Орманның көркі – жабайы аң

Ақп 20, 2025

«Ертіс орманы» резерватында жыл санап саны артып келе жатқан жабайы жануарларға қысқы жем-шөп дайындау жұмысы қызу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде қайыңның жапырағы қалың бұтағынан 3 мың дана азықтық сыпырғыш дайындалып, жануарлардың қыста азық тапшылығын сезінбеуі үшін 150 центнер жем-шөп пен 2 мың келі тұз жеткізілді.

Бүгінгі таңда орманшылар жабайы жануарлардың азығын дайындауға кірісіп кеткен. Олар жыл сайын қыс мезгілінде «орман иелеріне» қорек тасып, жабайы аң-құстардың есебін жүргізеді. Осылайша, аңдардың азығына лайықты кесілген ағаштардың діңгектері ойылып, арнайы астау- лар ілініп, оған жем-шөп, тұз салып қояды. Осындай жұмыстың арқасында облыстың аңшылық алқаптары өз байлығын сақтап, аймақтың ажарын арта түсіруде.

– Жануарларға қыс кезінде қалың қар астынан азық табу қиын. Сондықтан биотехникалық шаралар мен қысқы азықтандыру жұмыстары аясында орман резерватында мекен ететін жабайы жануарларға биыл 150 центнер шөп пен 2 мың келі тұз дайындалды. Сондай-ақ, 3 мың дана азықтық сыпырғыш әзірленіп, 32 гектар жерге жем-шөп алқаптары егілді. Бұдан басқа, күзде жауыннан, қыста аяздан, бораннан қорғайтын күркелер жасалды, — дейді орманшылар.

Табиғат жанашырларының бірі — «Сейтен» орманшылығының аңшылықтанушысы Жасқайрат Қайкеннің айтуынша, жабайы жануарлар популяциясын қолдау үшін аңшылық шаруашылықтары қажетті азық-түлік жинап, қыста алдын ала дайындалады. Бұл — мұқият жоспарлау мен күш-жігерді қажет ететін маңызды әрі жауапты жұмыс.

— Суық ауа райының басталуы-мен жануарларды қажетті қоректік заттармен қамтамасыз ету үшін азықтандыру жұмыстары басталды. Ол үшін арнайы жабдықталған тамақтандыру алаңдарына жануарлардың денсаулығын нығайту үшін қажетті тұз, қоректік заттарға бай астық пен шөп, қосымша жем көзі ретінде ағаш бұтақтарының тал жапырақтары қойылады. Себебі, қар жамылғысы қалың болған кезде қосымша азық беру қажет. Сонымен қатар, жануарлар өздеріне азық табулары үшін жолдарды қардан тазартамыз. Мұндай шаралар жануарлар әлемін қорғауға, табиғи тепе-теңдікті сақтауға және олардың санының тұрақты болуына ықпал етеді, — деді ол.

Айта кету керек, жабайы табиғатты азықтандыру — тек табиғатты күту емес, сонымен қатар, биоәртүрлілік пен экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған әрбір аңшылық шаруашылығының міндеті. Қазіргі уақытта аталмыш резерват аумағында сүтқоректілердің 40 түрі және құстардың 39 түрі мекен етеді. Қорық аумағында бұлан, елік, қасқыр, қоян, түлкі, сілеусін, қарсақ, борсық, тиін, құр, шіл мекендейді. Сондай-ақ, еліміздің «Қызыл кітабына» енген орман сусары, безгелдек, ителгі, сібір елігі бар. Аңшылықтанушылардың мәліметінше, былтырмен салыстырғанда биыл сілеусіндердің саны 23 дараққа көбейгені байқалады. Борсықтардың саны да өткен жылмен салыстырғанда 176 дараққа өсіп, 626-ға жеткен.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.