Бүгінде өңір шаруалары көктемгі дала жұмыстары-
ның жемісін көретін кезге келді. Алқаптарда күзгі жиын-терім жұмыстары басталып, өнім жинауға кірісті. Биыл жауын-шашынның аз болуына қарамастан картоп, сәбіз бен қызылша мол көлемде шықты. Осы орайда шаруашылықтардың біріне арнайы барып, алқаптағы қызу жұмыс барысымен танысып қайттық.
Жаз ортасы – ерте өнім беретін көкөніс сұрыптарының пісетін кезеңі. Қазіргі таңда өңірдегі бірқатар шаруа қожалығы өнім жинауға кірісті. Бірнеше жыл қатарынан өнімнің ерте пісетін сұрпын өсіріп келе жатқан Павлодар ауданына қарасты Черноярка ауылдық округіндегі «Скугаревых» шаруа қожалығының алқабында жұмыс қызу. Шаруалардың сөзінше, бүгінге дейін ерте сұрыпты картоптың жартысы жиналған. Бұл отбасылық еңбектің жемісі екенін алға тартады қожалық иесі Ольга Скугарева.
— Биыл осы кәсіппен айналысып келе жатқанымызға 25 жыл болады. Екі баламмен бірге жыл сайын өнімді жаңа деңгейге жеткізіп, оны еліміздің нарығында сатамыз. Дәл қазіргі жиналып жатқан көкөністерді басқа қалаларға жібереміз. Тұрақты тұтынушыларымыз — Астана, Қарағанды, Шымкент және Алматы қалаларының тұрғындары. Жалпы, 47 гектар жерге ерте сұрыпты картоп, аралас сұрыпты сәбіз және қызылша ектік. Бүгінге дейін жұмыстың бел ортасына жеттік. Ал егістік бойынша жалпы жер көлемі 87 гектарды құрайды, — дейді ол.
Қожалықта ерте пісетін сәбіздің «Каспий F1» сұрпын жинау жұмыстары да жоспарлы орындалып келеді. Олар түйнекті дақылдың «Лита» сұрпын бастапқыда көрші Ресей елінен сатып алған. Әлбетте шетелден алдыратын тұқымның бағасы да жоғары болатыны анық. Алайда кәсіпкердің сөзінше, өнімнің жақсы шығатынына кепілдік беретін – осы тұқымның сапасы.
Шаруашылықтың шығыны мұнымен шектелмейді. Биылғы жауын-шашынның аздығынан суармалы техникаға жүктеме де көп түскен. Бастысы, өнім уақытында піскен. Алдағы уақытта қожалық тағы бір суармалы техниканы сатып алуды жоспарлап отыр.
– Техника үнемі жаңарып отыруы керек. Қазір шаруашылықты бұрынғы тәсілмен жүргізу қиын. Заманауи техниканың жұмысы жеңіл, өнімділігі жоғары. Сондықтан алдағы уақытта суаруға арналған жаңа техника алуды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Олар егіске қажетті техниканың көбін өз қаражатына сатып алған. Техникалар мұндағы жер теліміне, атқарылатын жұмысқа жеткілікті.
Ауа райына байланысты ерте суық түсетіндіктен мұнда бірнеше жыл қатарынан картоптың тек ерте сұрпы егіліп келеді. Ал суыққа төзімді көкөністерді жинау алғашқы суық түскенге дейін жалғасады.
Кейде ауыл шаруашылығындағы еңбек сырт көзге тек техника мен алқаптан тұратын жұмыс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның артында күннің ыстығына да, таңғы салқынға да қарамай еңбек ететін адамдар бар. Егіс басындағы жұмыс уақытпен шектелмейді. Әсіресе жиын-терім кезінде таңның атысынан күннің батысына дейін далада жүруге тура келеді.
– Кәсібіңе дәл өзіңдей ешкім жауапкершілікпен қарамайды. Сондықтан барлық істі ұлдарыммен бірге атқарамыз. Өзім де таңғы үштен тұрып, төртте егіс басына келемін. Өйткені күн ысып кеткенге дейін біраз жұмысты істеп үлгеру керек, – дейді ол.
Евгений мен Игорь Скугаревтар үшін ең маңыздысы – жұмыстың сапалы орындалуы. Олар маусым бойы баптаған өнімін жинау кезеңінде осалдық танытуға болмайтынын атап өтті. Әрқайсысының өзіне жүктелген жұмысы болғанымен, маңызды шешімдер ортақ қабылданады. Жерді дайындаудан бастап, тұқым салу, суару, жинау, сақтау және өнімді өткізуге дейінгі жұмыстардың барлығы ортақ келісіммен жүзеге асады.
Бұдан өзге, шаруашылықтың техникалық базасы да жыл сайын жаңарып келеді. Мұнда бірнеше трактор, тұқым сепкіш, қопсытқыш, сәбіз жинауға арналған комбайндар және картоп еккіш техникалар бар. Биыл шаруашылық өз қаражатына Қытайда өндірілген сабақ кескіш техника сатып алған.
Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде шаруашылық талай қиындықты бастан өткерген. Алғашқы жылдардағы техника тапшылығы, қол еңбегі, ауа райының қолайсыздығы, шығынның көптігі сарсаңға салған. Алайда, мұның бәрі шаруаларды шыңдаған тәжірибеге айналған. Бүгінде бұрынғы қиындықтардың орнына жаңа міндеттер келді. Ендігі мақсат – кәсіпті одан әрі жетілдіру, техниканы жаңарту, суару жүйесін дамыту және өнім көлемін арттыру.
Сара ӘБДОЛ.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
