2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 145 млн гектар ауыл шаруашылығы жері цифрландырылды. Бұл елдің ауыл шаруашылығы алқаптары алып жатқан ауданының 77 пайызын құрайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін толық цифрландыруды 2025 жылы аяқтау жоспарлануда.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылы «Jerkarta.gharysh.kz» интерактивті картасы жаңартылды. Онда қазір барлық қайтарылған ауылшаруашылық жерлерінің орналасқан жері мен ауданы көрсетілген. Сондай-ақ, жайылымдық жерлерде тапшылығы бар аумақтардың орналасқан жері туралы деректерді интерактивті картаға енгізу бойынша жұмыстар аяқталды.

– «Барлық ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру аяқталғаннан кейін топырақтың сапалық сипаттамалары мен жайылымдық алқаптардың жем-шөп сыйымдылығы бар жеке ашық электрондық карта құрылады. Бұл қайтарылған жер телімдерін ескере отырып, қажет болған жерде жайылымға жер беру үшін аймақтың бүкіл бейнесін көрнекі түрде көруге мүмкіндік береді», – деп хабарлады ведомствода.

Бұдан басқа, қағазсыз қызмет көрсету және жер телімдерін беру рәсімін автоматтандыру үшін ЖМБМК (Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры) іске қосылды. Ақпараттық жүйе ашық қолжетімділікте жұмыс істеп, пайдаланушыларға жергілікті атқарушы органдарға өтініш беру арқылы кадастрлық картадағы учаскені таңдауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда жер телімдерін берудің электрондық тәртібі заңнамалық түрде енгізілді. Сондай-ақ, цифрлық ауылшаруашылық карталары жасалуда.

Ведомствоның мәліметінше, жерді сапалы және ұтымды пайдалануды арнайы құрылған мемлекеттік институт – «ГипроЗем» РМК қадағалайтын болады. Кәсіпорын экономикалық бағалау, жер мониторингі, топырақ, геоботаникалық, топыраққа агрохимиялық зерттеулер жүргізетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2022-2023 жылдары мемлекетке пайдаланылмаған және ауыл шаруашылығы жерлерін бұза отырып берілген 10 млн гектар жер қайтарылды. Оның 2,8 млн гектары жергілікті фермерлерге, өңірлердің тұрғындарына қайта бөлінді.

 

Әзірлеген – А.МҰҚЫШЕВ.