Терезеңізге темір тор орнаттыңыз ба?

Мам 28, 2026
Cute baby at home in white room stands near window

Осы аптада балалар жазғы демалысқа шықты. Дәл осы уақытта қалың көпшілікті жасөспірімдердің қауіпсіздігі алаңдатады. Әсіресе, жол апаты, суға кету, терезеден құлау фактілері жиі тіркеледі. Баласын түнгі уақытта бақылаусыз жіберетін ата-аналар да бар. Мақалада балалардың оқыстан қайтыс болуына себеп болатын фактор – терезе мәселесін сөз етеміз.

Статистика көңіл көншітпейді

Павлодар облысында бала-лардың терезеден құлау фактілері жыл сайын көбеймесе, азайған емес. Ресми статистикаға сүйе-
нетін болсақ, 2020 жылы 5 бала терезеден құласа, 2021 жылы
ашық терезеден құлаған 9 баланың екеуі опат болған. Ал 2022 жылы 11 бала терезеден құлап, тағы екеуі өмірімен қош айтысқан. 2023 жылы терезеден құлаған 9 баланың төртеуі ажал құшқан. 2024 жылы ашық терезе 13 баланың қайғылы жағдайға душар болуына себеп болған. Өкініштісі, 2 бала алған жарақаттың ауырлығы салдарынан өмірімен қош айтысқан. Ал былтыр 17 бала терезеден құлап, 4-еуі қайтыс болған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері Айгерім Болаттың айтуынша, биыл аймақта балалардың терезеден құлау фактілері әлі тіркелмеген. Қайғылы оқиғалардың алдын алуда департамент мамандары жүйелі жұмыс атқаруда.

— Еліміз бойынша біздің облыс алғашқылардың бірі болып балабақшаларды аралап, тәрбие-ленушілерге терезеден құлау фактілерін түрлі-түсті сурет арқылы жеткізудеміз. Бұл ретте жеткіншектерге бояу кітапшасын (раскраска) таратып, бірге сурет саламыз.

— Биыл жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде терезеден құлау фактілерінің алдын алу мақсатында 21 ақпарат жарияланды. Облыстық білім беру басқармасымен бірлесіп, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 32 отбасының үйіндегі терезеге 32 блокираторды тегін орнаттық. Мамандармен 26 рейдтік іс-шара ұйымдастырып, 1600-ден астам буклет таратылды. Шараға жалпы саны 1350 адам қатысты. Білім беру мекемелеріндегі бастауыш сынып оқушыларымен 23 кездесу ұйымдастырдық. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының көшелерінде терезеден құлау фактілерінің алдын алу бойынша 8 билборд орнатылған. Жалпы саны 8 LED экранда әрбір 15 минут сайын аталмыш тақы-рыпта бейнеролик көрсетіледі. Бұдан бөлек, тұрғындарға тара-тылатын коммуналдық төлем квитанцияларының соңында бала қауіпсіздігіне қатысты сақтық шаралары жазылған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, — дейді Айгерім Нұрланқызы.

Департамент өкілі облыстық полиция департаменті, облыстық білім беру басқармасы және құрылыс компания өкілдерімен бірлесіп, «Достық» шағын ауданындағы жаңадан бой көтерген тұрғын үйлерге барғанын айтады. Айтуынша, аталмыш аудандағы бір тұрғын үйдің терезесі толығымен блокиратормен қамтылған. Бұл – бала қауіпсіздігі үшін құрылыс компаниясы тарапынан жасалған маңызды қадам. Болашақта бұл бастама қолдау тапса деген ниетте.

Сәбиді құтқарды

Жоғарыда биыл облыста бала-лардың терезеден құлау фактісі тіркелмегенін жаздық. Осы орайда, Екібастұз қаласының тұрғыны Тоқан Байділдиннің еңбегі ерен. Сәуір айының соңында ер адам ашық терезе алдында отырған баланы құтқарып қалған болатын. Екінші қабаттың балконына өрмелеп шығып, баланы үйге кіргізген азаматтың бұл әрекеті көпшілікті сүйсінткен еді.

Оқиға Кеншілер көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде тіркелді. Кәмелетке толмаған бала терезеден ойыншықтарын лақтырып, артынан өзі де секірмек болған. Сол сәтте баланың бұл әрекетін көшеден өтіп бара жатқан 60 жастағы Тоқан Байділдин байқап қалып, еш ойланбастан жоғарыға қарай шыққан. Бұл әрекеті үшін Тоқан Байділдин Екібастұз қаласы әкімі Аян Бейсекиннің қолынан марапат алып, қаржылай сыйлыққа ие болды. Шаһар басшысы оның әрекетін бала өмірін сақтап қалудағы батырлыққа теңеді.

— Кеншілер көшесінде тұратын немерелеріме барып, есік алдына шыққан едім. Жоғарыда ашық терезе алдында ойыншықтарын жерге лақтырып отырған кішкентай баланы көрдім. Аулада отырған адамдар сәбиге ішке кір деп айқайлап жатты. Бірақ бала еш мән бермеді. Сөйтіп, еш ойланбастан бірінші қабаттың балконынан темір торы бар терезеге өрмелеп шықтым. Екінші қабатқа да темір торы бар терезе арқылы көтеріліп, бала отырған терезеге жақындадым. Сәбиді ішке қарай итердім. Сөйткенде терезе аржағынан анасы жүгіріп келді. Ол үйде тағы бір кішкентай баламен отырған екен. Осылайша, балақай аман қалды, — дейді Т.Байділдин.

Ер азамат бұл әрекетін ерлік деп санамайды. Оның орнында болған кез келген адам оның ісін қайталайтынына сенімді.

