Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет» деп атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе ұлғайту мәселесіне де ден қойды. Ал бұндай өзгерістерге Павлодар облысының шаруалары дайын ба? Жалпы, өңірдегі ауыл шаруашылығының даму қарқыны қалай? Осы және де өзге сұрақтарға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлеген Көшербаев жауап берген еді.

– Төлеген Баянбайұлы, кейінгі жылдары өңірде шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Бұл түйткілді шешудің жолы қандай болмақ? Былтыр қуаңшылыққа байланысты облыста үлкен табиғи апат орын алғаны белгілі. Биыл мұндай жағдайлар қайталанбасына кепіл бар ма?

– Табиғаттың тосын мінезіне төтеп берер күш жоқ қой, әрине. Біз тек техникалық мүмкіндіктерді пайдаланып, суармалы алқаптарды кеңейтіп, көпжылдық шөптер егіп, мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қуаңшылықпен жаңбырлы маусымда да күресуіміз керек! Бұл дегеніміз екі есе жұмыс істеп, егістік алқаптарын заманауи суару техникаларымен қамтамасыз етуіміз керек. Өңірдегі төрт түлікті қыс мезгілінде мал азығымен қамтамасыз ету үшін көпжылдық шөптердің алқаптарын кеңейтіп, лиманды өсіру әдісін жаңғырта түсуіміз керек.

Өткен жылдың егістік маусымы диқандар қауымы үшін, жалпы барлық шаруалар үшін өте ауыр болды. Ауа қолайсыздығы ауыл шаруашылығы дақылдарына кері әсерін тигізгені белгілі. Облыс бойынша 153 мың гектар дәнді дақылдар мен 34 мың гектар майлы дақылдар есептен шығарылды. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен астық жинау науқанына қаржылай және материалдық-техникалық қолдау көрсету үшін қажетті шаралар қабылданды. Шаруаларды қаржылай қолдау және құрғақшылықтың зардаптарын барынша азайту үшін кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып, берешегі бар диқандардың кредиттік мерзімдері ұзартылды. Қаржы институттарында кредит мерзімін ұзарту бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 150-ден астам өтінімі мақұлданды. Ауылшаруашылық малдарына қажетті жем-шөптің құнын арзандату үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Айтар болсақ, бір жарым мыңнан астам шаруа үшін 3 миллиард теңге шамасында қаражат бөлінді. Сондай-ақ, былтыр шөп шабу науқанына арзандатылған дизельдік отынның қаражаты төрттен он мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Операторлық қызметтерді есепке алғанда дизельдік отынның литрінің құны 232 теңге шамасында болды, бұл нарықтағы бағадан 21 пайызға арзан. Бұдан бөлек, шөп шабуға мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі

25 мың гектардан астам шабындық жерлері бөлінді. Сонымен қатар облыстағы 38 шаруа қожалығы жалпы
сомасы 1,3 млрд теңгені құрайтын сақтандыру төлемдерін алды.

Облыста ауыл шаруа-шылығы өнімін өндіруші-лердің ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейі қандай? Қай аудан көш бастап тұр?

– Дәстүрлі түрде әкелінетін күріш, қант және тұзды қоспағанда, аймақ жергілікті жерде өндірілген негізгі азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, облыста өндірілген өнімнің 9 түрін шығару есебінен қамтамасыз ету бойынша 100 пайыздан асады. Атап айтсақ, картоп, қарақұмық, макарон өнімдері, бидай ұны, сиыр еті, жұмыртқа, айран және нан. Негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша облыста Ақсу және Павлодар аудандары көш бастап тұр.

–  Мемлекеттік қолдау шаруа қожалықтарын    ынталандыру мен дамытуда таптырмас құрал. Осы орайда облыс кәсіпкерлері өздеріне тиісті субсидияны алып жатыр ма? Бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынған?

– Ауыл шаруашылығын мемле-кеттік қолдаудың негізгі шарасы – субсидия. Облыста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап өтсек, субсидиялар, жеңілдетілген несиелер мен шағын несиелер беріліп, кеңестер ұсынылуда. 2023 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 95 миллиард теңге бөлінді, оның 40 миллиарды субсидияға, 55 миллиарды жеңілдетілген несие-

лерге тиесілі. Былтыр инвестиция көлемі 17,6 млрд теңгеге өсіп, 153,6 млрд теңгені немесе 108,7 пайызды құрады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 4 негізгі бағыт бойынша 10,7 млрд теңгені құрайтын 26 жоба іске асырылып, 130-ға жуық жұмыс орны ашылды. Бүгінде облыста агроөнеркәсіп кешені саласында 2024 жылдың аяғына дейін 5 негізгі бағыт бойынша
44 миллиард теңгенің 25-тен астам инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.

– Бүгінде саладағы кадр мәселесі қалай шешілуде? Білікті агроном, мал дәрігерінен тапшылық жоқ па?

