Жақында облыс орталығындағы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіптік кешеннің салалық кеңес отырысы өтті. Ауыл шаруашылығы саласының өкілдері жыл қорытындысын, саланың даму қарқынын, агроөнеркәсіптік кешендегі түйткілді мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, жиын барысында шаруалар мал сою алаңдарының тапшылығын, бруцеллезге қарсы күресте мал өсірушілерді қолдау қажеттілігін айтып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбеновтің төрағалығымен өткен кеңес отырысына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, ветеринариялық инспекция өкілдері, жергілікті шаруа қожалықтарының басшылары қатысты. Басқосу барысында жергілікті шаруа қожалықтарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Өңір диқандары ауыл шаруашылығын дамыту жоспарларын, шекаралас аймақтардың әлеуетін арттыру мәселелерін талқылап, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы тың жобалардың жүзеге асырылу барысын сөз етті. Сондай-ақ, шаруалар егін егу маусымында түрлі тыңайтқыштардың бағасын бақылауға алу керектігін айтып, озық технологияларға сай алынатын жабдықтарға берілетін мемлекеттік қолдауларға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Мәселен, 2019 жылдан бастап жаңа ережеге сәйкес барлық егін алқаптары белгілі бір гербицид немесе тыңайтқыштар себетін кезде агрохимиялық талдау жасауға міндеттелген. Бұған дейін егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер жерге қанша тыңайтқыш себетінін өзі анықтайтын. Ал жаңа ереже бойынша кәсіпкер бірінші ақылы түрде агрохимиялық талдау жасатып алуы керек. Сол талдау нәтижесі қанша гербицид немесе тыңайтқыш себуді көрсетеді, соны жасауға мәжбүр болмақ. Егер одан артық себілетін болса, сол мөлшеріне субсидия төленбейтін болады. Яғни өз жерінің жағдайын жақсы білетін шаруа енді өзге мекеменің агро-химиялық талдауының нәтижесіне тәуелді болып қалғалы отыр.

Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіп кешені салалық кеңесінің төрайымы Гүлзира Қазылова бүгінгі таңда өсімдік шаруашылығында тыңайтқыш мәселесі өзекті болса, мал шаруашылығында жем-шөп пен мал сою алаңдары қордаланып тұр. Оның сөзінше, облыста мал сою алаңдары жеткіліксіз. Ал ресми түрде жұмыс істейді деп тіркелген аландардың өзі шындығына келгенде қаңырап
тұр.

– Ауыл шаруашылығы сала-сындағы кейбір статистикалық мәліметтер шындыққа жанаспайды. Мәселен, соңғы мәліметтер бойынша өңірде 1048 алаң бар. Облыста тіркелген мал сою алаңдарының басым бөлігі жұмыс істемейді. Ал ауыл тұрғындарының 50-60 шақырым жердегі жұмыс істеп тұрған мал сою учаскесіне барып, сол жерде мал сойып жатарына күмәнім бар. Сондықтан жергілікті жерлерде мал сою алаңдары көптеп ашылатындай жүйелі жұмыс жүргізу керек. Алдағы уақытта мұндай алаңдар ауыл тұрғындарының барлығына да қолжетімді болуы тиіс, – деді ол.

Сондай-ақ, жиын барысында шаруалар ветеринариялық шаралар бойынша тіркелген бірқатар кемшіліктер мен вакцина егу бойынша орын алған олқылықтарды атап өтті. Анықталған кемшіліктер сала мамандарының кей дерекқордың дұрыс жүргізбеуінен және ондағы ақпараттың жаңартылмауынан, жүктелген функцияларды дұрыс немесе уақтылы орындамауынан туындағаны айтылды.

Өз кезегінде Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Бәке Тасыбаев аталған саладағы цифрландыру жұмысы оңтайлы жүргізіліп жатқанын, бүгінгі таңда пилоттық режимде іске қосылған бірнеше мобильді қосымшалар тиімділігін дәлелдегенін айтты. Сондай-ақ, ол «Vetlab» цифрлы модулі іске қосылғаннан бастап бұл жүйе арқылы лабораториялық зерттеу жұмыстары да жүргізілгенін жеткізді.

– Жануарларды тіркеу үшін мал иелеріне арналған мобильді қосымшаға көшу жұмыстары, одан кейін ветеринарды жұмысқа ынталандыру үшін де бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруалардың мал басын тіркеу жұмыстарын оңай жүргізуіне, ветеринариялық паспорт беру қызметін жеңілдетуге көмектеседі. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтерді алу, малды сою, сату процестері туралы ақпарат енгізіліп, жануарлар мен иелеріне қатысты қате жіберілмейтін болады, –
деді ол.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының ветеринария жұмысын реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі әр облыстағы ветеринариялық  қызметке талдау және аудит жүргізді. Нәтижесінде ветеринария саласын жетілдіру бойынша нақты шаралар әзірленіп, депутаттардың ұсынысымен, ветеринарияға қатысты жаңа заң жобасы дайындалды. Онда мал шаруашылығында орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктерді  бөлу мәселесі, процестертді цифрландыру, кадрлар дайындау, мамандардың біліктілігін арттыру, деректерді жинау, ветеринария саласындағы мамандардың жалақысын арттыру сынды мәселелер түгел қамтылған.  Мамандар бұл заң жобасы ветеринария жүйесін реформалауға септесетініне сенеді.

Бұдан басқа, басқосу барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Шөкірова сөз сөйлеп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығының несиеленетін бағыттары бойынша нақты шектеулер жоқ екенін атап өтті.

– Павлодар облысында «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2023 жылы бір жарым миллион теңге игерілді. Бағдарлама ережелеріне сәйкес жеңілдетілген несиені жаңа немесе тіркелген мерзімі үш жылдан аспайтын жеке кәсіпкерлер ғана ала алады. Тіпті аграрлық сектормен байланысы жоқ, бірақ ауылдарда ұйымдастырылған кез келген ауыл шаруашылығы бизнесі мен кәсіпкерлікке қолдау көрсетіледі. Мәселен, былтыр  кейбір өтініш берушілер техникалық қызмет көрсету станциясының жұмысын ұйымдастыруға қарыз алды. ЖК үшін ең жоғарғы сома мөлшері 2500 айлық есептік көрсеткішті құрады, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері (АШӨК) үшін – 8000 АЕК. 2024 жылы бұл бағдарлама шамамен наурыз айында басталады. Оны іске асыруға 2,6 миллиард теңге бөлінді. Несие шарттары өзгеріссіз қалды, – деді С.Шөкірова.

А.МҰҚЫШЕВ.