Павлодар өңірінде көктемгі егін егу науқаны басталып, дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл да шаруалар ерте көктемнен бастап жер жыртып, тұқым себу жұмыстарына кіріскен. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласы ел бойынша алдыңғы қатарда болғандықтан, егістік маусымы әрдайым ерекше қарқынмен өтеді. Шаруалар үшін ең маңызды факторлардың бірі – топырақтың құнарлылығы мен ауа райының қолайлылығы.
Павлодар ауданына қарасты Черноярка ауылында жыл сайын сапалы көкөніс өнімдері өсіріліп, нарыққа шығарылып келеді. Осы еңбектің басында тұрғандардың бірі – «Арман» шаруа қожалығы. Шаруашылық иесі Арман Ақтаевтың айтуынша, егіншілікке келу жолы агроном мамандығын таңдаудан басталған. Ол бұл салаға қызығушылық студенттік кезден қалыптасқанын айтады. Қазір білімін жалғастыру мақсатында магистратурада оқиды. Сонымен қатар, ол өмірлік жары Ботагөз Ильясованы да осы сала арқылы кездестіріп, бүгінде отбасылық кәсіп ретінде бірге еңбек етіп келеді.
Кәсіпкердің айтуынша, шаруашылық алғашқы жылдары шағын көлемде, шамамен 40 гектар жерден басталған. Уақыт өте келе өндіріс кеңейіп, қазіргі таңда 130 гектарға дейін жеткен. Бастапқыда көкөніс өнімдерін өндірушілерден сатып алып, әрі қарай нарыққа сату арқылы тәжірибе жинаған ол кейін өз егінін егуді тиімді деп шешіп, 2014 жылы жеке шаруашылығын құрған.
Шаруашылық негізінен картоп пен сәбіз өсіруге бағытталған. Әсіресе ерте пісетін «Гала», «Коломба» картоп сорттары және орта мерзімде пісетін «Каспи», «Каскад» сәбіз түрлері өсіріледі. Уақыт өте келе өнім түрлері кеңейтіліп, өткен жылы сарымсақ та егілген. Алайда нарықтағы сұраныс төмен болғандықтан, биыл оның орнына қызылша өсіру жоспарланған.
Арман Ақтаев Черноярка ауылының жері егіншілікке қолайлы екенін атап өтеді. Оның айтуынша, осы өңірде өсірілген өнім сапалы шығып, тек Қазақстан нарығына ғана емес, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты көрші елдерге де экспортталады.
Топырақ құнарлылығын сақтау үшін шаруашылықта органикалық және минералдық тыңайтқыштар жүйелі түрде қолданылады. Мал шаруашылығынан алынған көң, құс саңғырығы сияқты органикалық тыңайтқыштармен қатар, арнайы минералдық қоспалар енгізіледі. Сонымен бірге ауыспалы егіс жүйесі де тұрақты түрде жүргізіледі. Дақылдарды алмастырып егу топырақтың тозуын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Шаруашылықта заманауи техника да кеңінен қолданылып отыр. Мұнда тракторлар, комбайндар, қазғыш техника, су сорғыш құрылғылар және жаңбырлатқыш суару жүйелері бар. Сонымен қатар 2000 тонналық өнім сақтайтын қойма да жұмыс істейді. Онда өнімнің сапасын сақтауға арналған заманауи жабдықтар орнатылған.
Мемлекеттік қолдаудың да шаруашылық үшін маңызы зор. Арман Ақтаев «ҚазАгроҚаржы» бағдарламасы арқылы лизингке екі техника алғанын айтады. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінген. Бұдан бөлек, «Аграрлық кредиттік корпорация» және «Кең дала-2» бағдарламалары арқылы қаржылай қолдау алып келеді.
Кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалардың ауыл шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, алдағы уақытта да шаруашылық көлемі артқан сайын бұл мүмкіндіктерді пайдалануды жалғастыратынын жеткізді.
Сара ӘБДОЛ,
Черноярка ауылы, Павлодар ауданы.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.
