Еселі өнім күтілуде

Там 28, 2025

Аймақта егістік алқаптары әртараптандырылып, дәнді дақылдарға тәуелділік төмендеп, есесіне жоғары бәсекеге қабілетті әрі сұранысқа ие дақылдарға басымдық берілуде. Жалпы, биыл егін алқабы 78,7 мың гектарға ұлғайып, 1 млн 445 мың гектарға жеткен. Картоп егілген аумақ 6 мың гектарға артқан. Биыл рекордтық көрсеткіште картоп жиналады деп болжанып отыр. Ендігі мақсат — өскен өнімді шашпай-төкпей жинап, кәдеге жарату.

Жиын-терім жұмыстары облыс әкімдігінің аппараттық жиынында талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаеваның мәлімдеуінше, алдағы науқанда 2 млн 670 мың тонна жалпы өнім жиналады деп күтілуде. Өткен жылғыдан 13 пайызға жоғары деңгейде. Диқандарды қолдауға 6 млрд теңгенің субсидиясы үлестірілген.

Қазіргі таңда 35,5 мың гектардан ауыл шаруашылығы дақылдары орылыпты. Дәнді дақылдардың өнімділігі гектарынан орташа есеппен 10 центнерден айналуда. 1,7 мың гектардан картоп жиналған. Орташа шығымдылық — гектарынан 252 центнер. Арзандатылған жанар-жағармаймен толық қамтылған. Енді астықты кептіруге қажетті газ бен дизель отынына министрлікке өтінім жолданған. Облыста жалпы астықты толық көлемде сақтауға қойма жеткілікті көрінеді. Одан бөлек, сыйымдылығы 541,8 мың тонна болатын 153 көкөніс сақтайтын қойма бар. Олардың 133-і заманауи жабдықтармен жабдықталған. Жыл соңына дейін тағы төрт қойма іске қосылады. Облыс қажеттілігіне маусымаралық кезеңге 10 мың тонна картоп және 3 мың тонна сәбіз сақтауға салуға ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен меморандум жасалған. Картоп көп көлемде жиналатынын ескерген облыс әкімі Асайын Байханов оны сақтау мәселесіне мән берді.

— Егін көлемі рекордтық деңгейге жетеді деген болжам бар. Әсіресе картоп көлемі көп болмақ. Биыл монодақылдардан майлы дақылдарға ойысу ісі жақсы ұйымдастырылды. Аудан, ауыл әкімдеріне дейін атсалысып, іске асты. Алқабы 5 мың гектарға ұлғайды. Өнім көлемі де артады деп күтілуде. 800 мың тоннадан астам картоп жиналмақ. Оның отыз пайызы жиын-терім кезінде сатылса, қалғаны шамамен 500 мың тоннадан астамы қоймаларда сақталады деп болжануда. Бұл жұмыста аудан-қала әкімдері жұмысты жүйелі үйлестіруге араласуы тиіс, — деді облыс әкімі.

Малдың азығын әзірлеу ісі де пысықталды. Биыл облыста барлығы 405 мың бас ірі қара, 615 мың қой-ешкі, 275 мың жылқы қыстаққа кіреді. Оған шамамен 1 млн 259 мың тонна шөп, 97 мың тонна пішендеме, 197 мың тонна сүрлем, 310 мың тонна сабан дайындалмақ. Ә.Қабылтаеваның айтуынша, қазіргі таңда 1 млн 253 мыңгектар шабындық, 1 млн тонна шөп шабылған. Оның 483 мың тоннасы іргеге жеткізіліпті. 42 мың тонна пішендеме, 46 мың тонна сүрлем, 31,5 мың тонна сабан дайын. Өткен жылдан қалған 618 мың тонна шөп тағы бар.

— Күзгі жиын-терім жұмыстары, малды қысқы азықпен қамту мәселелері аса маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар бақылауда болуы тиіс. Ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымдарының қажетті көлемін қамтамасыз етуге көңіл бөлінуі керек. Биыл 25 қазанға дейін мал азығы қораға жеткізіліп, маялап, шөмелелеуді аяқтауды тапсырамын. Егістік көлемі артты, енді өскен өнімді барынша қысқа мерзімде жинау қажет. Тасымалдау жағын үйлестіруді құзырлы органдар назарда ұстасын, — деді Асайын Байханов.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.