Өңірімізде картоптың ерте пісіп-жетілетін сұрыптарын жинау басталып кетті. Биыл облыста 460 гектар алқапқа ерте пісетін картоп тұқымы салынған. Олардың 90 пайызы — Павлодар ауданы аумағында. Бүгінде шаруалар күніне шамамен 10-30 тоннадан жинап, өңірдегі сауда сөрелеріне жіберуде.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Павлодар ауданынан бөлек, Ақсудың ауыл аймақтары мен Ақтоғай ауданында да ерте пісетін картоп егіледі. Бұл өнімді диқандар тамыз айының ортасына дейін жинап үлгеруі тиіс.
Бірақ, Павлодар ауданындағы «Скугоревых» шаруа қожалығының басшысы Ольга Скугорева ерте пісетін картоптың бір бөлігін қысқа сақтап та көріпті. Сақталуында ешқандай қиындық тумағанын айтады.
— Алдыңғы жылы тамыз айының соңында үш гектар алқаптан алынған ерте пісетін картопты қысқа сақтауға қалдырдық. Сапасы еш өзгерген жоқ. Өзіміз тұтындық, көктемде сатылымға да шығардық. Жалпы, биыл 30 гектар егістікке ерте пісетін картоп еккенбіз. Алғашқы өнімімізді алып бастадық. Өнімділік жаман емес. Күндер өте картоп та іріленіп, өнімділік те арта түседі, — дейді Ольга Георгардовна.
2001 жылдан бері ауыл шаруашылығына бет бұрған диқанның қазіргі жиын-терім жұмыстарына қос ұлы қолғанат көрінеді. Екеуі ауыл шаруашылығы техникасын меңгеріп алған. Одан бөлек, бірқатар тракторшыны өнім жинауға тартуда. Тек алған өнімін сатуда қиындықтар барын жасырмайды.
— Бұрнағы жылдары оңтүстіктің ерте пісетін картобы аяқталысымен біздің өнім нарықта ілесе кететін. Тұрақты тапсырыс берушілерім болатын. Бүгінде нарықты қытайлық картоп жайлап алды. Салдары сезіліп отыр. Қытайдан картоп алып жүрген клиенттерімнің бірі шекарадан өткізуде кедергілер туындағаннан біздің өнімді сатып алуда. Енді ол көлемді клиентім сатып біткенше басқа тапсырыс берушілердің табылғанын күтеміз. Негізі, біздің жергілікті өнім шетелден келгеннен дәмі жағынан әлдеқайда жоғары, — дейді «Скугоревых» шаруа қожалығының басшысы.
Басқарманың ақпаратына сүйенсек, Павлодар ауданында аталған шаруашылықтан бөлек тағы «Наурыз» және «Артамоновых» шаруашылықтары да ерте пісетін картопты жинауды бастап кеткен. Құзырлы орган мамандары бүгінде жергілікті картоптың келісі 230 теңгеден босатылып жатқанын мәлім етті. Көлем көбейген сайын баға да түседі деп болжап отыр.
Картоптан кейін диқандар ерте жетілетін сәбізді жинауға кіріседі. Мамандардың мәлімдеуінше, әдетте, бұл жұмыс тамыз айының алғашқы онкүндігінде басталады. Одан кейін біртіндеп егістік алқаптарындағы жұмыс қыза түседі. Дәнді дақылдар жинау науқаны, малдың қысқы азығын әзірлеу шаруасы іске асады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл облыста 1,7 млн гектарға жуық алқапқа дән себілді. Бұл өткен жылғыдан 123 мың гектарға артық. Әдеттегідей, дәнді, майлы және мал азығы дақылдарына ден қойылған. 953 мың гектардан астам алаңға дәнді дақыл егілсе, 395 мың гектардан астам егістікке майлы дақылдар тұқымы себілді. 304 мың гектарды мал азығы дақылдары алып жатыр. Сондай-ақ, 26 мың гектарға ел арасында «екінші нан» атанып кеткен картоп тұқымы салынды. Тағы 8,4 мың гектарда көкөніс пен бақша өнімдері өсірілуде.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.