– Иә, өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы саласында кадр тапшылығы деген күрделі мәселе бар. Оның несін жасырамыз?! Алайда, кәсіби мамандарға мұқтаждықтан туындаған түйткілдің түп-төркіні алыста жатыр. Тарқатып көрейік. Мәселен, бүгінгі таңда аграрлық университеттеріне түсетін қала балалары көп. ҰБТ-да ауыл балаларынан әлдеқайда жоғары балл жинағандықтан, әрине,  мемлекеттік гранттар да осы түлектерге тиесілі. Бірақ бұл балалар ауылға жұмысқа бармайтынын алдын ала білсе де, ауыл балаларының оқуға түсуге деген мүмкіндігін айырады. Содан, мұндай жас мамандар міндетті қызмет мерзімі біткенше ғана ауылда жұмыс істеп, кейін қайта қалаға ауысып, басқа салада қызмет етіп жүре беруі әбден мүмкін. Осыдан соң ауылшаруашылық құрылымдары бос жұмыс орындарын жариялап, кәсіби мамандардан тапшылық тартады. Бұл – бір. Екіншіден, қазір жастардың басым бөлігі инженер немесе заңгер болуға қарағанда ауыл шаруашылығына құлықсыздық танытады. Неге? Түбі бір тарқайтын түйткілдің тармағы осында жатқан сықылды. Демек, жастар арасында ауыл шаруашылығы саласында қызмет етуді кеңінен насихаттау керек. Ол үшін ауыл шаруашылығы жұмысының беделін арттырып, барлық шаруашылықтарымызды заманауи озық техникамен қамтамасыз ету керек. Яғни, бұл аграрлық кадр мәселесі жайындағы үгіт-насихат жұмысы мемлекеттік бағдарлама негізінде дәріптелуі тиіс. Мектеп табалдырығынан бастап жұмыс орнына дейінгі ауыл шаруашылығындағы қызмет тізбегін қамтитын сапалы оқу-әдістемелік құралдарын, оқулықтар жазып, құру қажет. Барлық мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігері арқылы ғана біз саладағы сеңді қозғап, толқынды өзгерістерге қол жеткізе аламыз!

– Жалпы төрт түлікті асылдандыру жұмысы оңай емес. Дегенмен, күрделі жұмыстың да өзіндік іске асыру тетіктері бар ғой. Қазір бұл бағытта жұмыстар қалай жүзеге асып жатыр? Облыста мал тұқымын асылдандыру ісін жасанды жолмен жүзеге асырып отырған шаруашылықтар бар ма?

– Бүгінгі таңда облыстағы 793 шаруа қожалығында 77557 бас асыл тұқымды мал (етті, сүтті және сүтті-етті) бар. Асыл тұқымды мал өсірумен 168 шаруа қожалығы айналысады, оның ішінде 134 етті, 34-і – сүт бағытындағы шаруашылықтар. Асыл тұқымды қой шаруашылығымен айналысатын 96 шаруашылықта 24520 бас қазақтың майлы құйрықты ірі жүнді тұқымы бар. Асыл тұқымды ешкі малын өсірумен айналысатын бір шаруа қожалығында 5210 бас (таулы-Алтай) ұсақ қара бар. Ал асыл тұқымды жылқы малын өсірумен айналысатын 47 шаруашылықта 14265 бас («Ябе») күлік тіркеулі. Сондай-ақ, асыл тұқымды шошқа малын өсірумен айналысатын бір шаруашылықта 11456 бас (ірі ақ) бар. Бұдан басқа, облыста екі шаруашылық 3190 отбасын құрайтын асыл тұқымды ара өсірумен айналысады.

Ауыл шаруашылығы жануар-ларының генетикасын жақсарту әдістерінің бірі – асыл тұқымды малды қолдан ұрықтандыру. Өңірдегі ірі тауарлы сүт фермалар (облыс бойынша 15) Еуропа елдерінен мыңнан астам аналық мал басын әкелді. Бұл шаруашылықтарда асыл тұқымды малды 100 пайыз қолдан ұрықтандыру бұқалардың біржынысты және қос жынысты ұрықтарымен жүргізіледі. Жасанды ұрықтандыру етті ірі қара мен қой шаруашылығында да қолданылады. Айта кетейік, бұл салада сүтті мақсатта асыл тұқымды бұқаның ұрығын сатып алуды субсидия-лау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Мәселен, бір жынысты ұрықтар – бір доза үшін 10 мың теңге, қос жынысты ұрықтар – бір доза үшін 5 мың теңге. 2023 жылы сүтті бағыттағы асыл тұқымды бұқаның ұрығын сатып алуға
5,3 миллион теңге, асыл тұқымды мал шаруашылығы орталықтары-
ның қызметтерін субсидиялауға 2,2 миллион теңге бөлініп, игерілді. Ағымдағы жылы сүтті бағыттағы асыл тұқымды бұқаның ұрығын сатып алуға 7 миллион теңге, асыл тұқымды мал шаруашылығы орталықтарының қызметтерін субсидиялауға 5 миллион теңге бөлінді.

– Сөз соңында, осы саланың маманы ретінде ауыл шаруашылығы өндірісін, одан шығатын өнім мен эконо-микалық тиімділігін арттыру жайлы ойыңызбен бөліссеңіз…

– Агроөнеркәсіптік кешен еліміздің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін, сондай-ақ, ауылдардың еңбек және отырықшылық әлеуетін қалыптастыратын экономиканың маңызды салаларының бірі болып табылады. Сол себепті аграрлық секторды дамытуды мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігінің кепілі деуге болады. Ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған әрбір бағдарламаның тиімділік көрсеткіші халықтың өмір сүру сапасы арқылы бағаланады. Өңірімізде жыл сайын сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ғана емес, қайта өңдеу де жаңғыртылуда. Міне, осы бағытта көп көңіл бөлу керек. Шикізатты өндеп, тұтынушыға дейін делдалсыз жұмыс істейтін механизм қалыптастыру керек.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан – А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.