Павлодар ауданында көкөніс шаруашылығы — алдыңғы қатарлы салалардың бірі. Жыл сайын аталмыш аудандағы шаруалар мол өнім жинап келеді. Осы бағытта іргелі іс атқарып жүрген кәсіпорындардың бірі — «Радуга» шаруа қожалығы.
Көкөніс өнімдерімен айналысатын жас фермер Станислав Ким әке жолын абыроймен жалғастыруда. Шаруашылықтың іргетасын әкесі Владимир Ким 2005 жылы қалаған. 2017 жылдан бастап шаруашылық тізгінін ұлы өз қолына алған. Содан бері сегіз жыл ішінде қожалық жаңа деңгейге көтеріліп, заманауи технологияларды енгізген.
— Қазіргі таңда егістіктің жалпы жер көлемі 85,9 гектарды құрайды. Соның ішінде 45 гектар аумаққа сәбіз егіледі. Бұрын картоп та өсірген едік, алайда толықтай тамшылатып суару жүйесі енгізілген соң бұл бағыт уақытша тоқтап тұр. Картоптың «Коломбо» (ерте пісетін) «Гала» (кеш пісетін, сақтау мерзімі ұзақ) сұрыптары жақсы өнім береді. Ал сәбізден ерте пісетін «Каспи», «Абзаро», кеш пісетін «Каскад» сұрып-тары өсіріледі. Атап айтқанда, «Абзаро» – 11 гектар, «Каспи» – 34 гектарға салынды. Вегетациялық кезең табысты өтіп, ірі әрі сапалы өнім алдық. Жиын-терім жұмыстары 16 шілдеде басталып, 3 қыркүйекте толық аяқталды, — деді «Радуга» шаруа қожалығының басшысы Станислав Ким.
Маусымдық жауын-шашынның көп болуы шаруаларды әбігерге салған. Жердің дымқыл болуы өнім сапасына және жинау жұмысына кері әсерін тигізген. Дегенмен шаруалар жұмысты ерте бастағандықтан, ауа райы айтарлықтай кедергі келтірмеген. Жұмыс күшінің тапшылығына қарамастан, егістік жұмыстары алғашқы қар түскенге дейін аяқталған.
Өнім жинау кезінде 8 сағаттық жұмыс ақысы қыркүйекте 10 мың теңге болса, қазір 20 мыңға жеткен. Алайда бұл кәсіпкерліктегі механикаландыру мәсе-лесін толықтай шеше алмайтын көрінеді. Себебі, көкөніс жинайтын комбайндар мен заманауи технологиялар қымбат, көбіне еуромен сатылып, үстінен қосылған құн салығы (ҚҚС) алынады. Сондай-ақ, дайын өнімді сақтайтын қойма мен тасымалдау техникасының жетіспеушілігі қол байлайтын көрінеді.
Шаруашылықтағы заманауи техно-логияларға келер болсақ, 2018 жылдан бастап қожалық кезең-кезеңімен тамшылатып суару жүйесіне көшкен. Қазір егістік 100 пайыз тамшылатып суарылады. Бұл әдіс тыңайтқыштарды өсімдік тамырына дәл жеткізуіне мүмкіндік береді, соның нәтижесінде өнім сапасы артып, шығын азаяды.
— Соңғы жылдары шаруашылығымызда тракторлар толық жаңартылды. Қуаты мол су электр сорғысын орнаттық. Болашақта сәбіз жинайтын комбайн, жаңа қойма және тұқым себетін машина алу жоспарда бар, — деді Станислав Ким.
Ағымдағы жылы өнім жинау науқанында 180 адамға дейін жұмысқа тартылған. Жиналған сәбіздің көп бөлігі еліміздің оңтүстігіне жөнелтілген. Себебі, өнімге деген сұраныс жоғары әрі өткізу нарығы тұрақты.
Шаруашылық иесінің айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың көмегі мол. Аудан әкімдігі мен ауыл шаруашылығы басқармасы суды, химиялық тыңайтқыштарды және техниканы субсидиялау арқылы көмек көрсеткен. Кәсіп иелері «Кең дала 2», «Ауыл аманаты» сияқты бағдарламалар арқылы қаржылай қолдау алған.
Жас басшының еңбексүйгіштігі мен жаңашылдығының арқасында қожалық тұрақты табысқа қол жеткізіп, ауданның экономикалық дамуына үлес қосып отыр.
Сара АВДОЛ.
