Жерге дән түсті, жемісін күзден күтеді

Мау 12, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Астықты ауданда бүгінде дала жұмыстары қызу. Аудан диқандары бүгінде дәнді дақылдар алқабының 70 мың гектардан астам аумағына дән сепкен. 30 мың гектарға жуық аумаққа майлы дақылдарды егіп үлгерген. Ал ел ішінде «екінші нан» аталып кеткен картоптың тұқымын толық салған.

Железин аудандық кәсіпкерлік және  ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Қаңтарбаевтың мәлімдеуінше, биыл астықты өлкеде 208 мың гектар аумаққа егін егу жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 6 мың гектарға артық. Оның ішінде 130,5 мың гектар егістікке дәнді дақылдар дәнін себу межеленсе, 55,5 мың гектар алқапқа майлы дақылдар егу көзделіп отыр. Көпшілік сүйсіне жейтін железиндік картоп 2025 жылы 1800 гектарда өсіріледі.

Егістік алқаптарын аралау барысында аймақ басшысы Асайын Байханов шаруаларға ылғи жердің құнарлылығын арттырып, минералды тыңайтқыштарды көптеп қолдануды айтумен келеді. Яғни, болашақ ұрпақ еншісіне құнарлы жер қалдыру әрбір диқанның қаперінде болуы тиіс. Осы ретте, биыл железиндік егіншілерге кемі 17 147 тонна минералды тыңайтқыш енгізуге кеңес берілген.

— Қазіргі таңда 5 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. Аудан әкімі мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер арасында минералды тыңайтқыштарды кеңінен қолдануға қатысты меморандум жасалған. Енді қалған 70 пайызын диқандар жаз, күз мезгілінде топыраққа енгізеді деп жоспарланып отыр, — дейді Бауыржан Қайырслямұлы.

Жер-анадан нәпақасын тауып жүрген шаруалар еселі өнім алу үшін техниканың да заманауиына көшудің маңыздылығын түсінеді. Сондықтан да жыл сайын техникалар паркін жаңартып, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы көліктерін көптеп алуды жөн көреді. Биылдың өзінде аудан диқандары жалпы құны 293 млн теңге болатын 19 бірлік техника мен ауыл шаруашылығы жабдықтары сатып алынған. Олардың 16-сын диқандар өз қаражаттарына алса, қалғанын әртүрлі лизингтік компаниялар арқылы алыпты. Оның ішінде екі трактор, бес шепті жүк тиегіш және 12 дана топырақ өңдейтін құрал бар. Ал шілде айында аудан шаруашылықтарының техникалары тағы 26 данамен толықпақ. 1 млрд теңгеге осыншама техника сатып алынады.

Көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруашылықтар үшін қаржылай көмек ауадай қажет. Осы ретте, елімізде түрлі бағдарламалар арқылы жеңілдікті несиелер қарастырылған. Биыл көктемгі дала жұмыстары барысында 43 жоба қаржыландырылған. Оған 4 млрд 644 млн теңге жұмсалды. Соның ішінде 1,5 млрд теңгенің жобалары «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары бойынша «Демеу» кредиттік серіктестігі арқылы қаржыландырылса, «Павлодар ӘКК» арқылы «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 2 млрд 172 млн теңгенің 12 жобасы несиелендірілген. Сонымен қатар, «Агронесие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала-2» бағдарламасына сәйкес 500 млн теңге жұмсалған.

Егін науқанына қажетті жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай да жеткізіліпті. Ауданда көктемгі дала жұмыстарына 4 мың 45 тонна дизель отыны бөлінген.

Соңғы кезде елімізде кейбір аймақтарда егінге шегірткенің қаупі жиі айтылуда. Бұл ретте, железиндік диқандарға алаңдаудың қажеті жоқ көрінеді. Аудандық бөлім басшысының айтуынша, осы тұрғыда жағдай тұрақты. Шаруалардан ешқандай ақпарат түспепті. Жыл сайын жоспарға сәйкес үйірлі және үйірлі емес шегірткелерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Бұл жұмыстар 15 маусымнан бастап қолға алынады. Қазір дайындық шаралары басталып кеткен. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде жермен бүрку құралдары бар. Кейде диқандар өздері әуеден өңдеуге авиацияны тартады. Оған қоса, аудандағы «Қуаныш агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл  ұшқышсыз ұшатын аппарат сатып алыпты. Бұл — аппарат аудандағы алғашқы құрал. Оның көмегімен 10 минут ішінде 5 гектар алқапты өңдеуге болады, дейді Б.Қаңтарбаев.

— Жалпы, шегірткенің есебін фитосанитария мекемесінің мамандары жүргізеді. Алқаптарға шығып, үймелеген шегірткелерді көрсе, хабар береді. Әрі қарай әрекет етудің нақты алгоритмі бар. Көрші Ресей елінің іргелес өңірлеріндегі әріптестерімізбен де байланыстамыз. Көрші елден зиянкестер ұшып келуі мүмкін. Сондықтан бірлесіп әрекет етеміз, — дейді бөлім басшысы.

Ауданда бүгінде 104 қожалық егін шаруашылығымен айналысады. Олардың 30-ы – ірілері. Әрқайсысы еңбек термен қамбасын егінге толтырудан бөлек, ел-жұртқа қарайласудан қалыспайды. Әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, өздерінің елді мекенінен бөлек, аудан аумағында түрлі жобаларға қолғабыс жасайтынын айтып өткен жөн болар. Мәселен, картоп өсіретін шаруалар жыл сайын «екінші нанның» бағасын барынша тұрақты ұстауға жәрдемдеседі. Меморандумға сәйкес облыс орталығындағы әлеуметтік дүкендерден бөлек, жергілікті халықты да қыста арзан бағалы картоппен қамтуда.  Ендеше, ауданның экономикасына елеулі үлес қосатын шаруаларға биыл да былтырғыдай жайлы болғанын тілейік.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.