Екібастұз қаласында «Қазақстанмен шекаралас мемлекеттерде жылқы шаруашылығын дамытудың перспективалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда дүние жүзі бойынша мықты сарапшылар бас қосып, қамбар ата түлігін өсіру, асылдандыру сынды қазіргі жылқы шаруашылығындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қатысып, жылқы шаруашылығының өзектілігі біздің аймақ үшін қашан да маңызыды екенін атап өтті. Сонымен қатар, Торайғыров университетінің ректоры Нұрлан Медетов өз сөзінде университет отандық жылқы шаруашылығын дамытуға бағытталған ғылыми-селекциялық және өндірістік жұмыстарды белсенді түрде қолдап келе жатқанын айтты.
Конференцияға Қазақстан, Англия, Моңғолия, Ресей және басқа да елдерден 100-ден астам жетекші ғалым, зоотехниктер мен сала мамандары жиналды. Олардың қатарында Лондондағы Корольдік ветеринарлық колледжінің профессоры Денис Ларкин, Моңғолия жаратылыстану университетінің профессоры Сайполда Тохторбай, белгілі қазақстандық академиктер — Дастанбек Баймұқанов пен Нәбидолла Кикебаев және басқа да мамандар бар.
— Өңірде мал шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Міне, ғылыми топпен бірлесіп, ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткіздік. Одан кейін асыл тұқымды жылқылар көрмесін ұйымдастырдық. Басты мақсатымыз – ғылымның барлық мүмкіндіктерін қолдана отырып, Екібастұз өңірінде асыл тұқымды жылқы шаруашылығын одан ары дамыту. Жалпы, Екібастұз өңірінде 44 мыңнан астам жылқы бар. Бұл облыстағы үздік үштікке кіреді. Алдымыздағы басты міндет – ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, өңірімізде жылқының жаңа типтерін шығару. Сонымен қатар, асыл тұқымды жылқы санын көбейту. Өңірде бірнеше шаруашылық осы бағытта жұмыс істеуде. Оның бірі — «Анар» фермерлік шаруашылығы. Алдымызға нақты жоспарлар қойдық. Оны ғалымдармен бірлесіп жүзеге асыратын боламыз, — деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Конференция ғылыми жетістіктер мен тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналды. Сарапшылар селекция, генетикалық зерттеулер, саланы цифрландыру және жайылымдарды тиімді пайдалану мәселелерін талқылады.
Осы конференция аясында «Анар» шаруа қожалығы базасында жоғары өнімді асылтұқымды жылқылар көрмесі ұйымдастырылды. Онда жәбе, мұғалжар тұқымдарының сапалы төлдері көрсетілді. Осы көрме барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов азық-түлік қауіпсіздігі мен ішкі және сыртқы нарықта жылқы етіне деген сұранысты кеңейтудің маңыздылығына арналған баяндама жасады.
Айта кетейік, бұл конференция Торайғыров университеті мен Павлодар облысы жылқы шаруашылығы қауымдастығының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Шара қорытындысы бойынша саланы дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдар мен жылқы өсірушілер марапатталды. Қатысушыларға Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, облыстық мәслихаттың Алғыс хаттары, «Торайғыров университеті» медальдары табысталды.
Тілеуберді САХАБА, Екібастұз қаласы.