Аймақтағы астықты аудандардың бірі саналатын Ертіс өңірінде егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Облыс әкімі осы өңірге барған іссапар барысында бірқатар шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысып, егіс алқаптарына ат басын бұрды.
Алдымен аймақ басшысы Ертіс ауданының Қызылқақ ауылындағы «Меңдеш» шаруа қожалығының егістік алқаптарын аралады. Аталған қожалықтың басшысы Нұржан Усиннің айтуынша, биыл 22 мың гектардан астам жерге дәнді және майлы дақылдар егілген.
– Бүгінгі күні астық жинау науқаны қауырт жүріп жатыр. Қуантарлығы, техника жеткілікті. Жыл сайын заман талабына сай, яғни автоматтандырылған техникалар шығуда. Біз де мемлекеттік бағдарламалар бойынша соңғы үлгідегі техникаларды лизинг арқылы алып, пайдасын көрудеміз. Сонымен қатар, шаруа қожалығы жаңа құрылғылармен толығуда. Мәселен, биыл бидай тазалайтын арнайы құрылғы сатып алып, орнаттық. Соның көмегімен тонна-тонна бидайды жылдам тазалап, қоймаға жеткізудеміз. Жергілікті әкімдікпен қоян-қолтық жұмыс істеп, маман мәселесін де шешудеміз, – дейді шаруа қожалығының директоры. Оның сөзіне қарағанда, мұнда 30-ға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Сондай-ақ, 30-дан астам адам еңбек етеді. Олар да шаруа қожалығының жыл сайын дамып келе жатқанына қуанышты екендіктерін айтуда. Солардың бірі – Қуандық Темірбаев:
– Мен осында 20 жылға жуық уақыт механик әрі слесарь болып жұмыс істеп келемін. Соңғы жылдары заманауи техникалардың арқасында шаруамыз едәуір жеңілдеуде. Мысалы, астық тазалайтын машинаның көмегімен тәулігіне 100-200 тоннаға дейін өнім өңдеуге мүмкіндік бар, – дейді.
Қуантарлығы, «Меңдеш» шаруа қожалығы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да үлкен үлес қосуда. Айталық, соңғы бес жылдың ішінде елді мекенде 10 қоспақ үй салып, өз қарамағында жұмыс істейтін азаматтар мен алыс-жақыннан қоныс аударушыларға берген. Ал келесі жылы тағы да 10 отбасына арналған 5 қоспақ үй салуды жоспарлауда.
Облыс әкімі Ертіс ауданындағы сапар барысында «Абай» ЖШС және «Нұрас» шаруа қожалықтарының егістік алқаптарына барып, диқандармен жүздесті. Аталған шаруа қожалықтары да егін жинау жұмыстарын ойдағыдай жалғастыруда.
Ертіс ауданының әкімі Нығман Жүсіповтің айтуынша, биыл өңірдегі 324,6 мың гектар жерге егін салынған. Оның ішінде 190,8 мың гектарға дәнді, 105,9 гектарға майлы дақылдар, ал қалған жерге көкөністер мен мал азығы үшін жем-шөп дақылдары егілген. Диқандарға қолдау көрсету мақсатында жалпы сомасы 3,8 миллиард теңгені құрайтын
48 жеңілдетілген несие беріліп, төмендетілген бағамен 6,5 мың тонна дизель отыны үлестірілген. Сонымен қатар, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 5 миллиард теңгеге 68 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.
Ерекше атап өтерлігі, Ертіс ауданынан жиналатын астық өнімдері сапасы жағынан жоғары саналатыны анықталған. Мәселен, мұндағы кейбір шаруашылықтардағы астық құрамындағы протеин мөлшері 28–29 пайызға дейін жететін көрінеді. Мұндай көрсеткіш жоғары сапалы астық санатына жатады, дейді мамандар. Жалпы алғанда, бұл өңірдегі
астықтың шамамен 50–60 пайызы жоғары сапалы өнім болса, қалған бөлігі 3-4-сыныптағы астыққа жатады екен.
Айта кетерлігі, биыл қуаңшылыққа қарамастан Ертіс ауданында дәнді дақылдардың өнімділігі ойдағыдай болды, дейді диқандар. Аймақтағы жағдай да жаман емес көрінеді. Бұл ретте, Асайын Байханов жалпы облыс бойынша да күзгі жиын-терім науқаны өз деңгейінде жүріп жатқанын атап өтті.
– Биыл Павлодар облысында күзгі егін жинау жұмыстары 1 млн 548 мың гектар алқапта жүргізілуде. Қазіргі таңда өңірдегі бірқатар шаруашылықтарда дәнді дақылдарды жинау жұмыстарының шамамен 70 пайызы аяқталған. Қалған алқаптағы жиын-терім жұмыстарын 10 қыркүйекке дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егіс алқаптарын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Жалпы, егіс алқабының 650 мың гектарға жуығына майлы дақылдар егілген. Бұл дақылдардың ерекшелігі –
оларды күз айларында ғана емес, ауа райы қолайлы болған жағдайда қыс мезгіліне дейін жинауға мүмкіндік бар. Сондықтан шаруалар майлы дақылдарды қалың қар түскенге дейін жинап алуға басымдық беруде. Ал дәнді дақылдарды жинау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргі-зіліп жатыр. Соңғы үш жылда облыста дәнді дақылдардың егіс көлемі біртіндеп қысқартылды. Бұған дейін өңірде 900 мың гектарға дейін дәнді дақыл егілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 760 мың гектарды құрайды, – деді облыс әкімі. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта жиналған дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 18 центнер, яғни әр гектардан шамамен 1,8 тонна өнім алынуда. Жиналған астықтың бір бөлігі қоймаларға орналастырылып, қалған өнімді жинап алу және элеваторларға өткізу жұмыстары жалғасуда.
Мал азығын дайындау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде аймақ бойынша қажетті мал азығының шамамен 80 пайызы дайындалған. Көкөніс жинау ісі де жоспарға сай.
– Біздің облыс республика бойынша көкөніс өндірісінде де маңызды орын алады. Елімізде өсірілетін әрбір үшінші картоп пен сәбіз өңір шаруашылықтарына тиесілі. Қазір картоп, сәбіз және өзге де көкөністерді жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, биылғы өнім көлемі өткен жылғы көрсеткіштен кем болмайды. Дәнді дақылдар ғана сәл төмендеу болуы мүмкін, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Нұржайна ШОДЫР, Ертіс ауданы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.

