Көктем шыға тіршілік атаулының түлейтін уақыты. Осы кезде дала жұмыстары да жандана түсетінін жақсы білеміз. Әсіресе диқаншы қауым егін егудің қамына кірісіп, жер жыртып бастайтын мезгіл. Несібесін қара жерден терген еңбекші қауым үшін көктемнің әр күні маңызды. Бүгінде жердің тоңы жібіп, жергілікті диқандар егін салуға дайындық жұмыстарын бастап кетті.

Жылдағы дәстүрге сай Ертіс-Баян өңірінің диқандары көктемгі дала жұмыс-тарын бастап кетті. Өңір аграрийлері биылғы егін егу науқанына қызу дайындықпен келіп, алтын күзде берекелі өнім алуға үмітті. Облыстық ауыл шаруашылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық барысы жоспарға сай жүріп жатыр. Соның ішінде қазіргі уақытта тұқым дайындау, оны орналастыру жұмыстары қарқын алды.

– 2024 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс көлемі 1 657,3 мың гектарды (2023 жылы – 1 637 мың га) құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда майлы және мал азықтық дақылдар егістерін кеңейту есебінен 20,3 мың гектарға артық. Ауыл шаруашылығы тұқымдарына жалпы сұраныс 174,4 мың тоннаны құрайды (дәндік және бұршақ дақылдары – 111,3 мың тонна, майлы дақылдар – 3,3 мың тонна, мал азықтық дақылдар – 2,4 мың тонна, картоп – 57,4 мың тонна). Қазіргі уақытта облыс қоймаларына 167 мың тонна тұқым толтырылды. Оның ішінде дәнді дақылдар 103,6 мың тонна (93 пайыз), майлы дақылдар 3,5 мың тонна (107 пайыз), жем 2,4 мың тонна (100 пайыз), картоп 57,4 мың тоннаны (100 пайыз) құрайды. Облыс бойынша дәнді-бұршақты дақылдар тұқымының жалпы тапшылығы 7,4 мың тоннаны (дәнді дақылдар) құрайды, ол басқа көздерден (облыс ішінде, басқа облыстардан, шет мемлекеттерден) тұқым сатып алу есебінен жабылады, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының Өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов биыл  өңірде өсімдік шаруашылығын қолдауға жалпы сомасы 5,9 млрд теңге субсидия бөлінгенін атап өтті. Оның ішінде «Тұқым шаруашылығын дамытуды қолдау» – 1930,8 млн теңге, «Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» – 2 002,6 млн теңге, «Пестицидтердің құнын субсидиялау» – 1642,7 млн теңге, «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға» 316,7 млн теңге бөлініп отыр.

– Биылғы егін науқанына облыс диқандары тыңғылықты дайындықпен келіп отыр. Сонымен қатар, облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан ауқымды шаруа бар. Қазір шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын себу дәрежесіне жеткізу үшін зертханалық тексеруден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, шаруашылықтар минералдық тыңайтқыштарды арнайы жеткізуші мекемелермен келісімшарт жасау арқылы сатып алуда. Ағымдағы жылы өсімдік шаруашылығын қолдауға облыстық бюджеттен жалпы сомасы 5,9 млрд теңге субсидия бөлініп, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 2,4 млрд теңге төленді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын субсидиялаудың барлық бағдарламалары бойынша 13,2 млрд теңге төленді, – деді Е.Мүрсәлімов.

Бұдан бөлек, бөлім басшысы биыл көктемгі егіске қатысатын шаруа қожалықтарының жалпы саны 1234-ке жуықтағанын айтып, шаруалар үшін көктемгі дала жұмыстарына қажет сұйық отынның қоры жинақталғанын жеткізді. Бүгінде облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің бөлінген көлемі бойынша 13,6 мың тоннаға келісім-шарт жасалып, 5,8 мың тоннасы төленді, 4,1 мың тоннасы жөнелтілді. Шаруа қожалықтары бойынша дизель отынының сынамалары бекітілген кесте бойынша жүргізіледі.

– Берілген өтінім бойынша Павлодар облысына көктемгі дала жұмыстарына 25,7 мың тонна (ақпан – 2,5 мың тонна, наурыз –
5,7 мың тонна, сәуір – 11,1 мың тонна, мамыр – 6,4 мың тонна) арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,9 мың тонна немесе 7 пайызға артық (2023 жылы – 23,8 мың тонна). Комиссия отырысымен облыс бойынша операторлар анықталды. Атап айтсақ, «LҒ trade» ЖШС және «ТК Парнас» ЖШС. Операторлық қызметтерді ескере отырып,
1 тонна арзандатылған дизель отынының құны тоннасына 282 мың теңгені немесе литріне 237 теңгені құрады, бұл нарықтағы бағадан (нарықтық құны 295 теңге/литр) 58 теңгеге арзан. Республика бойынша орташа баға операторлық қызметтерді есепке алғанда литріне 250 теңгені құрайды, – деді ол.

Қалай дегенде де егіс даласында ерте көктемнен еңбек көрігін қыздырған Ертіс-Баян өңірінің диқандарының алға қойған мақсаты ауқымды. Ауа райы қолайсыз мінез танытпаса, шаруалар биылғы егу жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтауға иек артып отыр.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.