«Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауынан.

Биылғы тасқын суды реттеудегі мәселелердің күрделі болуы елімізде көптеген проблемалардың бетін ашуда. Ең алдымен, әрине, қауіпсіздік мәселесі. Төтеннен келген тасқын су биліктегілердің аталмыш мәселемен түбегейлі айналыса алмай отырғанын дәлелдеді. Қазір қарапайым халыққа дейін еліміздегі судан қорғау жүйелерінің, су қоймалары мен бөгеттердің тозған жағдайына да алаңдаушылық білдіре бастады.

Су қоймалары – ел байлығы

Су ресурстары және ирригация министрлігі жергілікті атқару органдарымен бірге елдегі гидротехникалық құрылыстарды түгендеді. Бүгінгі таңда ел аума-ғында 1502 гидротехникалық құры-
лыс (405 су қоймасы, 247 бөгет, 461 бөгесін, 118 гидроторап, 271 тоған)
бар. Оның ішінде 331 нысан республикалық меншікте, 934-і коммуналдық меншікте, 229-ы жеке меншікте болса, 6 нысанның иесі жоқ екені анықталды.

Ресми мәліметте кейінгі зерттеулер қорытындысы бойынша 537 гидротехникалық құрылысқа күрделі жөндеу қажет екені айтылған. Оның 52-сі республикалық, 428-і коммуналдық, 49-ы жеке меншікте. Иесіз қалған 6 нысан да күрделі жөндеуді қажет етеді.

Анықтама үшін айта кетсек, ірі су қоймалары қатарында Ертіс өзенінің Шығыс Қазақстан облысындағы аумағына салынған Бұқтырма (Павлодар облысына су осы бөгеттен жіберіледі), Алматы облысы Іле өзені жағасындағы Қапшағай су қоймасы, Сырдария өңіріндегі Шардара, Көксарай, Солтүстік Қазақстан облысы Есіл өзеніндегі Сергеевка, Қостанай өңірінен өтетін Тобыл өзені жанындағы Қаратомар,  Қарағанды облысындағы Қаракеңгір су қоймалары бар.

Мәліметтерге сүйенсек, бүгінде ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі бүкіл су шаруашылығы саласын трансформациялап жатыр. Министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиеваның айтуынша, жұмыс үш негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатыр.

«Біріншісі – жаңа нормативтік-құқықтық база құру. Атап айтқанда, жаңа Су кодексінде су үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сарқын суды қайта қолдануға бағытталған шаралар көзделген», – деді М.Әбдуәлиева жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Екіншісі – су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту. Оған сәйкес, 20 су қоймасын салу жоспарлануда. Олардың бесеуінің құрылысы биыл басталады. Бұдан басқа, жұмыс істеп тұрған 15 су
оймасы қайта жаңартылады.

«Үшіншісі – іргелес мемлекеттермен ынтымақтастықты күшейту. Осылайша, Қазақстан Өзбекстанмен екі тарап тұтынатын судың нақты көлемін есептеуге мүмкіндік беретін есептегіштерді орнату туралы келісті. Мұндай келіссөздер басқа көрші елдермен де жүргізілмек. Биылдан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Қазіргі уақытта Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның қатысуымен «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісімнің жобасы әзірленіп жатыр. Қытаймен 20-дан астам өзен бойынша келіссөздер жүргізілуде. Олардың ішінде үш ірі трансшекаралық өзен бар: Ертіс, Іле және Елек», –
деді Мөлдір Әбдуәлиева.

 

Суға толған қоймалар

Биылғы табиғи апатқа телінген су тасқынына байланысты көптеген шаруашылықтар зардап шекті. Екінші жағынан министрлік өіклдері еліміздегі су қоймалары соңғы 20-25 жыл көлемінде алғаш рет толғанын айтып отыр.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиеваның айтуынша, 27 наурыздан бастап еліміздің солтүстік, батыс, орталық және шығыс аймақтарындағы су қойма-ларына 16 текше шақырым су келді.

