Кәдеге жаратылмай жатқан жер телімдерін тездетіп іскерлердің қолына өткізу қажет. Құзырлы орган осы ұстаныммен жер телімдерін үнемі түгендеп, бос жерлер туралы ақпаратты әкімдіктердің сайттарына орналастырады.
Яғни, сайтта жер телімі туралы толық ақпарат беріледі. Жер алып, іс бастауды немесе кәсібін кеңейтуді мақсат еткен жандар конкурсқа қатысып, қол жеткізе алады. Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов мәлім етті. Ал пайдаланылмайтын немесе заңнаманы бұза отырып қолданылып жатқан жер учаскелерін құзырлы орган мемлекет меншігіне алып қояды.
— Биыл наурыз айында аймағымызда ерекше комиссия құрылды. Бұл комиссия жер инспекциясы тексеріс жүргізіп, жергілікті атқарушы органдар жер пайдаланушыға жерді заңнаманы бұза отырып бергені туралы қаулы шығарған жағдайларды қарайды. Бұрын мұндай жер телімдері сот арқылы мемлекеттік жер қорына қайтарылатын. Кейбір жер пайдаланушылары жердің заңсыз берілгенінен бейхабар болады. Комиссия отырысында жер заң талабына қайшы берілгенімен оны азамат тиімді пайдаланып отырғанын көрсе, оны қалдырудың жолдарын заң шеңберінде қарастырады. Яғни, барлығынан жерді тартып алу, бизнесті бұзу мақсаты жоқ. Алайда, кей жағдайларда қайтаруға тура келеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы жерінде топырақ құнарлығын төмендетіп, тиісті мелиорациялық шаралар қолданбаған кәсіп иелеріне бір жыл уақыт беріледі. Осы аралықта өзгеріс болмаса, сот арқылы мемлекетке қайтарады. Мұндай деректер бар, — дейді Мұрат Хамитов.
Басқарма басшысы тағы бір мысал келтірді. Айтуынша, Ақсу қаласының ауылдық аймағында елді мекеннің аумағына кіретін жер телімі ауыл шаруашылығы мақсатында берілген. Жер кодексі мұндайға тыйым салады. Алғаннан кейін де әлгі азамат 2 мың гектар жер телімін игермеген, еш кәдеге жаратпаған. Сәйкесінше, сот арқылы мемлекетке қайтарылыпты.
Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері конкурстық негізде 10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Былтыр жалпы ауданы 212 мың гектар болатын 609 учаске ауыл шаруашылығы мақсатында үлестірілген. Оның ішінде жер пайдаланушылардың ерікті түрде бас тартуына немесе жалдау мерзімінің аяқталуына байланысты бұрын мемлекеттік меншікке қайтарылған 77 мың гектар жер де қайта айналымға тартылды. Биыл ауыл шаруашылығы айналымына 180 мың гектар аумақты тарту көзделген. Бүгінгі таңда 42,3 мың гектар айналымға тартылған.
Құзырлы орган өкілі бүгінде бизнес үшін жер алудың екі әдісі барын да атап өтті. Біріншіден, азамат учаскені өзі таңдап, оны көрсетіп, аукционға шығаруға ұсыныс береді. Екіншіден, аукционға қойылатын жер учаскелерінің тізбесін жергілікті атқарушы орган түзеді. Аукцион жеңімпазын анықтауда қатысушылардың ағылшын сауда-саттық әдісі бойынша (бағаны көтерумен) ұсынған бағасы басты критерий ретінде назарға алынады. Бүгінгі таңда облыс бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктері 220 млн теңгеден астам сомаға ауданы 105 гектарға 36 аукцион өткізді.
Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелеріне келсек, облыс көлемінде арнайы есепке үш қала мен Баянауыл, Павлодар аудандарында алынады. Мұнда жер телімін күткендерден 62 179 өтініш тіркелген. Оның 39 мыңнан астамы Павлодар қаласында, 11 мыңнан астамы Екібастұз және 6 мыңға жуығы Ақсу қаласында есепте тұр. Баянауыл ауданында жеке тұрғын үй құрылысына жер алуға 4 242 адамнан және Павлодар ауданында 1 227 азаматтан өтініш тіркелген. Облыстың өзге аудандарында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімі өтініштердің түсуіне қарай бірден бөлінеді.
Биыл облыста 104 жер учаскесі бөлінген. Ақсу қаласында – 27, Екібастұзда – 40, Павлодар қаласында – 1, Павлодар ауданында 16 жер учаскесі үлестірілген. 20 жер телімі басқа аудандарда берілген.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.