Экономиканы дамыту үшін тікелей инвестицияға басымдық беру маңызды. Өйткені инвестиция – кез келген экономиканы алға жылжытушы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті жолдауында «Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі» деген болатын. Бұл орайда, Павлодар облысы инвестиция тарту бойынша елімізде көш бастап тұрғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Дощанов 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі (НҚИ) жоспарланған көрсеткішке жетіп, 126,1 пайызды (453,4 млрд. теңге) құрағанын мәлім етті. Айтуынша, бұл көрсеткіштің негізгі өсуі өсімдік шаруашылығы өнімінің 50,1 пайызға өсуі есебінен болды.
— Агроөнеркәсіп кешені біздің өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Өңіріміз соңғы бірнеше жыл бойы агроөнеркәсіп саласына тартылған инвестиция- лар көлемі бойынша республикада алдыңғы қатарда келеді. Жалпы алғанда агроөнеркәсіп кешеніне 251,5 млрд теңге инвес- тиция тартылды, оның ішінде ауыл шаруашылығына – 238,6 млрд теңге немесе 180,2 пайыз, азық-түлік өнімдерін өндіруге 12,9 млрд теңге немесе 130,8 пайыз тиесілі, — деді ол.
Сонымен қатар, басқарма басшысы 15 млрд теңге сомасына 20 жоба іске асырылғанын, оның ішінде жалпы құны 5 834 млн теңгеге 2 525 басқа арналған тауарлы сүт фермаларын салу бойынша 3 жоба бар екенін айтты. Сонымен қатар, жалпы құны 3 832,7 млн теңгені құрайтын сыйымдылығы 53,8 мың тонна астық және көкөніс қоймаларын салу бойынша 7 жоба жүзеге асқанын атап өтті. Ал суармалы жерлерді енгізу бойынша жалпы құны 4 530 млн теңгеге жалпы алаңы 2 229 гектарды құрайтын 8 жоба жүзеге асты.
— Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 82 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылып, субсидиялауға – 32,2 млрд теңге, жеңілдетілген несиелеуге 50 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде қаржылық құралдарға – 15,2 млрд теңге, өсімлік шаруашылығын дамытуға – 9,5 млрд теңге, мал шаруашылығын дамытуға – 7,2 млрд теңге, басқа бағдарламаларға 412,5 млн теңге бөлінді. Жеңілдетілген несиелеуге бөлінген 50 млрд теңге қаражаттың ішінде «Бәйтерек» құрылымдық бөлімшелері 33,4 млрд теңге сомасына 838 несие берсе, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ 13 081,4 млн теңге сомасына 488 несие берді. Соның ішінде «Агробизнес» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 8 140,2 млн теңгеге 266 несие, «Кең дала» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 2 800 млн теңгеге 113 несие, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 1 715,5 млн теңгеге 48 несие және «Іскер» (реинвест) бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 425,7 млн теңге 61 несие берілді. Сондай-ақ, «КазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға 350 қарыз алушыны 20 344,9 млн теңге сомасына қаржыландырды, 962 бірлік техника сатып алынды. «ӘКК Павлодар» «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 10 млрд теңге сомасына несие алуға өтінім берді, — деп толықтырды ол.
Бұдан басқа, басқарма басшысы 2025 жылы АӨК қолдауға бюджеттерден 41,6 млрд теңге бөлінгенін, оның ішінде жергілікті бюджеттен – 28,6 млрд теңге, республикалық бюджеттен 13 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті. Нәтижесінде 2027 жылға дейін облыста жалпы құны 75,2 млрд теңге болатын 57 жоба іске асырылмақ.
— Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 1350 жаңа жұмыс орны ашылады. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 11 млрд теңге сомасына 13 жоба жоспарланған, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге қатысты жобалар бар. Олардың қатарында жоба құны 2,9 млрд теңгені құрайтын «Ертіс Агро» АӨК, қуаттылығы жылына 30 мың тонна майлы дақылдарды қайта өңдеу орны ашылмақ. Сонымен қатар, «Қызылжар Құс» ЖШС-нде өндірісті қайта қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде, жобаның бірінші кезеңі бойынша қуаттылығы жылына 10 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны 5 млрд теңгені құрайды. Одан басқа, ауылшаруашылығы дақылдарын қайта өңдеу бойынша жобалар іске асырылуда. Олардың ішінде Шарбақты ауданының «Айбарс» ЖК өсімдік майын өндіру зауыты (жылына 128,1 мың тонна май өндіру), сондай-ақ, Ақсу қаласында картопты қайта өңдеу бойынша чипсы зауыты ашылады, — деді Д.Дощанов.
Айта кетейік, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша да қаржыландыру жалғасуда. Бөлінген 2,6 млрд теңгеден қазіргі уақытта 1,1 млрд теңге игерілді. Ағымдағы жылға осы бағдарламаға 2,0 млрд теңге қарастырылған.
— Көктемгі егістік жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 1 669,7 мың гектарға орналастырылатын болады, бұл әртараптандырылған егіс алқаптарына сәйкес және 2024 жылғы көрсеткіштен 52,9 мың гектарға артық. «Бәйтерек» ҰБХ құрылымдық бөлімшелері арқылы 2,8 млрд теңгеге 60 несие берілді, оның ішінде «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ арқылы 1 654,7 млн теңге сомасына 35 несие берілді. Оның ішінде «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 67,1 млн теңге сомасына 3 несие, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 1 575,6 млн теңге сомасына 31 несие, «Іскер» (реинвест) бағдарламасы бойынша 12 млн теңге сомасына 1 несие, «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу үшін 25 қарыз алушыға 1 180,7 млн теңге сомасына несие беріліп, 27 техника сатып алынды. Жалпы көктемгі жұмыстарға несиелеу өткен жылдың желтоқсан айынан басталды, — деді басқарма басшысы.

Өз тілшіміз.