Соңғы уақытта Мәжіліс депутаттары бірнеше рет нотариалдық қызметтің төлем көлемін қайта қарау жөніндегі ұсыныс білдірді. Олардың пайымынша, бұл сала өкілдері дайын құжатқа жеке мәліметтерді енгізумен ғана шектеледі. Есесіне сол үшін қараша халықтың қалтасын қағарлықтай қызмет ақысын сұрайды. Сол себепті баға мәселесін қайта қарауды ортаға салды. Алайда нотариус мамандар бұл көзқараспен келіспейді. Заңдық жауапкершілік жүгі зор қызметті атқарып отырған мамандардың жұмысы тиісінше бағалануы керек екенін алға тартады. Сонымен, кімдікі бұрыс, кімдікі дұрыс? Жалпы, нотариустардың қызметін қайта қарап, ақысын азайтқан дұрыс па? Бұл мәселені біз де «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Айнұр СЕЙІТОВА, нотариус:
– Иә, соңғы жылдары нотариат саласында бәсекелестік артып, қызметтің қолжетімділігі белгілі бір деңгейде жақсарды. Алайда тарифті төмендету мәселесін тек сандық көрсеткіштермен өлшеу дұрыс емес деп есептеймін. Нотариалдық қызметтің ар жағында айтарлықтай құқықтық жауапкершілік жатыр. Әрбір куәландырылған құжат азаматтардың мүліктік құқықтарына, келісімшарттарының заңдылығына және жеке өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл саладағы еңбекті жай ғана қызмет көрсету ретінде қарастыру қисынға келмейді.
Қазіргі қолданыстағы тарифтердің ішінде тек маманның еңбекақысы емес, кеңсе шығындары, архив жүргізу, ақпараттық жүйелерді қамтамасыз ету және мемлекетке төленетін міндетті төлемдер бар. Егер тарифтер негізсіз төмендетілсе, бұл алдымен қызмет сапасына әсер етіп, жүйенің тұрақсыз болуына кері ықпалын тигізуі мүмкін.
Менің ойымша, бұл мәселені қызмет ақысын төмендету арқылы шешу тиімді емес. Керісінше, әлеуметтік жағынан осал топтарға жеңілдіктер қарастыру немесе жекелеген қызмет түрлерін қайта саралау сияқты теңгерімді тәсіл қажет. Бұл әрі азаматтардың мүддесін қорғайды, әрі саланың тұрақтылығын сақтайды.
Даяна ОРАЗБЕКОВА, «Жастар рухы» жастар қанатының Павлодар қалалық бөлімшесінің төрағасы:
– Нотариалдық қызметтің бағасын төмендету туралы бастаманы қолдаймын. Себебі, бүгінде нотариус қызметі қарапайым азаматтар үшін қымбатқа түсіп жатыр. Көп жағдайда азаматтар бір құжат рәсімдеу үшін қомақты қаражат төлеуге мәжбүр. Әсіресе сенімхат, келісім немесе мұрагерлікке қатысты қарапайым қызметтердің өзі көп адамның қалтасына салмақ түсіреді. Құқықтық қызмет халыққа қолжетімді болуы керек деп есептеймін.
Қазір заман өзгерді. Нотариус саны артты, бәсекелестік көбейді, көптеген қызмет цифрландырылды. Бұрынғыдай ұзақ тексеру мен қағазбастылық азайды. Осындай жағдайда қызмет бағасының әлі де жоғары болуы әділетсіз көрінеді. Әрине, нотариустар жауапкершілік арқалайды. Бірақ бұл халықтың қаржылық мүмкіндігін ескермей, бағаны шектен тыс көтеруге негіз болмауы тиіс.
Меніңше, нотариалдық қызмет — табыс табудың ғана емес, қоғамға қызмет етудің де бір түрі. Сондықтан бұл сала алдымен азаматтардың мүддесіне жұмыс істеуі қажет. Егер қызмет ақысы төмендесе, тұрғындар нотариусқа жиі әрі еркін жүгіне алады, құқықтық сауаттылық артады. Бұл көлеңкелі келісімдердің азаюына, құжат рәсімдеу мәдениетінің қалыптасуына да оң әсер етеді. Сондықтан бұл бастама қолдау тауып жатса, жақсы болар еді деп ойлаймын.
Мұрат СМАҒҰЛОВ, Ақсу қаласының тұрғыны:
– Нотариалдық қызметтің тарифін қайта қарау туралы ұсыныстың бірнеше тұсы бар. Бір жағынан, бұл саланың өкілдері тұрғындарға жүйелі түрде, күнделікті қызмет көрсетпейді. Тұрғындар үй сату, мұрагерлік рәсімдеу, сенімхат жасау сияқты маңызды мәселелерде ғана мамандар көмегіне жүгінеді. Осындай сәттерде төлемнің жоғары болуы бірден сезіледі, сондықтан бағаның қолжетімді болғаны дұрыс деп ойлаймын. Кейде бір ғана құжат рәсімдеу қомақты қаражат төлеуге тура келіп жатады.
Екінші жағынан, нотариус жұмысы — заңдық жауапкершілігі зор қызметтердің бірі. Құжаттағы бір ғана қате кейін үлкен дауға немесе шығынға әкелуі мүмкін. Сол себепті олардың еңбегін төмен бағалауға да болмайды. Өйткені, бұл жерде тек қол қою емес, заңды салдарды толық тексеру маңызды. Кейде кішігірім олқылықтың өзі араға жылдар салып адамның тағдырына түбегейлі әсер етуі мүмкін.
Сондықтан бұл мәселе бойынша нақты бір жақты пікір айту қиын. Дұрысы – баға да, қызмет сапасы да тең сақталатын орта жол табылса екен деген ой. Қызмет ақысы қолжетімді болса да, маманның жауапкершілігі мен қызмет сапасы төмендемеуі керек.
«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.
