Қазақстан Үкіметі Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың
2024–2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарын бекітті. Оны іске асыруға 63,4 млрд теңге бағыттау жоспарлануда.
Тұжырымдамада Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары бойынша жоғары импортқа тәуелділік сақталатыны аталып өтті. Отандық селекциядағы жеміс-жидек, жаңғақ, көкөніс, бақша, картоп, қант қызылшасы 10 пайыздан аз. Елдің егіс алқаптарының көлеміндегі элиталық тұқымдардың үлес салмағы 7,1 пайызды құрайды.
Селекция мен тұқым шаруа-шылығын дамытудың бес жылдық жоспары тұқымдарды бақылаудың цифрлық жүйесін енгізуді көздейді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын шығару және өсімдіктердің үздік шетелдік сұрыптарын Қазақстан жағдайына бейімдеу бойынша селекция мен тұқым шаруашылығының жетекші әлемдік ғылыми орталықтарымен бірлескен жұмысты дамыту жоспарлануда. Сондай-ақ, заңнамалық және нормативтік негіздерге түзетулер енгізіледі, кіші саланың материалдық-техникалық негізі жаңартылады, жас кадрлардың келуі үшін қолайлы жағдайлар жасалады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша, нәтижесінде аграрлық сектор отандық селекцияның бәсекеге қабілетті тұқымдары мен отырғызу материа-лының қажетті көлемімен қамтамасыз етілетін болады. 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы дақылдарының 108 жаңа сұрыптары мен будандарын сынауға шығару және беру жоспарлануда. Басым дақылдардың элиталық отандық тұқымдарын пайдалану үлесін 7,5 пайыздан 14,4 пайызға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Жоспарға сәйкес отандық селекция тұқымымен егілген егіс алқаптарының үлесі 2028 жылға қарай 51,7 пайыздан 78,2 пайызға дейін өседі. Бұдан басқа, әлемдегі жетекші үш селекция және тұқым шаруашылығы ғылыми орталықтарымен бірлескен жұмысты жолға қою жоспарлануда.
Бетті әзірлеген – Алтынбек МҰҚЫШЕВ.