Егіс науқаны — агромаусымдағы маңызды кезеңдердің бірі. Жұмыстың үйлесімді және уақытылы ұйымдастырылуы егіннің бітік шығуына, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етеді. Бұл ретте барлық деңгейде жұмыстың жүйелі болуын қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға дейін ерекше назар аудару керек. Себебі зейнеті мен бейнеті қатар жүретін егін кәсібі көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Ал облыс шаруаларының көктемгі егін науқанына дайындық жұмысы қалай жүруде?
Қазіргі уақытта Павлодар облысында топырақты ылғалдандыру, жерді жаппай жырту және тұқым себу алдындағы өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, кейбір ауданда көпжылдық шөптер мен көкөністер де егіле бастады. Мәселен, Павлодар ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әсемгүл Бектұрованың мәліметінше, бүгінгі күні жергілікті шаруалар егістік алқаптарында жер жырту, ылғал жабу сияқты тұқым себу алдындағы жұмыстарды қызу жүргізіп жатыр. Тіпті кей қожалықтар картоп егуді бастап кеткен. Бүгінгі таңда аудан бойынша көктемгі егіс жұмыстарында тіркеме және аспалы құралдары бар барлық модификациядағы мыңнан астам трактор, 230 бірлік соқа, 172 қопсытқыш, барлық түрдегі 482 тырма, 301 сепкіш және 14 егіс кешені жұмылдырылуда.
— Егіс алқаптарының құрылымына сәйкес 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс алқабы 118 260 гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар — 34752,17 гектарға, майлы дақылдар — 31 777,18 гектар жерге, астық дақылдары 43364,37 гектар алқапқа егілсе, картоп 5 306,28 гектар аумаққа егіледі. Көктемгі егістің жалпы ауданы 87 189,63 гектарды құрайды. Сондай-ақ, суармалы жерлердегі жалпы егіс алқабы 15 936 гектар шамасында. Жалпы, «Павлодар ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-нің ғылыми сүйемелдеуімен топырақтың негізгі топтарының түріне қарай облыс аудандары бөлінісінде 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің оңтайлы мерзімдері әзірленді. Осыған сәйкес 5 мамырдан 3 маусымға дейінгі шектерде майлы және дәнді дақылдарды егудің оңтайлы мерзімі анықталды. Ал дәнді дақылдарды жаппай егу науқаны ағымдағы жылдың мамыр айының екінші онкүндігінде басталады, — деді бөлім басшысы.
Аудан экономикасын дамытудың негізгі басымдықтарының бірі ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан, аталған саланы дамыту мақсатында аудан шаруалары көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қолға алып, бүгінде әлеуметті маңызға ие ерте пісетін картоп өнімін егуді бастап кетті. Егін егуді алғашқы болып бастаған шаруалардың бірі — Жаңақала ауылы маңындағы «Агросоюз» шаруа қожалығы.
Аталмыш шаруа қожалығының меңгерушісі Александр Стародубцевтің айтуынша, биыл негізінен картоп, сәбіз, қызылша өсуіру бағытына басымдық берілмек. Ағымдағы жылы қожалық картопты 570 гектар алқапқа егуді жоспарлап отыр. Одан соң 30 гектар жерге сәбіз, 20 гектарға қызылша тұқымын себеді. Ауа райы қолайлы болса, шаруа бір айдың ішінде көктемгі дала жұмыстарын толықтай аяқтауды жоспарлауда. Сондай-ақ, шаруашылық суармалы алқап көлемін ұлғайтып, алқаптың басына жаңа техникалар жеткізілуде. Әрине, шаруа бұның бәріне мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қол жеткізді.
— Көктем мезгілінде егін екпес бұрын жерді дайындау өте маңызды. Егістік жерді тазалау, жер жырту, тұқым себу, суару жұмыстары рет-ретімен жасалып, тұқым себіледі. Осылайша алқапта еңбек қыза түспек. Мемлекеттің қаржылай қолдауының арқасында биыл біз төрт бірдей тамшылап суару машинасын сатып алдық. Арзандатылған дизель отынына да, тыңайтқыштарға да қолымыз жетті. Қожалық көкөніс егу кәсібін бастағанына бірнеше жыл болды. Қазіргі уақытта картоп егуді бастадық. Алқаптарда жер жыртудан бөлек, картоп көметін екі машина жұмыс істеуде. Ағымдағы жылы біз картоптың «Гала» сортын егудеміз, — деді ол.
«Басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын» диқан қауымы осылайша қара жерден нәпақасын табу науқанына кірісіп кеткен. Себебі «көктемнің бір күні – жылға азық». Ала жаздай егіннің бабын жасау үшін осы кезден барлық құрал-саймандарын сайлап алған шаруалардың бұл көктемгі қарекеті күзгі уақытта мол өнім жинауларына себеп болмақ.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.