пайызы тамшылатып суару жүйесімен суарылады. Соңғы 5 жылда елімізде су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы суармалы жерлердің көлемі ұлғайған.

– Суармалы егіншілікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені сумен қамтамасыз етудің төмендігі және климаттың жаһандық өзгеруінің жалғасып жатқан жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су ауыл шаруашылығы өндірісінде маңызды рөл атқарады. Министрлік Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына «Суаруға су үнемдеу технологияларын енгізу» нысаналы инди-каторын енгізу мәселесін пысықтады. Су үнемдейтін технологияларды қолдану арқылы суармалы жерлердің көлемі 2025 жылы 450 мың гектарға дейін, ал жалпы 2030 жылға дейін 1 миллион 40 мың гектарға ұлғаяды деп жоспарлануда, – деді А.Бердалин.

Сондай-ақ, Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров атап өткендей, бүгінде ауыл шаруашылығының су тұтыну үлесі жалпы судың 65 пайызын құрайды. Оның сөзінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,8 млн гектар суармалы жердің тек 17 пайызында (312 мың гектар) су үнемдеу технологиялары қолданылады. Жағдайды түзету үшін ең алдымен суды үнемдейтін озық технологияларды енгізуді жеделдету керек.

– 2024 жылдың вегетациялық кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Су ресурстары және су шаруашылығы министрлігі мүдделі органдармен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, алдағы егіншілік маусымына дайындық жұмыстарын бастады. Осылайша, министрлік сыртқы және ішкі іс-шараларды жүзеге асыруды көздейтін 2023-2024 жылдарға арналған өсімдікаралық және вегетациялық кезеңдерге арналған Жұмыс жоспарын бекітті. 2024 жылдың вегетациялық кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында барлық су шаруашы-лығы нысандары суды сақтау мен пайдалануға қатысты сараптамадан өтеді, – деді ол.

   Қолдау шаралары қарқын алмақ

Сонымен қатар, жиын барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді суды үнемдейтін технологияларды пайдалануға ынталандыру мақсатында суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару техникасын сатып алуға қажетті субсидиялау шығындарының үлесін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайту ұсынылғанын мәлім етті. Оның айтуынша, 2030 жылы су үнемдейтін технологияларды қолдану арқылы суармалы жерлерді 1040 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл шара Қазақстан су шаруашы-лығы ғылыми-зерттеу институтының сараптамасы бойынша шамамен 2,4 км3 суды үнемдеуге, сондай-ақ, су ресурстарының өнімділігін 2,0-2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

– Инвестициялық субсидиялар шеңберінде шаруалардың суды үнемдейтін технологияларды сатып алуға, сондай-ақ, су алу мен қамтамасыз ету үшін базалық инфрақұрылымды орнатуға бағытталған 240 жобаны жүзеге асыруға 2023 жылы 18,4 млрд теңге бөлінді. Ал 2024 жылы бұл бағытта 14,6 млрд теңге қарастырылған. Сонымен бірге, 2023 жылдың
10 желтоқсанынан бастап су тарту және жеткізу инфрақұрылымын орнату кезінде ұңғымаларды бұрғылауға фермерлердің шығындарын өтеу үлесін ұлғайтуды көздейтін инвестициялық субси-диялаудың жаңа ережелері күшіне енді. Сонымен қатар, суды үнемдейтін технологияларды өндірушілерге елдер бойынша субсидия бөлу стандарттарын саралау бойынша өзгерістер енгізілді. Бұл ретте, қазіргі таңда Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын және тиісті жобаның мемлекеттік органдарға келісуіне жолданғанын айта кеткен жөн. Осылайша, жаңашылдықтардың бірі су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға, яғни бүкіл төлқұжат бойынша инвестицияларға шығындарды субсидиялау нормативін 80 пайызға артпақ, – деді А.Бердалин.

Жиын соңында Серік Жұманғарин қолда бар ресурстарды үнемдеу және дұрыс бөлу өте маңызды екенін атап, бүгінгі таңда Қазақстанда су үнемдеу технологияларын өндіру бойынша жобаларды іске асыратын мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, жиналысқа қатысушыларға осы бағыт бойынша бірқатар инвестициялық жобалар пулы таныстырылды.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.

 

Суреттерді түсірген –
Есенжол Исабек.