Крематорларды қолданып көрмек

Шіл 17, 2025

Бүгінде облыста 239 мал қорымы бар. Оның тек 33-і ғана типтік, яғни барлық санитарлық нормаларға сай салынған. Қалғаны қарабайыр шұңқырлар түрінде жасалған. Қазіргі таңда Баянауыл мен Ертіс аудандарында екі қорымның жобалық-сметалық құжаты әзірленіпті.

Облыстық ветеринария басқар-масының басшысы Асылтас Тілеубаевтың айтуынша, бүгінде бір мал қорымының құрылысына
50 млн теңге қажет. Сәйкесінше, ары кетсе жылына екі қорым салуға қаржы қарастырылуы мүмкін. Ал бүгінде облыста 206 мал қорымын салу керек. Сондықтан, құзырлы орган малдың өлексесін көмгеннің орнына крематорларда жағуды жөн көріп отыр.

— Көрші Ресей елінде қолданылып жатқан крема-торлардың қалай жұмыс істейтінін көріп, танысып келдік. Оның құны 15 млн теңге тұрады. Аймағымызда мал қорымынан бөлек 22 инсинератор жұмыс істейді. Бірақ бұл құрылғы жанар-жағармаймен жұмыс істейді. Жиі істен шығады әрі шығыны өте көп. Ал крематорларға көмір қолданылады. Бір жолы
500 келіге дейін биоқалдықты жағуға қауқарлы. Одан небары 32 келі күл шығады екен. Жалпы, көптеген дамыған елдерде осы екі құрылғы арқылы биоқалдықтарды жояды. Экологиялық тұрғыдан да ауаға зияны жоқ деп танылған, — дейді Асылтас Абылайұлы.

Басқарма алғашқысын Павлодар қаласына қарасты Жетекші ауылына алып, жұмысын тексеріп көрмек. Депутаттармен, мамандармен бірлесіп, тиімділігін бағаламақ. Егер тиімді деп танылса, одан әрі қарай «Жол картасын» құрып, 3-5 жыл аралығында әр ауылдық округке алуды көздеп отыр.

Қазіргі таңда аймақта 126 ауылдық округ бар, олардың 41-інде типтік ветеринарлық пункт жұмыс істейді. Тағы 17 округте блок-модуль бар. Алдағы уақытта бұл бағытта да жұмыс жүргізу көзделіп отыр. Мұның бәрі мал ауруларының алдын алу, ветеринарлық жағдайды жақсарту мақсатында қолға алынбақ.

Мал ауруларының алдын алу шаралары бүгінде нәтиже бере бастаған. Өткен жылы 8 қолайсыз ошақ анықталып, карантин жарияланып, тиісті шаралар қолданылған. Оның жетеуі сарып дертіне байланысты болса, біреуі жылқының линфангит (пима) ауруы бойынша шектеу қойылған. Биыл мұндай қолайсыз ошақ тіркелген жоқ. Бірақ малдың сарып ауруы деректері бар. Алты айда 277  мың
бас қара малдың, 353 мың ұсақ малдың қаны зертханада тексерілген. Олардың ішінде 1843 бас қара мал мен 86 бас ұсақ малдан бруцеллездің оң нәтижесі алыныпты. Бұл малдарды 15 күн ішінде талапқа сай санитарлық мал сою орындарына жөнелткен. Айта кетерлігі, өткен жылдың жартыжылдығымен салыстырғанда ауру санының азайғаны байқалады. Облыста 131 сібір жарасы көмілген жер бар. Олардың ең алғашқылары осыдан 90 жылдан астам бұрын көмілсе керек. Барлығын құзырлы орган екі метрлік қоршаумен қоршап, көктем-күзде санитарлық жағдайын бақылап отыратынын атап өтті. Бұл орындардан 1 мың метр радуистағы аумақты ешбір мақсатқа пайдалануға болмайды.

Бүгінде облыста жалпы 535 мың бас ірі қара мал, 702 мың ұсақ мал, 90 мың жылқы және 162 бас түйе тіркелген. Басқарма басшысының айтуынша, жеке аулаларда төрт түлік саны кемігенімен, шаруа қожалықтар қатары артып, мал көбейген. Былтыр Баянауыл ауданына 150 бас түйе әкелініпті. Іскер азаматтардың бірі шұбат өндірісін қолға алуды көздеген көрінеді.

Құзырлы орган ит пен мысықты есепке алу бағытындағы жұмыстарды да мәлімдеді. Елімізде көптің шағымы негізінде қаңғыбас ит-мысықты мамандар «Жануарларға жанашырлықпен қарау туралы» заңына сәйкес ұстап, тиісті шараларды орындайды. Биыл 452 қаңғыбас итті ұстаған. Бүгінде 308 ит — уақытша оқшаулау орнында. Бұл мекенде иесіз иттер заңға сәйкес 60 күн ұсталады. Осы уақыт аралығында оларды есепке алады, таңбасын салады, ұрықсыздандырады, бойында қандай да бір ауру-сырқаудың бар-жоғын анықтайды, тиісті екпе салынады. Қоғамға қаупі жоқтарын алған орнына апарып босатып жібереді. Биыл мұндай ит-мысықты ұстауға 4 млн теңге бөлініпті. Ал уақытша оқшалау орындарына 53 млн теңге қазына қаржысы қарастырылған. Одан бөлек, заңға сәйкес үй жануарларын есепке алу жалғасуда. Бұл жұмыс tanba ақпараттық жүйесі арқылы атқарылады. Бүгінде 4751 ит-мысық тіркеуге қойылған. Оларға чип тағылған.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.