«Қостанай облысында Тобыл өзенінің ірі су қоймалары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етіп, 92% су жинады. Тобыл өзенінде судың мол келуі соңғы рет 2000 жылы тіркелген. Бірақ ол кезде де мұндай қарқынды ағынның қалыптасуы болған жоқ. Қазір екі су қоймасы да ұзақ уақыт бойы аймақ тұрғындарын қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ете алады», – деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.

Ақмола облысында Астана су қоймасын толтыру көрсеткіші 99,6% құраған. Былтыр Астана су қоймасындағы су көлемі қаланы ауызсумен толық қамтамасыз етуге жетпеді. Сондықтан су қоймасын Қ.Сәтбаев атындағы каналдан қосымша толтыруға тура келді. Бұл қажеттілікті өтеу қымбатқа шықты және құны 2 млрд теңгеден асқан болатын.

Батыс Қазақстан облысында Жайық-Көшім суару жүйесіне су жіберу мүмкіндігі пайда болды. Шығыс Қазақстан облысында
10 сәуірден бастап, Ертіс өзенінің су қоймаларынан су жіберу Шідерті-Өлеңті аймағын тиімді суландыруға және Әулиекөл көлдерін толықтыруға мүмкіндік береді.

«Жалпы, тасқын суы барлық су қоймаларын толтыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, Атырау облысына келген тасқын суы Каспий теңізіне жіберілетінін, ол үшін қазір қосымша канал қазылып жатқанын қоса кету керек. Яғни, Су ресурстары және ирригация министрлігі қазір су қоймаларында жиналған тасқын суын ұтымды пайдалану бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр», – деді М.Әбдуәлиева.

 

Жеке меншіктен алынуы керек

Еліміздегі су қоймаларының жағдайы алаңдарлық күйде екені туралы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек 2023 жылдан бері бірталай мінберден айтып келе жатқанына куә боламыз.

Б.Базарбектің сөзінше, жалпы су нысандарына толық түгендеу жұмысын жасап, жайын нақтылау, қажет болса, оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару – кезек күттірмейтін іс. Мысалы, Платиналардың салынғанына 30-40 жылдан асса, апат болу қаупі артады екен. Қаншасы тозығы жеткен, қаншасына жөндеу жұмыстары қажет деген мәліметтер анық емес. Бұл мемлекеттік жауапты мекеме тарапынан бақылау мен мониторингтің әлсіздігін көрсетеді.

«Мемлекет басшысының су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөгет салу, 3 мың 500 шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды. Су қоймалары ең басты стратегиялық нысан екенін білуіміз керек, оның көбі жекешелендіріліп кеткендіктен қатты алаңдатады. Қожайындары не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Жекеменшік болғаннан кейін мемлекеттік бақылаудан тыс қалған», деді депутат.

Келесі бір маңызды нысан – бұл каналдар.  Мәліметтер бойынша, 3 мың 500-дей магистральдік және шаруашылық канал бар, олардың жартысынан астамы тозығы жеткен, салдарынан
60 пайыз су құрдымға кетіп жатыр. Бұл – үлкен шығын, демек бар суды ысырап етіп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз, деді Б.Базарбек.

Мәжілісмен каналдардың біразы жекеменшікке өтіп кеткенін, кімнің иелігінде екені де анық емес екенін айтты. Сондай-ақ депутат Президенттің каналдарға қатысты берген тапсырмасы өте орынды екенін атап өтті.

