Бидайды Қазақстанға, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден автомобиль, су және темір жол көлігімен әкелуге тыйым салу белгіленді. Тыйым салу туралы 2024 жылғы 11 сәуірдегі №125 бұйрыққа ауыл шаруашылығы министрі қол қойды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, уақытша тыйым салу 2024 жылғы 12 сәуірден бастап 6 ай мерзімге қолданылады.

– Тыйым Қазақстан аумағы арқылы бидайды темір жол көлігімен транзиттік тасымалдауға, сондай-ақ, ұн тарту және құс шаруашылығы кәсіпорындары үшін бидай әкелуге қолданылмайды. Әкелінген бидайды ішкі және сыртқы нарықтарда сатуға болмайды, – деп толықтырды АШМ.

Естеріңізге сала кетейік, ресейлік бидайды автокөлікпен әкелуге тыйым салуды Қазақстан 2023 жылғы 10 сәуірде жарты жыл мерзімге енгізген болатын. Мұның себебі – контрабандалық жүктер ағынында. Осыдан кейін, 2023 жылдың қазан айында тыйым ұзартылды. Сонымен қатар, құс фабрикалары, ұн тарту компаниялары мен лицензияланған элеваторларды қоспағанда, теміржол арқылы әкелуге тыйым салынды.

 

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.