Лизингке алу лезде ме?

Там 28, 2025

Елімізде шаруалар ескі техникаларын азайтып, орнына жаңасын лизингке алғысы келсе, бұрынғыдай бума-бума құжат жинап, оны облыс орталығына жеткізіп, әлек болмайды. Арнайы платформа арқылы өтінім беріп, небары 10-15 минут ішінде жауабын да алып үлгереді.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ бұған дейін онлайн өтінімдер қабылдап келген платформаны жетілдіріп, шаруаларға барынша оңтайлы еткен екен. Бұл туралы акционерлік қоғам басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаевтың айтуынша, бұрын онлайн берілген өтінімге екі күнде жауап беріліп келген. Мамандар жетілдіріп, жеңілдете түскен. Өңірімізге арнайы келген компания өкілдері аймағымыздың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне техниканы тез алудың тетігін түсіндіріп, артықшылықтарын айтып берді.

— Платформаның жеңілдетілген түрін іске қосқанымызға 1 айға жуықтады. Осы аралықта еліміз бойынша 100-ден астам өтінім түсті. Платформамыз мемлекеттік деректер базасымен кіріктірілген. Бәрі мұнда автоматтандырылған. Өтінім берген шаруаның барлық деректері көрініп тұрады. Сәйкесінше, аз уақыт ішінде өтінімнің мақұлданғаны немесе бас тартылғаны туралы шешім шығады. Осылайша, шаруалардың бұрын құжат жинауға, жолға кететін уақытын әжептәуір үнемдейді, — дейді Еркебұлан Ерланұлы.

Павлодар облысында 5 фермер жаңа жүйе арқылы өтінім беріп, оң жауап алған. Жалпы, аймағымыз кредиттік портфель көлемі жағынан елімізде алғашқы төрттікке кірген. Өңіріміздегі филиал да ірілер қатарына жатады. Жыл сайын жасалған келісімшарттар бойынша қаржыландырудың артқаны байқалады.

Айта кетерлігі, компанияның Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқанына биыл — 25 жыл. Міне, осы аралықта облыс шаруалары 140 млрд теңге көле-мінде қаржыландырылған. Яғни, 5700-ден астам техника сатып алыпты. Биыл жалпы сомасы 19 млрд теңгеге өтінім берілген. Бұл дегеніңіз, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер 700-ге жуық техника сатып алуды көздеген. Бүгінде 17 млрд теңгеге 600 техника беріліпті.

2025 жылы алғаш рет Қазақстанда жеңілдікті қаржы-ландыру 250 млрд теңгеге жеткен.

— Бұрын техникаға қаражат нарықтық шарттармен үлестіріліп келді. Ал енді мемлекет несиені таза 5 пайызбен береді. Сәйкесінше, шаруаларға ертеректе сияқты айлап, жылдап субсидияны күтудің қажеті болмайды. Себебі, кезінде субсидияның кеш түсуі кейде шаруаларға қиындық тудыратын, — дейді компания өкілі.

Бүгінде лизинг сомасына еш шектеу жоқ. Бастысы, шаруалардың несиені қайтаруға шамасы келетіні, жері мен шаруашылықтағы тірлігі, мал басы, өндіріс қуаты ескеріледі. Оның бәрі базада айқын байқалады. Мәселен, шағын фермерлер құны 20 млн теңгелік трактор сатып ала алатын болса, ірі шаруашылықтар құны екі млрд теңгеге жуықтайтын алып техникаларға өтінім бере алады. Техника лизингке 10 жылға дейін беріледі. Ай сайын емес, жағдайына қарай тоқсан сайын немесе жарты жыл сайын төлеу тәсілімен берешектен құтылады. Өтінімді мақұлдау кезінде жүйе шаруалардың салық бойынша қарызының, соттық істердің бар-жоғын ескереді, екінші деңгейлі банктерден алған несиені төлеуде кешіктірулеріне де қарайды. Яғни, мұндай кемшіліктерді база көріп тұрса, өтінімді қанағаттандырудан бас тартады. Қысқасы, шаруаның төлем қабілеттілігі басты назарда болады. Десе де, бір рет мақұлданбаса, шаруалар барлық жұмысын реттеп, қарызын төлеп, қайтадан өтінім беруге жол ашық. Сонымен қатар, шаруа-ларда қуаңшылыққа немесе ауа райының жағдайына байланысты мал басынан айырылу кездерінде лизинг несиесін төлеу мерзімін кейіндету мүмкіндіктері де қарастырылады. Өйткені, компания шаруалардың жұмысын жалғастыруға жағдай жасауды негізгі мақсат еткен. Ал өңіріміз агроөнеркәсіптік әлеуеті жоғары аймақтар қатарында болғандықтан, облыс компания үшін үлкен маңызға ие екенін қаржылық ұйым өкілі баса айтты.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.