Асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығындағы аграрлық кешенді дамыту ісі ел саясатының басым бағыттарының бірі екені даусыз. Жерді тиімді өңдеу мен топырақ құнарлығын сақтау, сондай-ақ, тұқым шаруашылығын дамыту, жаңа сұрыптарды шығарып, жерсіндіру жөніндегі жұмыстар аграрлық саланың дамуына оң серпін береді. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында «Фермерлерді отандық тұқымдармен қамтамасыз ету керектігін» айтып, жергілікті шаруаларды жаңа өнімді сорттарды өндірумен айналысуға шақырды. Бұл ретте облыс бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Көктемгі дала жұмыстарына тұқым қоры жеткілікті ме? Саралап көрейік…

Сапалы тұқымды егу арқылы ғана одан сапалы да мол өнімге қол жеткізуге болатыны ешбір дәлелдеуді қажет етпейтіні анық. Сол үшін қайсыбір шаруа болсын, неғұрлым сапалы тұқымды егіп, жерсіндіруге күш салғаны дұрыс. Жауапты сала мамандары сапалы тұқымнан ғана мол өнім алуға болатынын жақсы біледі. Тұқым сапасының тұрақты назарда болуы –  өнімнің мол болуының бірден-бір алғышарты болмақ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының Өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов қазіргі уақытта облыс қоймаларында 120 424 тонна ауыл шаруашылығы тұқымы бар екенін атап өтті. Бұл жоспардың 82 пайызын құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар 72 пайыз (69989 тонна), майлы дақылдар 96 пайыз (2774 тонна), жемшөп 98 пайыз (1759 тонна) және картоп 102 пайызды (45902 тонна) құрайды. Қалған тұқым қорының тапшылығын облыс өндірушілері басқа облыстардан және Ресей Федерациясының шекаралас аумақтарынан сатып алу арқылы толтыратын болады.

– Былтырғы қуаңшылықтан туындаған тұқым тапшылығын жабу үшін қыста қыруар шаруа атқарылды. Бүгінгі таңда әр түрлі дақылдардың тұқымына деген қажеттілігіміз 174,4 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде дәнді және бұршақ дақылдары – 111,3 мың тонна, майлы дақылдар – 3,3 мың тонна, мал азықтық дақылдар – 2 мың тонна және картоптың 57,4 мың тонна тұқымы қажет болады. Бұл өңірдегі егістік алқаптары мен тұқым себу нормасына қарай есептеледі. Ағымдағы жылдың 20 наурыздағы жағдай бойынша облыс қоймаларына 163,6 мың тонна тұқым толтырылды (дәнді және бұршақ дақылдары – 100,2 мың тонна, майлы дақылдар – 3,5 мың тонна, жемшөп  2,5 мың тонна), – деді бөлім басшысы.

Сонымен қатар, бөлім басшысы облыстағы сертификатталған тұқым шаруашылықтарында қазірдің өзінде 9,2 мың тонна тұқым дайын тұрғанын атап, тапшылықты азайту үшін облыс шаруашылықтары қосымша 25,3 мың тонна тұқым (дәнді және бұршақ дақылдары – 17,9 мың тонна, майлы дақылдар – 500 тонна, жемшөп – 1,2 мың тонна) сатып алғанын айтты.

