Отандық техника сұранысқа ие

Сәу 10, 2025

Өмір өзегі ауыл шаруашылығы өнімдеріне келіп тірелетіні рас. Сондықтан да Үкіметіміз ауыл еңбеккерлерінің тиімді еңбек етуіне, ол үшін жаңа технологиямен жұмыс істеп, жоғары өнімдерге қол жеткізуіне көңіл бөліп келеді. Нәтижесінде, соңғы екі жылда өңір аграрийлері мыңнан аса отандық және шетелдік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Жыл соңына дейін олардың қатары тағы да толыға түспек. Жалпы облыстағы ауыл шаруашылық құрылымдарында қазір қанша техниа бар, олардың жағдайы қалай? Шаруалар мемлекет тарапынан жасалып жатқан қаржылық шаралардың игілігін көріп жатыр ма?

Мемлекет басшысы ауыл шаруа-шылығы техникаларын уақытылы жаңартып тұруды тапсырып, көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терімге жеңілдікпен берілетін несиені
1,5 трлн теңгеге дейін арттыру керек деген еді. «Инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 млрд теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 млрд теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарады», — деген еді Президент.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға субсидия көлемі ұлғайтылды. Ауылшаруашылық министрінің бұйры-ғымен бекітілген Ережеге сәйкес ауылшаруашылық техникаларға республикалық бюджеттен 25 пайыз субсидия төленеді. Сонымен қатар, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылық техникаларын лизингке алу кезінде бірінші төлемге (15 пайыз) шаруашылықтың қаражаты болмаған жағдайда тиісті субсидияның ақшасын бірінші төлем жасауға мүмкіндік бар. Үкімет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктердің игілігін облыс аумағындағы шаруалар да көріп келеді. Мәселен, Павлодар облысы бойынша инвестициялық субсидия- лау бағдарламасы аясында 2024 жылға бекітілген бюджет 9 088,1 млн теңгені құрады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 2166,3 млн теңге субсидия-
лар берілді. Атап айтсақ, «Ауыл шаруашылығы техникаларын, машиналары мен жабдықтарын сатып алу» жобасы бойынша 652,8 млн теңге сомасына 292 өтінім қабылданды. Сондай-ақ, «Сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу» жобасы бойынша 1 513,5 млн теңге сомасына 248 өтінім берілді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда облыстың әртүрлі ауыл шаруашылығы құрылымдарында 49 868 бірлік техника мен құрал-жабдықтар бар. Оның ішінде 12922 трактор, 1783 комбайн, 1080 шөп буу кешені, 261 егіс кешені, 570 жаңбырлатып суару техникасы, сондай-ақ, 33252 басқа да ауыл шаруашылығы техникасы бар.

— Өңірдегі ауылшаруашылық тауар өндірушілері отандық тракторлар мен комбайндарды сатып алуға басымдық беріп отыр. Осылайша 2024 жылы 661 бірлік жаңа техника, оның ішінде 564 бірлік трактор және 97 бірлік астық жинау комбайны сатып алынды. Осылайша облыстың ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту 5,5 пайыздан 7,8 пайызды құрады. Жаңа техникаға қол жеткізгендердің ішінде үлкен және шағын шаруа қожалықтары да бар. Ауыл шаруашылығы саласының дамуы барысында мұндай шағын шаруашылықтар жаңа техника арқылы болашақта қанаттарын кең жайып, еліміздің аграрлық секторына өздерінің үлестерін қосады, — деді баспасөз қызметінде.

Ғылым мен техника дамыған бүгінгі заманда жер құнарын жаңа технология, жаңа техникасыз игеру мүмкін емес. Сондықтан тиімді технологияға өту жөнінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Соңғы жылдары аз шығын жұмсай отырып, жоғары өнімділікке жету жолында озық тәжірибелер пайдаланылуда. Ал озық тәжірибе озық техникасыз жүзеге аспайтыны мәлім. Бұл ретте, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қаржылық шаралардың, жеңілдетілген несиелердің нәтижесінде шаруа қожалықтары, серіктестіктер бұрын көрмеген жаңа техникаларға қол жеткізуде. Солардың бірі – Павлодар ауданына қарасты «Әділ» шаруа қожалығының басшысы Иван Богомолов. Айтуынша, соңғы кездері диқандардың отандық техникаға бет бұруы жаман емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын диқандар «Джон Дир», «Класс» секілді америкалық, германиялық, тағы басқа импорттық комбайндарды қымбатына қарамай алды. Өйткені ол кезде біздің комбайндардың техникалық сапасы бәсекеге ере алмайтын. Ал қазір «Еsill КЗС» комбайндары техникалық сапасы жағынан алыс шетелдік комбайндармен үзеңгі қағысады. Оның үстіне отандық комбайндар біздің алқаптарға бейімделген, қосалқы бөлшектерін табуда да ешқандай қиындық болмайды.

— Жаңа техника — шаруалар үшін сенімді серік. «Ескіні жамасаң есің кетеді» деген ғой, ескі техникалар көктемгі дала жұмыстары немесе күзде егін жинау науқаны қызып жатқанда сынып қалады да, қосалқы бөлшектерін әкеліп, жөндейміз дегенше біраз уақыт өтеді. Жұмыстың тоқтауы өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Өйткені қосалқы бөлшек те, кеткен уақыт та диқанға шығын әкеледі. Бұрын шаруалар ресейлік, белоруссиялық техникалармен жұмыс істейтін. Қазір отандық өнім де шетелдік техникалардан кем түспейді. Осыдан бір жыл бұрын отандық «Еsill КЗС» комбайндарын жеңілдетілген несиемен сатып алып, қазір игілігін көріп жүрміз, — деді шаруа.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.