Жылыжай кеңейтілмек

Сәу 30, 2026

Көктем мезгілі — жылыжай тіршілігінің нағыз қызатын кезеңі. Мұндағы ерекше күтіммен бапталып піскен жемістер, тұрғындардың мол сұранысын туғызады. Қала дүкендерінде көкөністердің бағасы көтерілгеннен-ақ, жылыжайлардың маңызы арта түседі. Мұндағы әрбір өнім талшығына дейін — сондағы жұмыскерлердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі.  Павлодар облысы Екібастұз қаласы маңында орналасқан «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС   кадр бөлімінің жетекшісі Мадина Жүсіпова жылыжайдың тыныс-тіршілігі жайлы айтып берді.

– Алдымен қазіргі уақытта жылыжайда қандай жұмыстар жүріп жатқанын айтып өтсеңіз…

– Бүгінде біздің кәсіпорында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Көктем мез-
гілі болғандықтан, өнімдерге сұраныс еселенуде. Ең басты жаңалықтардың бірі – жоспарға сай 10 гектарлық жаңа жылыжайдың құрылысы басталды.  Бұл — өте ауқымды жоба. Жаңа кешен іске қосылған кезде өндіріс көлемі айтарлықтай өседі деп күтілуде. Сонымен қатар жұмыс орны көбейіп, халықты тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігі кеңейеді.

–  Жылыжайда негізінен қандай өнім түрлері өсірілуде?

– Негізгі өсіріп отырған көкөністе-ріміз – қияр мен қызанақ. Бұл екі өнім нарықта сұранысқа ие болғандықтан, біз дәл осы бағытта тұрақты жұмыс істеп келеміз. Биыл біздің жылыжайда қияр мен қызанақ 50/50 үлеспен өсірілуде. Яғни өнім көлемі теңдей жоспарланған. Бұл тәсіл тұтынушылардың сұранысын толық қамтуға мүмкіндік береді және өнім түрлерін әртараптандыруға көмектеседі.

– Жылыжайдағы күтім жұмыстары қалай жүргізіледі? Нақты қандай жұмыстар атқа-рылады?

– Барлық күтім жұмыстары толық-
тай жұмысшыларымыздың күшімен атқарылады. Яғни, көкөніс өсіруші мамандар күн сайын өсімдіктерді бақылап, күтім жасап отырады. Олардың ішінде жапырақ жұлу, көкөністерді жоғарыға көтеру секілді жұмыстар бар. Сонымен қатар өсімдікті жіпке орау, сабағын бекіту, қызанақтардағы жанама өркендерін алып тастау сияқты технологиялық процестер жүргізіледі. Бұдан бөлек, ең маңызды кезеңдердің бірі – өнім жинау. Жылыжайдағы өнім сапалы болуы үшін әр жұмыс белгіленген тәртіппен орындалады.

– Суару мен температура режимі қалай бақыланады?

– Суару және температураны бақылау жұмыстары арнайы автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асады. Біз «Priva» бағдарламасын қолданамыз. Бұл – жылыжайға арналған заманауи басқару жүйесі. Бағдарлама арқылы температура, ылғалдылық, суару тәртібі автоматты түрде реттеледі. Осылайша, өнімнің өсуіне қолайлы жағдай жасалады және адам факторынан болатын қателік азаяды.

– Жылыжай шаруашылығында кездесетін негізгі қиындықтар қандай?

– Негізгі қиындықтардың бірі – көктем мезгілінде жұмысшылардың уақытша басқа жұмыстарға кетуі. Әсіресе, дала жұмыстары басталған кезде кейбір адамдар ауыл шаруашылығындағы маусымдық егістік жұмыстарына  ауысып кетеді. Бұл белгілі бір деңгейде кадр тапшылығын тудыруы мүмкін. Дегенмен біз бұл мәселені алдын ала жоспарлау арқылы шешуге тырысамыз. Сондай-ақ, ауа райының күрт өзгеруінің де өз қиындықтары бар. Мысалы, жаңбырлы күндер, тұман, күн сәулесінің азаюы өсімдіктерге кері ықпал етуі мүмкін. Себебі, көкөністерге күн сәулесі өте маңызды. Мұндай кезде өсімдікке түсетін жарық төмендеп, өнімнің өсу қарқыны баяулауы ықтимал. Сондықтан біз ауа райына байланысты жылыжай ішіндегі режимді арнайы жүйелер арқылы тұрақтандырып отырамыз.

– Жылыжайда жалпы қанша қызметкер еңбек етуде? Алынған өнім қайда жөнелтіледі?

– Қазір жылыжайда жалпы саны 480 адам еңбек етеді. Бұл – тұрақты жұмыс орындары. Әр қызметкердің өз міндеті бар. Бірі өнімді күтумен айналысса, бірі жинау жұмыстарына жауапты. Сонымен қатар техникалық қызметкерлер, бақылау жүйесін қадағалайтын мамандар да жұмыс істейді. Біздің өнімдер Қазақстан бойынша таратылады. Сонымен қатар Ресей еліне де жіберіледі. Яғни, біз тек ішкі нарықпен шектелмей, экспорт бағытында да жұмыс істеп отырмыз. Бұл жылыжайымыздың әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.

– Қала тұрғындары сіздердің өнімдеріңізді қайдан сатып ала алады?

– Иә, біздің өнімдер сатылымда бар.  Оларды қалалық жәрмеңкеден сатып ала алады. Сонымен қатар «Small» дүкендерінде де біздің көкөністеріміз сатылады. Яғни, халыққа қолжетімді болуы үшін бірнеше сауда нүктесіне жеткізіледі.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Сара ӘБДОЛ.