Жасанды интеллектке сүйеніп келе ме?

Мам 15, 2025

Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығы саласында өздігінен жұмыс істейтін құрал-жабдықтардың қатары артып, автоматтандырылған роботтарды пайдалану кең етек ала бастады. Бүгінгі таңда мұндай басқарусыз жүретін тракторлар жер жыртып, егіс егіп, су мен дәрі бүркіп, егістік алқабын арамшөптерден де тазарта алады. Бұл технологиялық үрдіс біздің облыста жүзеге асып жатыр ма? Жасанды интеллект — ауыл шаруашылығы саласында пайдаланылуда ма? Жуырда аграрлық сала мамандарының қатысуымен осы және өзге де сұрақтарды қарастырған облыстық семинар өтті.

 

Облыс орталығындағы Ақпараттық технологиялар колледжінде өткен аталмыш шараға Тереңкөл, Ақтоғай, Железин, Ертіс, Шарбақты, Успен, Баянауыл және Павлодар аудандарынан келген білім беру мекемелерінің, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары және аграрлық сала мамандары қатысты. Іс-шара барысында білім беру, агрономия, ветеринария, геоақпараттық жүйелер мен агробизнес салаларындағы жасанды интеллекттің рөлі мен болашағы кеңінен талқыланды. Әр саланың мамандары өз баяндамаларында ғылыми зерттеулерін ұсынып, тәжірибелік шешімдермен бөлісті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кәсіби диалог, пікір алмасу және жаңа идеялардың туындауы осы семинардың басты жетістігі болмақ. Ауқымды шара аясында жасанды интеллекттің ауыл шаруашылығында қолданылуына арналған ғылыми диалогқа жол ашылып, алдағы уақытта университеттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына да серпін беретініне сенімді. Мәселен, аталмыш колледждің мамандандырылған пәндер бойынша аға оқытушысы Эрик Беккер студенттерге практикалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін шетелдік білім беру платформаларын пайдалану тәжірибесімен таныстырды. Сондай-ақ, ол бүгінгі таңда дамыған елдердегі егістік алқаптарында автоматтандырылған техникалардың қатары артып келе жатқанын жеткізді.

— Қазіргі уақытта көптеген елдер жасанды интеллектпен жүретін техниканы, автоматтандырылған құрал-жабдықтарды пайдалануда. Мәселен, Аустралияда «SwarmFarm Robotics» компаниясы арамшөп жоятын роботтарын лизингке беріп жүр. Олар сонымен қатар шөп орып, оны буа алады. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл роботтар әдетте мұндай жұмыс атқаратын машиналардан едәуір кіші әрі ақылды. Аталмыш роботтар өсімдіктердің түсін ажыратып, химикаттарды тек арам- шөпке себе алады. Қыруар қаражат үнемдеумен қатар, аз мөлшерде химикат қолдануымыз қоршаған ортаға да пайдалы, — деді ол.

Сонымен қатар, семинар барысында «SOLID GROUP» компаниясының өкілдері Нұрлан Ахметжанов пен Денис Плаксин білім берудегі цифрландырудың келешегі мен жаңа технологияларды оқу үдерісіне енгізу мәселелерін ортаға салды. Олар цифрландыру мен AI аграрлық секторды түрлендіруде маңызды рөл атқаратынын, деректерді талдауға, процестерді оңтайландыруға және шығындарды азайту кезінде кірісті арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

— Заманауи трактор мыңдаған түрлі істі атқарады. Алайда өздігімен жұмыс істейтін тракторды автоматтандырып отыру қажет. Яғни, шаруалардың ұсынысымен оны жетілдіріп тұруымыз тиіс. Осылайша, технологиялардың дәлдігін арттыру егістік алқаптарында шағын роботтарды қолдануға жол ашады. Қазіргі уақытта фермерлер үнемі кәсібін жүргізудің тиімді жолдарын іздеп, шығындарын қысқартып, егіс өнімділігін артыруға тырысады. Осыған жетудің жалғыз амалы – дәлдік, қажетті істерді дер кезінде жасау және үлкен аудандарға төгіп-шашпай, тек қажет жерлерін өңдеу. Мұндайда автоматтандырылған роботтарды пайдалану айтарлықтай тиімді екені айтпаса да түсінікті, — деді Денис Плаксин.

Сонымен қатар, семинарда аталмыш компанияның өкілдері алдағы уақытта Ақпараттық технологиялар колледжінің студенттерімен бірлесе жұмыс істеп, оқу үдерісіне инновацияларды енгізуге уағдаласты. Қатысушылар семинар тәжірибе алмасу және аймақтың агроөнеркәсіптік кешені үшін мамандарды даярлауға цифрлық шешімдерді енгізу жолдарын талқылау алаңына айналғанын айтты.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.