Соңғы жағдайлардан кейін Бақытжан Базарбек су қоймаларының тағдырын мафия шешіп отыр деп мәлімдеді. Осыған байланысты депутат Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдап, су қоймаларын басқару ісіндегі былықтарды атады. Мысалы, Сергеев су қоймасының жанындағы кен өндіру жобасы халыққа қауіп төндіруі мүмкін. Мұндағы қауіп – су көлемі жобалық қуатынан 80 пайыз асқан, су деңгейі 4 метрден жоғары көтерілген су қоймасының жанында қауіпті кеніш бар. «Дархан Айдосұлы» дейтін жер қойнауын игеруші ЖШС ондағы пайдалы қазбаны жарылғыш зат арқылы игеру көзделіп отыр. 2015 жылғы қаулы бойынша Есіл өзенінің су қорғау аймағы жағадан 1000 метр аралықты қамтиды. Су қорғау аймағының аумағында пайдалы қазбаны барлап, игеруге, жарылғыш арқылы қопаруға тыйым салынған. Сондай-ақ, ол Алматы қаласының іргесіндегі Ақсай бөгетінің жағдайына да тоқталды.  22 миллиард теңге тұратын, 30 мың адамның өмірін сақтауға тиіс нысан құрылысы тапсырыс берушінің салғырттығы салдарынан тиісті сараптама мен рұқсатсыз салынып кетті.», — дейді Бақытжан Базарбек. Айтуынша, Алматы облысындағы Ворошилов су қоймасын сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер үш жылдан бері нысанның бойындағы ақауларды жоймай отыр.  Депутат сауалында көрсетілген фактілер бойынша прокурорлық тексеру жүргізуді сұрады. Болашақта құзырлы органның жауабын естіп қаламыз деп үміттенеміз.

20 су қоймасы жаңадан салынады

ҚР Су ресустары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында 2030 жылға дейін 70 елді мекенді тасқыннан қорғайтын 20 су қоймасы салынатынын айтты.

«2030 жылға дейін 9 облыстың аумағында 20 жаңа су қоймасының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. 20 су қоймасын іске қосу халқының саны 137 мың адам болатын 70 ауылдық елді мекенді су басу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді», – деді министр.

Сондай-ақ ол қазір министрлік 9 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатқанын атап өтті. «Бұған қоса 9 облыстың аумағындағы 15 су қоймасын қайта жарақтау жұмыстары басталады. Бұл 75 мың адам тұрып жатқан 64 елді мекеннің су басу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді», –
деді Нұржан Нұржігітов.

«Құрылыс жұмыстары су шаруа-шылығын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес жүргізіледі. Қазір жаңа су қоймаларын салуға инвесторларды тарту бойынша келіссөз жүріп жатыр. Жоба елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және трансшекаралық өзендерге тәуелділікті азайту үшін іске асыруда», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Ресми мәліметте кейінгі зерттеулер қорытындысы бойынша 537 гидротехникалық құрылысқа күрделі жөндеу қажет екені айтылған. Оның 52-сі – республикалық, 428-і – коммуналдық, 49-ы – жеке меншікте. Иесіз қалған 6 нысан да күрделі жөндеуді қажет етеді.

 

Сәтбаев су арнасында да мәселе бар

Атап айтқанда, Сәтбаев су арнасындағы бөгеттің жағдайы кәсіпорын өкілдерін алаңдатып отыр. Айтуларынша, осыдан бес жыл бұрын №87 бөгетке жасалған жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізіліп, бүгінде оның салдары айқын біліне түскен. Бөгеттің жиегі мүжіле-мүжіле, бүгінде қауіптіліктің ең жоғары шегіне жеткен.

2019 жылы су арнасындағы төртінші су торабының 87-ші бөгетінде реконструкция жұмыстары жүргізілген. Алайда мердігер компания жөндеу жұмыстарын сапасыз әрі шала-шарпы жүргізіп, бүгінде су қоймасы апаттық жағдайда тұр.

Сәтбаев арнасы Павлодар пайдалану басқармасының басшысы Владимир Егеревтің айтуынша, сапасыз жөндеу жұмыстарының салдарынан жақын маңдағы елді мекендерге қауіп төніп отыр. Су қоймасының ернеуі жырылып кетсе, мол су сыртқа лақ ете қалуы мүмкін. Бөгет тез арада қалпына келтірілмесе, көктемгі су жіберу шаралары кезінде жағдай қиындай түседі.

– Бізді жазғы уақытта су бетінде пайда болатын толқындар алаңдатады. Қыста проблема жоқ. Толқын бөгетке соғылған сайын ол мүжіле береді. Кез келген уақытта жарып шығуы мүмкін. Сол үшін алаңдаймыз. Қазір бөгеттің жағдайын үнемі қадағалап отырмыз, күйі нашарлап барады. Құрылысқа толық жөндеу жасалуы керек, – дейді ол.

