Қазақстанда құмар ойындар мен олардың жарнамасына қатысты бақылау күшей-тілуде. Бұл туралы Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері мәлімдеді.
Бұған дейін заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылар онлайн ойындарға қатысты заңдағы олқылықтарды пайдаланып келген. Қазіргі таңда заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты бұл кемшіліктер жойылып, құмар ойындарға қатысты талаптар күшейтілген.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орын-басары Ғалиасқар Қасымовтың айтуынша, енді жауапты мем-
лекеттік қызмет атқаратын тұлғаларға құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуға тыйым салынған.
— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқық қорғау қызметі туралы заңдарға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйым-дардың басшылары мен күштік құрылым өкілдері құмар ойындар мен бәске қатыса алмайды. Бұл талапты бұзғандарға тәртіптік жаза қолданылады. Яғни, ескерту немесе қатаң сөгіс емес, қызметтен босатуға дейінгі жаза қарастырылған, — деді ол.
Республика көлемінде 2024-2025 жылдары 90-нан астам заңсыз ойын мекемесі мен онлайн-казино қызметі тоқтатылған. Жалпы айналымы шамамен 1,5 триллион теңге болған заңсыз қаржы ағыны анықталған. Сонымен қатар
17,4 мың сайт пен аккаунт бұғатталып, 107 әкімшілік хаттама толтырылған. Заң бұзушыларға шамамен 30 миллион теңге айыппұл салынған.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 1-ші жедел басқарма басшысы Жоламан Қиналбеков өңірдегі жағдайға тоқталды.
— Соңғы үш жылды алсақ, 2024 жылы өңірде бір ғана факт тіркелді. Төрт азамат өз пәтерінде компьютерлер орнатып, заңсыз онлайн ойын ұйымдастырған. Қазіргі уақытта олардың барлығы жазаларын өтеп жатыр. Ал 2025-2026 жылдары өңірде заңсыз ойын бизнесін ашу дерегі тіркелген жоқ. Дегенмен заңсыз онлайн сайттар анықталып, бұғатталды. Соңғы үш жылда 749 сайт анықталды. Оның жартысынан көбі бұғатталып, қалғандары қаралу үстінде, — деді ол.
Жоламан ҚиналбековтІң айтуынша, Павлодар облысында заңсыз ойындарды жарнамалаған үш блогер де анықталған. Қазіргі уақытта оларға әкімшілік жаза қолдану мәселесі қарастырылып жатыр. Іске қатысты материалдар Астана қаласындағы Туризм және ойын комитетіне жіберілген. Бұдан бөлек, WhatsApp мессенджері арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырудың тоғыз фактісі тіркелген. Бұл материалдар да уәкілетті органға жолданған.
Мамандар лудомания мәселесінің өзекті екенін атап өтті. Алайда ойынға тәуелді адамдарды анықтау оңай емес.
— Алкоголь немесе есірткіге тәуелді адамдар арнайы есепке қойылады. Ал лудоманияға шалдыққандар бөлек есепке алынбайды. Себебі оларды емдеу тәсілдері өзгеше. Мұндай адамдар ұзақ уақыт психолог көмегімен ем қабылдайды. Бұл ауыр дерттердің қатарына жатады, —
деді Жоламан Қиналбеков.
Оның сөзінше, прокуратура арнайы есепті екі бағыт бойынша жүргізеді: қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар және әкімшілік жаза алғандар.
Бүгінде Павлодар облысында бұрын заңсыз ойын бизнесі бойынша қылмыстық іске тартылған немесе күдікті ретінде танылған 26 адам бақылауда тұр. Мамандар олардың қайтадан заңсыз әрекетке бармауын қадағалап отырғандарын жеткізді.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