– Ағымдағы жылдың 20 наурызына дейін тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау, тыңайтқыштар, пестицидтер және ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне су жеткізу бойынша өткен жылғы қарыздар толығымен өтелді. Екі миллиард 362 миллион теңгенің 1644 өтініші қанағаттандырылды. Биылғы көктемге келер болсақ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаржы институттары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жалпы сомасы 6,7 млрд теңге қаражат бөлді. Өңіріміз егістік тұқымымен де толықтай қамтамасыз етілген. Майлы және дәнді дақылдардың буданды тұқымы Ресейден жеткізіледі. Сонымен қатар, өңірімізде будандастырылған элиталық және тұпнұсқадағы тұқымдар да бар. Тыңайтқыш мәселесі бойынша «ҚазФосфат» және «ҚазАзот» ЖШС- мен келісімшарт жасалды, –  деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста сегіз сертификатталған тұқым шаруашылығы субъектісі жұмыс істейді. Атап өтсек, «Тимур» ШҚ, «Виктория» ШҚ, «ПШОС» ЖШС, «Галицкое» ЖШС, «Агата» ШҚ, «Сергей Фарм» ЖШС, «Бақауов» ШҚ және «Агро» ЖШС. Бүгінде аталған шаруашылықтардың жетеуінде түрлі дақылдардың будандастырылған және элиталық тұқым қоры бар. Нақтырақ айтсақ, қазір көктемгі дала жұмыстарына жергілікті диқандарға будандастырылған сорттары бар 2,3 мың тонна бидай тұқымы сатылуда. Оның ішінде «Северянка», «Ертіс 7», «Павлодар Юбилейная», «Омская 35» және «Омская 36», «Уралосибирская» сорты бар. Сондай-ақ, аталған шаруашылықтарда арпаның да бірнеше сорттары қарастырылған.

Бұдан бөлек, Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасының қызметкерлері қолданысқа тұқымның жаңа түрлерін енгізіп, аймақтың климатына төзімді жаңа астық сұрыптарын ұсынуда. Отандық тұқымдардың сапасы да ешкімнен кем емес. Тәжірибелік стансаның ғылым жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Дәулен Валиевтің айтуынша, бүгінде аймақтағы егіс алқабының 50 пайызына көрші елдің тұқымы себіледі екен. Атап айтсақ, бидайдың «Саратовская – 29» және «Омская – 18» секілді сұрыптары 50 жыл бойы қолданыста.

– Соңғы жылдары жазғы жұмсақ бидайдың «Анель-16» сұрпын, сұлының «Ертіс самалы» сұрпын қолданысқа енгіздік. «Победа» ЖШС-мен бірлесіп, арпаның «Орловская» сұрпы пайда болды. Сондай-ақ, «Галицкое» ЖШС-мен байланыс орнатып, бидайдың «Галичанка» атты жаңа сұрпы тіркелді. Шаруашылықтар астық дақылдарынан көбіне «Северянка», «Кондитерская яровая», «Юбилейная» сияқты сұрыптарды қолданады. Себебі олар аймағымыздың ауа райына төзімді болып келеді. Ал көрші елден әкелінген тұқымдар ылғалсүйгіш, яғни қуаңшылыққа төзбейді. Павлодарлық сұрыптардың тұрақты өнім беретіні әлдеқашан дәлелденген. Жасыратыны жоқ, кейбір ұсақ шаруашылықтардың басшыларына сапасынан гөрі бағасы маңызды болып жатады. Сосын елімізде суперэлиталы тұқым қолданғаныңыз үшін субсидия берілмейді. Керісінше, 1-інші репродукциялы тұқымдарға қарастырылған. Сәйкесінше, диқандар демеуқаржы алу үшін супер элиталы тұқымды қажетіне жаратпайды да. Бұл өнім сапасының төмендеуіне алып келетіні сөзсіз, – деді ол.

Аталған орталықта сыналатын тұқым алқапқа арнайы әдіспен дәрілеп егіледі. Дәннің жерге түсу арақашықтығынан бастап, оның шығымдылығы, сабағының биіктігі, жергілікті ауа райына, оның ішінде құрғақшылыққа, өсімдік зиянкестеріне, ауруларға төзімділігі сыналады. Соңғы 2-3 жылда шаруалардың егіс алқабында селекциядан өткен тұқымдар егіліп, мұндай тәжірибелер көптеп жүргізілуде. Егер астықтың өнімділігі шаруалардың көңілінен шығып жатса, осы тәжірибелік стансадан тұқым сатып ала алады. Аталмыш серіктестік – облыста супер-элиталы тұқым шығаратын жалғыз мекеме. Алдағы уақытта осындай орталықтардың санын арттырып, жергілікті диқандарды сапалы тұқым түрлерімен қамту жоспарлануда.

А.МҰҚЫШЕВ