Мал қыстауы – бақылауда

Қаз 23, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Павлодар облысында мал қыстауына дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырболат Байсаринов пен бас маман Айдос Жақыпов баяндады.

Мамандардың айтуынша, 2025–2026 жылдардағы қыстау кезеңіне өңірде 485 мың ірі қара, 651 мың қой мен ешкі, 296 мың жылқы, яғни барлығы 695 мың шартты мал басы кіреді. Оның  ішінде ірі қара малдың 63 пайызы – шаруа қожалықтарында, 37 пайызы – жеке қосалқы шаруашылықтарда. Қой мен ешкі тең дәрежеде – шамамен 50 пайыздан, жылқы — 69 пайыз, құс 82,5 пайыз деңгейінде шаруашылық құрылымдарына бөлінген. Ағымдағы  жылы жалпы шабындық алқап көлемі 1 млн 423 мың гектарды құраған. Мал шаруашылығын жем-шөппен толық қамтамасыз ету  үшін облыс бойынша 1 млн 215 мың тонна шөп жиналған. Соның  90,8 мың тоннасы — пішендеме, 195 мың тоннасы — сүрлем, 213 мың тоннасы — құрама жем, 317 мың тоннасы — сабан. Бұл жоспардың толық орындалғанын көрсетеді. Бұған қоса, өткен жылдан қалған 620 мың тонна шөп, 26 мың тонна пішендеме, 69 мың тонна сүрлем, 18,9 мың тонна сабан қоры бар. Қазіргі таңда қысқы тұрақтарға жалпы дайындалған жем-шөптің 73 пайызы, яғни 885 мың тоннасы жеткізілген. Жұмыстар барлық  аудандарда жалғасуда. Облыс аумағында 1018 жайылымдық учаске болса, соның 495-і қыс мезгілінде пайдаланылады. Барлық шаруашылықтар ауылдық округ әкімдіктерімен тұрақты байланыста. Қатты боран немесе үскірік жағдайында малды тебінде ұстау үшін арнайы жылы қоражайлар қарастырылған. Электр  энергиясы мен су көздерімен қамтылған шаруашылықтар қысқа толық дайын. Мал шығыны тіркелмеген, әлсіз мал басы байқалмаған. Сонымен қатар, ветеринариялық қызмет саласы аса қауіпті аурулардың алдын алу шараларын уақытылы жүргізіп отыр. Басқарма өкілдерінің айтуынша, облыста жем-шөптің бағасы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен жоқ, шамамен 5–10 пайызға ғана артқан.

– Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға мемлекет тарапынан субсидия қарастырылғанымен, 2024 жылдан бастап бұл қолдау тек төтенше жағдай кезінде ғана беріледі. Соңғы рет мұндай көмек 2023 жылы көрсетілген болатын. Қазіргі таңда аудандардағы әкімдіктер ірі шаруа қожалықтарымен келісім жасап, жеке қосалқы шаруашылықтарға тиімді бағамен жем-шөп сату мәселесін шешуде, – деді  Айдос Жақыпов.

Сонымен қатар, шаруаларға жанармай мен бос жер телімдері бөлінген. Бұл мал иелерінің өз қажетіне шөп дайындауына мүмкіндік беріп отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, барлық бағыттағы жұмыстар жалғасуда, мал қыстауы өңір әкімдері мен облыс басшылығының бақылауында.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК.