Облыста дәнді дақылдарды жинау жұмыстары аяқталып, майлы дақылдарды жинау науқаны басталды. Биыл облыс бойынша егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде майлы дақылдардың егіс көлемі екі есе ұлғайған. Оның ішінде Успен, Аққулы және Павлодар аудандарында майлы дақылдардың алқабы айтарлықтай кеңейді.
Бұрнағы күні аталған көрсеткіш бойынша көш бастап тұрған Павлодар ауданына барып, іссапар барысында «Әділ» шаруа қожалығының күзгі жиын-терім жұмыстарымен таныстық.
Көгі майса, жұрты жайсаң Павлодар ауданы қашан да өзінің ауыл шаруашылығы өнімдерімен мақтана алатыны белгілі. Дақылдың қай түрі болмасын өнім беретін аталмыш ауданда әсіресе майлы дақыл өсіруде облысымызда алдыңғы қатарда тұрған өлке екені де рас. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биыл аудан бойынша майлы дақылдар 29 906 гектарға отырғызылды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 18 мың гектарды құрайтын. Яғни, ағымдағы жылы майлы дақылдардың алқабы 11 мың гектарға кеңейді. Оның ішінде күнбағыс
29 896 гектар жерге егілген.
Байқағаныңыздай, соңғы жылдары ауданда дәнді дақыл алқабы азайып, керісінше, майлы дақылдардың көлемі ұлғаюда. Мұның себебі де белгілі. Астық тәуір шыққан жылдары бидайдың бәсі түсіп кететіні шындық. Сұранысы төмен астық дақылдарын майлы дақылдарға ауыстыру шаруаларға тиімді көрінеді. Мәселен, «Әділ» шаруа қожалығының директоры Иван Богомоловтың айтуынша, егіншілікті әртараптандыру бағдарламасына сәйкес қазір барлық өңірде көп болмаса да, дәнді дақылдар егу көлемі азайды. Есесіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сұранысқа ие майлы дақылдарды өсіруге бет бұруда. Себебі егіншілік жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – ауыспалы егісте егістікті ұтымды пайдалану. Бұл егіншілік дақылына, шаруашылықтардың бағытына, өндірілетін өнімді өткізу нарығына байланысты болмақ.
— Ағымдағы жылы дәнді дақылдардың орнына майлы дақылдардың егістік алқабын кеңейтіп, күнбағыс, тары, қарақұмық егуді қолға алдық. Біздің шаруашылыққа тиесілі егістік көлемі 3 мың гектардан асады. Оның ішінде біз биыл 700 гектар жерге қарақұмық, 300 гектар алқапқа тары және 2 мың гектардан астам жерге күнбағыс ектік. Бүгінгі таңда қарақұмық, тары толығымен жиналды. Ал күнбағыс жинау жұмыстарын ауа райына байланысты осы айдың соңына қарай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазір күнбағыс егілген әрбір гектардан 23-25 центнерден өнім алудамыз. Жалпы, күнбағыстан жоғары өнім алу үшін оны жақсылап күтіп-баптау керек. Тұқым себерден бұрын алдымен топыраққа агротехнологиялық зерттеу жүргіздік, сосын барып тыңайтқышпен қоректендірдік. Өйткені күнбағыс құнарлы топырақта жақсы өседі. Климаттың ерекшелігін ескере отырып, бұл майлы дақылдардың
жоғары сұрыбын таңдап алдық. Сондай-ақ, бұл дақылды өсіргенде ауыспалы егіс талабын қатаң сақтау керек, — деді шаруашылық басшысы.
Сонымен қатар, Иван Богомолов егістік жермен тұрақты айналысу үшін шаруаларға жаңа техниканың ауадай қажет екенін айтты. Шаруа қожалығының басшысы биыл мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде отандық өндірушілерден екі бірдей «Essil» жаңа комбайнын сатып алғанын жеткізді. Әр комбайнның құны 90 млн теңгеден асады.
— Майлы дақылдан сапалы өнім алу үшін заманауи техниканың көмегіне жүгінген абзал. Бұл ретте біз отандық кәсіпорынның көмегіне жүгіндік. Мысал үшін, биыл біздің ауыл шаруашылығы техникалық базамыз қостанайлық зауыттан шыққан екі жаңа комбайнмен толықты. Алдағы уақытта жер өңдейтін және астық оратын жаңа техникалар алуды да жоспарлап отырмыз. Бұл ретте әрине, Үкімет тарапынан жеңілдетілген несие алудың қажеттілігі туындайды. Егер ауыл шаруашылығы бағытындағы мұндай несиеге қол жеткізсек, жаңа техникалар санын көбейтеміз. Бұл кез келген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қажет. Сондай-ақ, дәнді және майлы дақылдардың кең көлемін сақтауға мүмкіндік беретін жаңа заманауи сақтау қоймаларын салу жоспарымызда бар. Қазір шаруашылыққа тиесілі сақтау қоймасы тек мың тонна азық қабылдауға қауқарлы, — деді ол.
«Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес». Бұл – биылғы Президент Жолдауындағы агросектор саласына қатысты айтылған ой. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу үшін жеті ірі экожүйе қалыптастыруға болатынын алға тартқан Мемлекет басшысы майлы дақылдарды өңдеу мен олардан өнім өндірудің де маңыздылығын атап өтті. Жалпы, облыстағы майлы дақылдар өнімдерінің көлемін ұлғайту мақсатында жаңадан май өңдеу зауытын ашу, оған қоса майлы дақыл шикізатын өңдейтін өндіріс орындарын кеңейту жоспарланған болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы 2-3 жыл көлемінде орындалмақ. Осылайша ауыл шаруашылығы саласының мамандары жоғарыда аталған жобаларға байланысты алдағы үш жыл көлемінде облыстың майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындары жұмысын ұлғайтуды көздеп отыр. Міне, осыған байланысты облыс бойынша майлы дақылдар егілетін егіс алқаптарының көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Павлодар ауданы.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