Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексіне түзетулер жобасын қарауға шығарды. Құжатта шаруа және фермер қожалықтары үшін арнайы салық режимін сақтау ұсынылады, бірақ бірыңғай жер салығының орнына фермерлер жеке табыс салығын төлейді.

 

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің мәліметінше, жаңа Салық кодексінде сервистік модельді енгізумен салықтық әкімшілендіруге баса назар аударылады. Салық төлеушіні тіркеу жеңілдетіліп, салық есептілігі қысқартылады. Барлық әкімшілік бақылаулар цифрландырылатын болады.

– Шаруа және фермер қожалықтары үшін ағымдағы режимді сол күйінде қалдыру ұсынылады. Тек бірыңғай жер салығының орнына ЖТС төленетін болады. Осы режим үшін тиімсіз пайдаланылған жерлер бойынша жер салығын базалық мөлшерлемеден 40 есе мөлшерде енгізу ұсынылады. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған жеңілдіктер әрбір салық бойынша жеке-жеке сақталатын болады, – деді вице-министр.

Сондай-ақ, экономиканың әртүрлі секторларында сараланған салық мөлшерлемелері енгізіледі. Базалық мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде сақталады. 10 пайыз мөлшерлемені жоғары қайта бөлінген өнімді өндіру үшін, сондай-ақ, қаржы лизингі мен әлеуметтік сала (білім беру, медицина, денсаулық сақтау) үшін енгізу ұсынылады. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін мөлшерлеме 3 пайыз деңгейінде сақталды.

 

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.