Аймағымыз Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларынан жоспарлы түрде табиғатты қорғау мақсатында жібе-рілетін суды қабылдауға белсенді дайындалуда. Бүгінгі таңда су қоймаларының жоғарғы Ертіс каскадынан су жіберулер кестесі бекітілді. Биылғы жылы 6,5 млрд м3 астам су жіберіледі деп күтілуде. Болжам бойынша жайылманың 90% су басады деп күтілуде.

 

Осыған орай облыс әкімі аймақтағы су тасқыны және Ертіс өзенінің  жайылмасына су жібері-луіне байланысты жиын өткізіп, әзірлік жұмыстарын пысықтады. Аймақ басшысы бүгінде  облыстағы су тасқыны жағдайы тұрақтанғанын, су басу қауіптері сейілгенін атап өтті.

Су қоймаларынан Ертіс өзеніне кешеден бастап су жіберіле бастады. Негізгі су легі 13-30 сәуір аралығында күтіледі. Су басу қаупі Май, Павлодар және Аққулы аудандарының, сондай-ақ, Павлодар мен Ақсу қалаларының жағалау бойында орналасқан елді мекендерінде бар.

Өңір басшысы жауапты мемлекеттік органдарға қолданыстағы қорғаныс бөгеттерді нығайтуды, қажет болған жағдайда жаңа бөгеттер салуды тапсырды. Сонымен қатар, жайылма алқа-бынан малдарды шығару бойынша халықты уақтылы хабардар ету қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, бұл мәселеге қатысты бұған дейін облыс әкімі Асайын Байханов Instagram парақ-шасында да атқарылып жатқан жұмыстарды атап өткен болатын.

– Биыл соңғы 11 жылда ең көп көлемде – 6,5 миллиард текше метр су келеді деп күтілуде. Жайылымның 90 пайызына жайылады. Жергілікті атқарушы органдар Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментпен бірлесіп, барлық бөгеттерді тексеруде. Бөгеттерді жаңарту, жағаны бекіту жұмыстары Кенжекөл, Атамекен ауылдарында, Ақсудың ГРЭС шағын ауданында, сонымен қатар Май мен Ақтоғай, Тереңкөл мен Аққулы ауданда-рының өзен жағалауындағы ауылдарда басталды. Барлық деңгей-дегі әкімдердің басым міндеті – су жіберу науқанын тұрғындарға зиянсыз, ал өңірдің экожүйесі мен аграрлық секторы үшін барынша пайдалы өтуін қамтамасыз ету, – деді аймақ басшысы.

Аймағымызда табиғатты қорғау мақсатында сондай-ақ Қ.Сәтбаев атындағы каналдан Шідерті өзеніне су ағыны ашылды. Бұл – табиғат балансын сақтап, іргесіндегі елді мекендердің төрт түлігін қысқы азықсыз қалдырмаудың қамы. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, Шідерті өзеніне су жіберу кезінде қазіргі ауа райы, топырақтың ылғалдылығы еске-рілген.

– Су ағызудың басты мақсаты – Шідерті-Өлеңті табиғи-экологиялық аймағының экожүйесін қалпына келтіру және сақтау. Сондай-ақ, мал басын қажетті мөлшерде азықпен қамтамасыз ету көзделеді. Бұл шара арқылы Әулиекөл көлдер жүйесін толықтыруға да оң әсер етеді, – делінген басқарманың ақпаратында.

Шідертіге каналдан су жіберу есебінен Екібастұз қаласының және Ақтоғай ауданының ауылдық аймақтарындағы шабындық алқаптар суарылады. Қазақстан Республикасының Су ресурс-тары және ирригация министрлігі 87,45 млн текше метр шегінде каналдан су жіберудің жалпы көлемін бекіткен. Былтырғыдай су жіберу үш жерден жіберілмек.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ. Сурет газет мұрағатынан алынды.