Жүйріктің жалын тарап өскен қазақ үшін Қамбар атаның орны ерекше екені бесенеден белгілі. Қазақ бабам ежелден бойынан қасиет таныған жылқы атаулының қазақтың ұлттық сана-сезімінің, рухани болмысының, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі екендігін жақсы біледі. Бір кездері сай-саласы, ой-қыры кісінеген жылқының үнінен арылмайтын қазақ елі соңғы отыз жылда осы түліктің басын біраз азайтып алғаны рас. Оған себеп те аз емес. Десек те, соңғы жылдары осы іске ден қойған шаруалар саны баршылық. Бүгінде елімізде жылқының басы да көбейіп, тұқымын асылдандыру жұмыстары да жүргізіле бастады. Ал облыста бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Жалпы, өңірде жылқының саны қанша?
Ағымдағы айдың басында Май ауданы Көктөбе ауылында Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновтың, жергілікті жылқытанушы ғалымдардың және Ресей Федерациясынан келген ғылым өкілдерінің қатысуымен «Қазақстанның табын жылқы шаруашылығындағы және іргелес мемлекеттердегі заманауи инновациялық технология» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиын барысында жылқы шаруашылығының ғылыми жетістіктері мен даму перспективалары талқыланды. Сондай-ақ, өнімділігі әртүрлі бағыттағы жылқыларды іріктеу, жануарлардың генетикалық ресурстарын анықтау, ат спортын дамыту мәселесі де қозғалды. Ертіс-Баян өңіріндегі мал шаруашылығының жоғары көрсеткішін тілге тиек еткен Серік Барлыбайұлы киелі жануардың қазақ мәдениеті мен тұрмысындағы маңыздылығын атап өтіп, жылқы шаруашылығын дамытудың даңғыл жолдарына тоқталды. Айтуынша, бүгінгі таңда Павлодар өңірінде 300 мыңға жуық жылқы басы бар. Жылқы басының 50 пайыздан астамы Баянауыл, Май аудандары және Екібастұз ауылдық аймағында шоғырланған.
— Бүгінгі таңда мемлекет жылқы шаруашылығымен айналысатын отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуді жалғастыруда. Атап айтқанда, сатып алынған асыл тұқымды айғырлар үшін, бие сүтін өндірушілер үшін, асыл тұқымды жылқының аналық басын бағуға, жем-шөбіне субсидиялар қарастырылған. Сондай-ақ, жылқы шаруашылығын дамытуға арналған техникалар мен жем-шөп дайындайтын жабдықтарды сатып алғанда мемлекет 25 пайыздық өтеу үлесімен инвестициялық субсидия береді. Бұл қолдау шараларының барлығы жылқы фермалары мен салалық қауымдастықтардың ұсыныстары бойынша жасалған. Сонымен қатары жоғарыда аталған қолдау шараларына қосымша жылқы өсірушілерге жылқы сатып алуға 10 жылға дейінгі 6 пайызбен жылдық жеңілдетілген несие беру қарастырылған, — деді ол.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта өңірдегі жылқылардың саны 292 мың басты құрайды. Бұл ретте соңғы жылдары мал басының тұрақты өсуі байқалады, жылына орта есеппен 7 пайыздан астам. Өңірде жылқы шаруашылығымен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 1000-нан астам шаруашылықты құрайды.
— Жалпы, біздің өңірде жылқы шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыста 5,5 мың асыл тұқымды жылқы бар, бұл жалпы жылқы басының шамамен 2,4 пайызын құрайды. Өнімді бағыттағы асыл тұқымды жылқылар облыстың барлық өңірлерінде өсіріледі, жергілікті жылқы тұқымдарының асыл тұқымды және өнімді қасиеттерін жетілдіру мақсатында шаруашылықтарда табындарда ұстаған кезде «жабы» типті қазақ тұқымының жоғары өнімді айғырларының қарқынды генетикалық мүмкіндігі қолданылады, — деді баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, конференцияға қатысқан жылқытанушы ғалымдар елімізде көптен күткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойылғанын, құжат мініс және мініс-жегін бағыттарындағы жылқылардың отандық тұқымының өсімін молайту, сондай-ақ, оның қасиеттерін сақтай отырып, мал басын ұлғайтуға және осы бағытта асылдандыру жұмыстарын жүргізуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, заңның бастапқы бөлігіндегі «асыл тұқымды мал» және «тұқым стандарты» ұғымдарына түзетулер енгізілді. Осылайша, тұқым стандартына сәйкес келетін және Республикалық палатада тіркелген таза тұқымды жануарлар ғана асыл тұқымды жануарға жататын болады.
Айта кетейік, аталмыш заңда асыл тұқымды жылқыларды өсіруді ынталандыру мақсатында Қазақстан аумағында өсірілген мініс және мініс-жегін бағыттарындағы жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мақсатында жұмсалған шығындарды өтеу көзделеді. Сондай-ақ, фенотиптік және өнімді көрсеткішке қойылатын минималды талаптармен қатар, «тұқым стандарты» ұғымдары нақтыланады. Қорыта айтқанда, Заңның қабылдануы шетелдік селекция өндіретін асыл тұқымды айғырларды сатып алу шығындарын субсидиялауға, аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге және жылқыларды ұстау шығындарын өтеуге мүмкіндік береді.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.