Егіс жұмыстары жүйелі

Мам 28, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Өңірде көктемгі егіс науқаны жоспарлы түрде жалғасуда. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс көлемі 1 млн 703,2 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,2 мың гектарға артық.

Егіс алқаптарының ұлғаюы негізінен дәнді, майлы және малазықтық дақылдар есебінен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, биыл дәнді дақылдар 849,1 мың гектарға егілмек. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,4 пайызға жоғары. Майлы дақылдардың көлемі 549,7 мың гектарға жетіп, 6 пайызға артты. Сонымен қатар малазықтық дақылдар 264,4 мың гектарды құрайды. Ал картоп алқабы 30,7 мың гектар, көкөніс және бақша дақылдары 9,3 мың гектар деңгейінде сақталған. Мұндай егіс көлемі өңірдің ішкі нарығн картоп және көкөніс өнімдерімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы егіс алқаптарын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты бидай алқабы 9,5 мың гектарға қысқартылып, керісінше жоғары сұранысқа ие майлы дақылдардың көлемі 31 мың гектарға ұлғайтылған. Мысалы, күнбағыс алқабы 497,4 мың гектарға жетсе, зығыр себілетін алаң 38,5 мың гектарды құрады. Сонымен қатар рапс, қыша және соя егістігі де артқан. Бұған қоса қарақұмық көлемі 60,9 мың гектарға дейін ұлғайтылды.

Қазірде ылғал жабу, көктемгі жырту және топырақты егіске дайындау жұмыстары толық аяқталған. Бүгінде 1 млн 48,2 мың гектар жерге егін себілді. Оның ішінде: дәнді дақылдар – 526,3 мың гектар, майлы дақылдар – 445,2 мың гектар, картоп – 25,5 мың гектар, көкөніс – 5,5 мың гектар, бақша дақылдары – 1,9 мың гектар, малазықтық дақылдар – 43,8 мың гектар.

Өңір шаруашылықтарының тұқыммен қамтамасыз етілу деңгейі де 100 пайызды құрайды. Биылғы өнім үшін 171,1 мың тонна тұқым дайындалған. Оның ішінде 107,5 мың тоннасы – дәнді дақылдар, 60,9 мың тоннасы – картоп тұқымы.

Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштарды жеткізу жұмыстары жалғасуда. Биыл 159 мың тонна тыңайтқыш жеткізу жоспарланған болса, қазіргі таңда оның 95,3 мың тоннасы сатып алынған. Бұл жоспардың 60 пайызын құрайды.

Мамандар көктемгі дала жұмыстарының қарқыны тұрақты екенін және агротехникалық шаралардың мерзімінде орындалып жатқанын атап өтуде.

Сара ӘБДОЛ.