Былтыр өңірімізде құрғақшылық орын алып, облыс бойынша жем-шөп дайындау барысы бірқатар қиындық туғызғаны белгілі. Шаруалар тарапынан және өзге өңірлерден мал азығына сұраныстың артуына байланысты бір бума (пресс) шөптің бағасы 5000-7000 теңгеге дейін көтерілгендігі шаруаларды есеңгіретті. Бұл ретте осы келеңсіз жағдайларды қайтадан болдырмау мақсатында облыс әкімі Асайын Байханов жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, межелі міндет қойды. Биыл аталған бағытта қандай жұмыстар атқарылды? Көпжылдық шөптердің алқабы кеңейді ме? Бір тонна шөптің бағасы қанша?
Қазіргі таңда мал азығын дайындау — күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі. Өйткені мал азығы — ертеңгі ел азығы екені баршаға мәлім. Қазақта қыстың қамын жаз ойла деп бекер айтылмаған. Бұл нақыл сөз қыс мезгіліне дайындықты ерте бастан жасау қажеттігі жайында айтылса керек. Сондықтан алдағы қысқа дайындықтың ең маңыздысы — мал азығын әзірлеу. Осы орайда біз де облысымыздағы шөп шабу науқанын қорытындылап, биылғы мал азығының бағаларын бағамдап көрдік. Жауапты сала мамандарының мәліметіне сүйенсек, облысқа қарасты аудандар мен елді мекендердің орналасуы мен аталған жерлердің құнарлығына байланысты ағымдағы жылы бір бума шөптің бағасы 1200-3000 теңге шамасында саудалануда. Ал мал азығының бір тонна бағасы 10-15 мың теңгеге дейін жетеді.
Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімовтің айтуынша, төрт түлікті қажетті шөп қорымен толық қамтамасыз ету үшін облыста 1870,8 мың тонна шөп (бір жарым жылдық қор 1 823,0 мың тонна) дайындалды.
— Ағымдағы жылы облыста 265 мың тонна көпжылдық шөптер, 104 мың тонна біржылдық шөптер, сондай-ақ, 194 мың тонна пішендеме, 182 мың тонна сүрлемдер және 317 мың тонна сабан дайындалды. Ал жайылымдардан шабылған шөптің көлемі 155,8 мың тоннаны құрады. Биыл жем-шөп дайындауға 9 мыңнан астам кенеп, 5 189 трактор, 525 пресс-жинаушы, 863 шөп тиегіш және шөп тасуға 2 064 тіркеме тартылды, — деді ол.
Айта кетейік, облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасымен өңірде шөп өндіруді және еріген суды тиімді пайдалануды одан әрі арттыру мақсатында инженерлік құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары жоспарлануда. Мәселен, алдағы уақытта Май ауданы Қолыбай сағасы массиві 14,6 мың гектар алаңға, Баянауыл сағасы 6,7 мың гектар аумаққа кеңеймек. Бұл сағадағы шабындықтардағы шөптердің өнімділігін гектарына 20 центнерге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта «Бұзылған жайылымдар мен шабындықтарды игеру» бағдарламасының жобасы әзірленуде. Бұл бағдарламаға сәйкес елді мекен жерлеріндегі жайылымдарды және сағалық суармалы шабындықтарды қайта қалпына келтіру, жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
А.МҰҚЫШЕВ.