Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

– «Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуға тиіс. Топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту маңызды. Өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет».

Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашы-лығын кеңінен дамытуға баса көңіл бөлініп, әсіресе бұл бағыттағы өңдеуші кәсіпорындар үлесін арттыру ерекше назарға алынды. Мемлекеттік қолдау көрсету шаралары да жаңа деңгейге шықты. Нәтижесінде бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы кооперативтері ісін жандандыру күн тәртібіне көтеріліп, елді мекендердің еңсесін тіктейтін бірлестіктер құрылуда. Бұл бағытта облыс бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Жалпы өңірде қанша ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды? Осы және өзге де сұрақтың жауабын бірге іздеп көрелік…

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлеген Көшербаевтың айтуынша, кооператив құрылғанда белгілі бір талаптар сақталуы тиіс. Мәселен, оның мүшелерінің саны жиырма адамнан кем болмағаны тиімді. Сонымен қатар, кооперативтің басты бағытын нақты айқындау маңызды. Ол не өндіреді, қамту аймақтары, өнімді өткізу мүмкіндіктері – барлығы ескерілуі тиіс.

– Кооперативтерге бірігудің көптеген артықшылықтары бар. Біріншіден, кооперативтер өндірілген өнімді тиімді сата алады. Екіншіден, мемлекеттік қолдауға жол ашылады, қажетті құрал-жабдықтар алу мүмкіндігі бар. Үшіншіден, кооперативтер материалдық-техникалық құралдармен, яғни жанар-жағармаймен, тыңайтқышпен, тұқыммен, мал азығымен, тағы басқаларымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, 70 пайыздық жеңілдіктегі арнаулы салық режимі бар. Төртіншіден, прогрессивті агротехниканы пайдаланып, өнімді тұрғылықты жерде делдалсыз өткізу мүмкіндігі туады. Ең бастысы, кооперативтің әрбір мүшесі де, сондай-ақ, тұтастай кооператив те жеңілдік пайызымен несие ала алады, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Сонымен қатар, Төлеген Көшербаев бүгінде Павлодар облысында ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп тұрған 5691 шаруа және фермер қожалығы бар екенін атап өтті. Былтыр 759 жаңа шаруа және фермер қожалығы құрылды. Айтуынша, мұндай нәтижеге мемлекет қолдауының арқасында қол жеткізілді.

– Қазіргі таңда мемлекеттік қолдау шаралары – тиімді жұмыс істеудің, бәсекеге қабілеттіліктің жоғары деңгейін көрсететін негізгі күшке айналды. Былтыр облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімінің көлемі 441,1 млрд теңгені құрады. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға инвестиция көлемін орта есеппен екі жарым есе арттыру жоспарлануда. Атап айтқанда, тұқым сатып алуды субсидиялау және тұқым шаруашылығын жаңғырту арқылы ауыл шаруашылығы өнімін арттыру шаралары қолға алынбақ. Сондай-ақ, 2030 жылға дейін ауыл шаруашылығының барлық саласында облыстың экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарда тұр. Тұтастай алғанда, тұжырымдаманы іске асыру ішкі нарықты өзімізде өндірілген азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етеді деп күтілуде, – деп толықтырды ол.

Бүгінгі таңда облыста мал шаруашылығында ірі қара мен ұсақ малдың саны артып, өнім көлемінің көбеюі байқалады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Былтыр бір жарым миллиард теңгенің 192 шағын несиесі беріліп, 371 жаңа жұмыс орны ашылды. Осы жобаның арқасында облыстағы 120-дан астам жеке кәсіпкер ауылдық жерлерде өз кәсіптерін ашып, жұмыс істеп тұрған 50-ден астам кәсіпорын кеңейтіліп, 21 ауыл шаруашылығы кооперативі (19 жаңа және 2 жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы кооперативі) қаржыландырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзанға бағаланып жатқанын алға тартып, шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік беретін кооперация құрып, оның жұмысын жандандыру керектігін айтқан еді. Осы тұста облыс шаруаларының өзара кооперация құруға үлкен мүмкіндіктері бар екенін айтқан Төлеген Көшербаев ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға басымдық берілетінін жеткізді. Осылайша, ауылдық жерлерде кооперацияны дамыту мақсатында шаруалар ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға мүмкіндік алды. Бүгінде облыста 67 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Негізгі қызмет түрлерін айтар болсақ, 42 кооператив мал шаруашылығымен, 15 кооператив сүт дайындау және сатумен, 10 кооператив егін өсірумен айналысады. Ауыл шаруашылығы кооперативтеріндегі жұмыскерлердің саны шамамен 242 адамды құрайды, олардың қызметінде 806 жеке қосалқы шаруашылық бар.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2023 жылы ел бойынша «Ауыл аманаты» атты жеңілдетілген шағын несиелеу жобасы іске асырыла бастады. Облыс бойынша 192 қарыз алушыға 1,5 млрд теңге несие беріліп, 371 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 21 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылды. Атап өтсек, 19 жаңа және 2 жұмыс істеп тұрған кооперативтер мемлекеттік қолдауға ие болды. Ағымдағы жылы «Ауыл аманаты» жобасы жалғасын тауып, облысқа ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлік жобаларды несиелендіруге 2,6 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл жобаға жаңадан құрылған 13 және жұмыс істеп тұрған 4 кооператив тартылды. Бұл ретте біз жеке қосалқы шаруашылықтар мен шағын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасындағы кооперацияның артықшылықтары туралы, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативтерін мемлекеттік қолдау шаралары туралы тұрақты негізде ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, – деді Т.Көшербаев.

А.МҰҚЫШЕВ.