Қ.Сәтбаев су каналы Павлодар облысының Май ауданындағы Белая өзенінен бастау алып, Қарағандыға дейін жалғасады. Ұзындығы 459 шақырым болса, соның 380-дей шақырымы Павлодар облысының аумағында орналасқан.

Су торабының бірегейлігі сол, 22 сусорғы стансалары суды төменнен жоғарыға қарай айдап, жалпы биіктігі 418 метрге дейін көтереді. Мұндай су артериясы жер бетінде жоқ. Оның жоба-жоспарын кезінде ғұлама Қаныш Сәтбаевтың өзі жасап кеткенін екінің бірі біле бермейтіні де анық. Сусорғы-қуат жабдықтары жылына шамамен 2200 млн КВт/сағат электр энергиясын тұтынатындықтан, арнаның екінші кезегі – «Қарағанды – Жезқазған» бағыты жүргізілмеді. Яғни, сол тұстағы мамандар мұны тиімді емес деп есептеді. Соның әсерінен арна бүгінде өз әлеуетінің тек 40 пайызын ғана пайдаланады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жылына тұтынушылар арнадан 450-460 млн текше метр су сатып алып отыр. Мәжіліс депутаттары мекемеге дербес заңды тұлға мәртебесін қайтарып беруді сұрап отыр. Бұл пікірді қостаушылар қатарында депутат Нұржан Әшімбетов те бар.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қ.Сәтбаев атындағы каналдың қанағаттанарлықсыз техникалық жай-күйін атап көрсетіп, Үкіметке осы мәселені зерделеуді тапсырған еді. Одан соң былтыр еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңейтілген кеңесте Президент су ресурстарын басқару жүйесін қайта қарап, «ҚазСуШарды» қаржылық жағынан тұрақты ұйым етіп қайта форматтауды тапсырды. Былтыр Мәжілістегі «Amanat» фракциясының мүшелері Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдадық. Онда екі бірдей мәселені қарастыруды сұрадық. Біріншіден, «ҚазСуШар» кәсіпорнының құрамындағы рентабельді филиалдарды дербес қылып, жағдайы қиындауларын бөлектеп ,«оңалту шарасын» жүргізу қажет. Барлық мекеме бір жүйеге –
су комитетіне немесе су ресурс-тарын басқаратын жаңа холдингке бағынуға тиіс. Екіншіден, «ҚазСуШардың» құрамында заңдылық және қаржылық еркіндік берсе, өзін-өзі ақтай алатын филиалдар қазірдің өзінде бар. Ол – Сәтбаев атындағы стратегиялық маңызы бар канал. Каналдың бірегей инфрақұрылымы мен қаржылық тәуелсіздігін сақтау үшін оған дербес заңды тұлға мәртебесін беру қажет. Бұл өз кезегінде кейінгі жылдары осы кәсіпорында қордаланған көптеген мәселенің шешілуіне мүмкіндік береді және су арнасы Астана қаласы мен Орталық Қазақстан аумағын су ресурстарымен сенімді түрде қамтамасыз етеді», – дейді депутат.

Бүгінде су арнасы Павлодар, Қарағанды, Ұлытау облыстары мен Астана қаласына тіршілік нәрін жеткізіп тұрған жалғыз су көзі екені, бұған қоса Теміртау металлургиялық комбинаты, Екібастұздағы қос МАЭС-тің бұған байлаулы тұрғаны назарға алынса игі. Оның үстіне арнадан Ақмола облысының Қорғалжың көліне, Павлодар облысының Шідерті алқабына жыл сайын су жіберіліп, көлтабандар мен суармалы алқаптарды қамтамасыз етіп тұрғанын неге ұмытамыз?

Атам қазақ «Апат айтып келмейді» деген. Кеңес өкіметі тұсында салынған су қоймалары мен бөгеттердің, гидравликалық құрылғылардың бүгінде тозығы жетіп тұрғаны жасырын емес. Осы ретте, Павлодар өңірінде де жергілікті билік судан қорғау мәселесін реттейтін су қоймалары мен реттегіш шлюздерді қайта қалпына келтіру, жаңғырту қажеттігін нақтылайтын Жол картасын құру қажет деген ойдамыз.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