«Кең дала 2»: талаптары қандай?

Қаң 19, 2026

«Мемлекеттердің көбі ауыл шаруашылығына бюджеттен қыруар қаржы бөледі. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Шаруаларға 2024 жылы 580 миллиард теңге, былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – өте қомақты қаржы». 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне
берген сұхбатынан.

Өңірімізде «Кең дала 2», «Ауыл аманаты» сынды бағдарламалармен  кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Мұндай несиелер әдетте анағұрлым көп жұмысты талап етеді. Олардың  банктермен жұмысы туралы Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасының
қаржылыққұралдар бөлімінің бас маманы Анаргүл Қоңқаева түсіндіріп берді.

— «Кең дала 2» бағдарламасы қандай банктермен жұмыс істейді?

— «Кең дала 2» бағдарламасын іске асыру тікелей де, кең серіктестік желісі арқылы да жүзеге асады. Оның ішінде банктер мен кредиттік серіктестіктер тікелей әсер етеді. Қазақстанда «Аграрлық несие корпорациясының» 19 филиалы жұмыс істейді. Бұл бағдарламалардың мақсаты көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу болып табылады. Айрықша ерекшелігі жылдық 5 пайыз мөлшерінде жеңілдікті мөлшерлеме болып табылады. Әдетте бұл бағдарламаға екінші деңгейлі және аграрлық сектормен жұмыс тәжірибесі бар банктер қатысады. Олар жыл сайын өзгертіліп отырады.

— Егер мен фермер және ауыл шаруашылығы кәсіпкері ретінде банк клиенті болсам, несие алу процесі неден бастауы керек?

— Реттілік келесідей: Клиент қаржы ұйымына өтініш береді. Өтініші серіктестік келісіміне сәйкес несиелік серіктестік немесе екінші деңгейлі банк арқылы жүзеге асуы мүмкін. Кейін өтініш берушінің қаржылық деңгейі сараптамадан, содан кейін ғана құжат жинау кезеңіне өтеді.

— Бұл тізбекте банктің негізгі рөлі қандай?

— Қаржы ұйымдары мынадай функцияларды орындайды: несиелік тәуекелдерді бағалау, кепілмен қамтамасыз етуді талдау және қабылдау, кредиттік шарт жасасу, алынған несиені сүйемелдеу және оның қайтарылуын бақылау.

— «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша несие алғысы келетін клиенттерге банктер қандай талаптар қояды? Ең жиі кездесетін бас тарту себептері қандай?

— Негізгі талаптар — ауыл шаруашылығы саласындағы қызметтерді жүзеге асыру, сондай-ақ, белгілі бір тіркелген бизнестің болуы. Бастысы, клиенттің несие тарихы қанағаттанарлық деңгейде болуы керек. Көп клиент несие тарихының нашар болуы салдарынан несие алу мүмкіндігінен айырылып жатады. Бұған қоса, міндетті төлемдер бойынша қарызы мен берешек салықтың болмауы да назарға алынады. Ал клиенттердің бас тартуының көп себептері кепілдің жеткіліксіздігі, әлсіз қаржылық жағдай, жоғары қарыз жүктемесі және несие беру мақсатының бағдарлама шарттарына сәйкес келмеуі.

— Мемлекетімізде кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Даму» қоры жұмыс жасайды. Сол қормен
қатар кепілдіктің болуы тұтынушыларға қандай жеңілдік сыйлайды?

— «Даму» қоры шаруашылық иелерінің өз кепілі жеткіліксіз болған жағдайда қаржыландыру сомасының 85 пайыз мөлшерде несие бөлігі бойынша кепілдік береді. Алайда, бұл 1,275 миллиард теңгеден аспауы керек. Сәйкесінше, клиент үшін несиені мақұлдау ықтималдығы артады. Кепілдік бірауыздан мақұлданған соң, несие рәсімделеді.

— Банктер арқылы мақұлданған несие қанша уақытта шешімін табады? Маусымдық жұмыстар кезінде бұл мәселе қалай реттеледі?

— Өтінімді қарау мерзімі 7 жұмыс күні. Кейбір ескертулер мен өтінімді қарау барысында құжаттар толық болмаған жағдайда мерзім ұзартылады. Себебі, «Аграрлық несие корпорациясы» өтінімді құжаттар пакеті толық болған кезде ғана қарайды.

— «Кең дала 2» бағдарламасына қатысамын деген жандарға маман ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

— Жалпы, мемлекет тарапынан берілетін мұндай қолдауларды пайдаланған жақсы. Алайда, кәсіпкерлерге алдымен өзінің кіріс-шығысын есептеп, осы бағдарламаға даярлап алуға кеңес берер едім. Ол дегеніміз қаржылық есепті даярлау, кепілдіктің бар-жоғын, оның көлемін бағалап алу. Сондай-ақ, тараптардың шартымен мұқият танысу. Бұл болашақта орын алуы мүмкін түсініспеушіліктердің алдын алуға көмектеседі. «Кең дала 2» бағдарламасы қолжетімді қаржыландыру көзін ұсынады, алайда банк талаптарын сақтау шешуші фактор болып табылады, — деді Анаргүл Серікқызы.

— Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Сара Авдол.