 Бала өміріне ата-ана жауапты

Павлодар облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналды полиция бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлемісова бала өміріне бірінші кезекте ата-ана жауапты екенін айтады. Ұл-қызының қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтындарға 2024 жылдан бастап заң қатаңдаған. Бала өміріне төнген қауіп үшін ата-ана кінәлі болса ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-бабы бойынша жауапқа
тартылады.

— Облыстық полиция депар-таментінің өкілдері жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқаруда. Жазғы демалыста жол апаты, суға кету, терезеден құлау, түнгі уақытта серуендеу сынды жағдайлар көбейетіні белгілі. Осы орайда, 26-27 сәуір күндері жалпыоблыстық ата-аналар жиналысы өткізіліп, 50 мыңнан астам адам қатысқан болатын. Ауқымды жиында бала қауіпсіздігі мәселесі жан-жақты талқыланды. Дәл осындай жалпы облыстық ата-аналар жиынының екінші бөлімі жақында өткізілетін болады.

Павлодар қаласы аумағында 11 лагерь жұмыс істейді. Оның 3-еуі жыл бойы, 8-і жаз мезгілінде ғана балаларды қабылдайды.  Қазіргі уақытта аталмыш орындарда балалармен жұмыс істейтін қызметкерлер, педагогтар толық тексерілуде. Бүгінде соттылығы немесе қандайда бір қылмысқа қатысы бар адамдар анықталмады. Аталған лагерьлерге полиция қызметкерлері, жедел уәкілдер бекітілген. Бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тәртіп сақш-
ылары жағдайды қатаң бақылауда ұстайды, — дейді А.Төлемісова.

Қауіптен қорғайды

Терезеден төнген қауіптің алдын алудың негізгі жолы — темір тор орнату. Өкінішке қарай, ата-аналар қауымы бұл міндетке де жауапкершілікпен қарай бермейді. Павлодар қаласының тұрғыны Кәмила Жүсіпова терезеге темір торды өзгенің баласы үшін орнатқанын айтады.

— Менің үш балам бар. Кенжем — 7 жаста. Назарбаев көшесіндегі тұрғын  үйдің 7-ші  қабатында тұрамыз. Балаларым өскенше терезеге темір тор орнатпадым. Себебі оларға кішкентайынан терезеге шықпауды, қатты жақындамауды үйреттім. Үй жиһаздарын да терезеден алыс қоямын. Балаларым менің ақылымды тыңдап, терезеге жақындамайды. Өткен жылы алыстан туысқандарым қонаққа келді. Бір сәтте қарасам, кішкентай балалары терезеге шығып, үй ішінде секіріп ойнап жүр екен. Үй иесі өзім болғандықтан бала өміріне мен де жауаптымын деп ойладым. Біреудің баласы үйімдегі терезеден құлап жатса, менің кінәлі болғаным. Сөйтіп, қонақтарым кетісімен бірден темір тор орнататын адамға хабарласып, 3 терезені бекіттірдім. Содан бері көңілім тыныш. Өз балаларыма да, өзгенің балаларына да терезеден қауіп төнбейді. Бұл әрекетімді бала алдындағы жауапкершілік деп білемін. Сондықтан өз баламыздың тағдырын ғана ойламай, өзгелердің қауіпсіздігі үшін де терезеге темір тор орнату маңызды екенін түсіндім, — дейді қала тұрғыны.

Темір тордың құны қанша?

Терезеге темір тор орнатуды біреудің қалтасы көтерсе, басқа отбасының жағдайы көтере қоймас. Осы орайда, Павлодар және Ақсу қаласында танымал «Baby Stop Pavlodar» фирмасының директоры Бауыржан Әлібековке хабарласып, темір тор бағасын білген болатынбыз. Осы салада
10 жылға жуық уақыт жұмыс істейтін кәсіпкер орнатқан темір тордың сапасына қатысты тұтынушылар тарапынан шағым болмағанын айтады.

— Қазір терезеге темір тор орнату бойынша тапсырыс  түсуде. Ата-аналар хабарласып, тапсырыс берген кезде бала тағдыры үшін өзім де қуанамын. Біздің фирмада бір терезеге темір тор орнату құны – 16 мың 500 теңге. Бірінші қабаттан бастап 9-10-қабаттарға дейін орната береміз. Бұл сомаға терезе көлемін өлшеу, москит торы мен терезе торын орнату жұмысы толығымен кіреді. Темір тор 200 келі салмаққа дейін көтере алады. Терезені өлшегеннен кейін келесі күні орнатып береміз. Баға арзан болғандықтан терезе санына байланысты басқа жеңілдік қарастырылмайды. Бұдан бөлек, терезені ашуға арналған тежегіштерді (блокиратор) немесе терезе тұтқасына құлып орнатуға болады. Бірақ одан гөрі темір тор орнатқан дұрыс. Себебі блокиратордың беріктігіне сеніммен қарау қиын, — дейді Бауыржан Болатұлы.

Ғаламтордан Павлодар қала-сындағы терезе темір торының бағасы 15-17 мың теңге көлемінде екенін аңғардық. Ал блокиратордың құны одан арзанырақ. Оның бағасы 2-3 мың  теңге көлемінде. Оған шебердің орнату жұмысына алатын ақысын қоссаңыз, 4-5 мың теңге көлемінде шығады.

Өткен жылы 4 баланың ажалы терезеден болды. Қайғылы жағдай. Биыл терезе салдарынан орын алатын қайғылы жағдай тіркелмесе деп тілейік. Қорғансыз баланы қорғау үшін мамандардың пікіріне құлақ асып, жасөспірімдердің өміріне жауапкершілікпен қарайық!

Айдана ҚУАНЫШЕВА.