(Лиманды суару жүйесін қалпына келтіру жұмыстары қалай іске асуда?)

«Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауынан.

Ертіс өзенінің жағасында орналасқан Павлодар облысы үшін суармалы жерлер желісін кеңейту және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінен түскен емес. «Өзен жағалағанның өзегі талмайтынын» білетін жергілікті диқандар соңғы климаттық жағдайларды ескере отырып, егістік алқаптарын заманауи суару жүйелерімен жабдықтауда. Сондай-ақ, өңірде суармалы алқаптарды ұлғайту мақсатында «лиманды суару жүйесін қалпына келтіру» жобасы іске асырылуда. Ендеше, бүгінгі таңда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылғанын тарқата кетейік.

Облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік
Жұманғаринмен кездесу бары-
сында Су ресурстары минис-трлігімен бірлесіп 2024-2030 жылдарға арналған суару жүйелерін кезең-кезеңмен қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар әзірленгенін айтқан болатын. Осылайша 6 жыл ішінде облыстың барлық лиманды суару жүйелерін қайта жаңарту жоспарлануда. Сондай-ақ, аймақ басшысы жергілікті басқарушы органдарға климаттық тәуекелдерді ескере отырып, өсімдік шаруашылығының табиғи құбылыстарға тәуелділігін барынша азайту мақсатында суармалы жерлер көлемін ұлғайтуды тапсырды.

– 2023 жылы 3,3 мың гектар алқапта суару бойынша 6 жоба іске асырылды, тағы 6 жоба биыл жүзеге аспақ. Облыс бойынша суармалы жерлердің жалпы көлемін 175 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Суармалы жерлерді инвестициялық субсидиялау бағдарламасы бойынша біздің өңірге 2,4 млрд теңге бөлініп, игерілді. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында 81 бірлік шетелдік маркалы жаңбырлатып суаратын машиналар сатып алынды, 73,3 мың гектарда лиманды суаруды дамыту жұмыстары басталды, –
деді А.Байханов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы былтыр Баянауыл ауданында лиманды суару жүйесін қайта жаңарту жұмыстары басталғанын айтып, бұл көктем маусымында тасқын судың алдын алып, аудандағы елді мекендерді су басу қаупін жоюға мүмкіндік беретінін атап өтті. Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылы Баянауыл ауданында көлемі 6,7 мың гектарды құрайтын 4 ауылдық округте – Жаңатілек, Сәтбаев, Ұзынбұлақ және Жаңажол елді мекендерінде «Лиманды суару жүйесін қалпына келтіру»
жұмыстары басталған еді.

Баянауыл ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, аталған жобаны жүзеге асыру барысында бөгеттер үшін топырақ үйіндісін тұрғызу және шлюз реттегіштерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, лиманды суару жүйесін қалпына келтіру жұмыстары аудандағы 17 елді мекенде су басу қаупін едәуір төмендетіп, еріген қар суын шабындықтарды суландыруға бағыттап, мал азығы өнімділігін 4-5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, бүгінгі таңда Май ауданында аумағы 14,6 мың гектар болатын Қолыбай лиманды суару жүйесін қайта жаңарту жобасы да әзірленіп жатыр. Жоба іске асса, аталған ауданда 50 мыңға жуық ірі қара мал қыста сапалы шөппен қамтамасыз етіледі. Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсан айында Май ауданында жалпы мал санағы жүргізілген болатын. Санақ қорытындысы бойынша ауданда ірі қара малдың саны –
44478 бас, қой – 54834 бас, ешкі – 12038 бас және жылқы
33805 басты құрады.

Қазіргі уақытта ауданда өсімдік шаруашылығын дамыту бағытында суармалы жерлердің көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы ауданда егістік алқабы Көктөбе, Баскөл, Малайсары, Саты, Майтүбек және Қаратерек ауылдары аумақтарында жалпы көлемі 26723,7  гектарды құрады. Оның ішінде суармалы жердің көлемі 941 гектар шамасында. Ағымдағы жылы аудан бойынша егін алқаптарының аумағы 30560 гектарды құрайды деп жоспарланып отыр. Оның ішінде бір жылдық және көп жылдық шөптер 17000 гектар жерде өсіріледі. Сонымен қоса, биыл ауданда «ҚазСуШар» РМК арқылы «Май Агро-М» ЖШС суармалы жердің 785 гектар және «MY Feedlot» ЖШС 4500 гектар жобасы бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстары аяқталып, іске қосылады.

Май ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Медет Жангелді Қолыбай сағасы қалпына келтірілгеннен кейін шабын-дықтар ауыл шаруашылығы жануарларының санына қарай жергілікті тұрғындарға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қайта бөлінетінін мәлім етті. Қазіргі уақытта аталған бағытта жұмыстар жүргізілуде.

– Қолыбай сағасының жалпы ауданы 14 мың гектарды құрайды. Ол 8 учаскеде, атап айтсақ, Қазан, Саты және Малайсары ауылдық округтерінің аумақтарында орналасқан. Қазан ауылдық округі бойынша 4945 гектарды құрайтын 3 учаскеде 26 жер пайдаланушыға 3649,2 гектар жер тиесілі. Саты ауылдық округі бойынша аумағы 6931 гектар
4 учаскеде 36 жер пайдаланушыға 5966,6 гектар жер берілген. Ал Малайсары ауылдық округінде ауданы 2124 гектар шамасында 1 учаскеде 15 жер пайдаланушы бар, – деді бөлім басшысы.

Сондай-ақ, Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин аудан бойынша жайылымдық жер көлемі 43 мың гектарды құрайтынын атап өтіп, лиманды суару жүйесін қалпына келтіру жұмыстары 3 кезеңмен іске асырылатынын айтты.

– Ауданда «Лиманды суару жүйесін қалпына келтіру» жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Халықпен тұрақты кездесулер барысында, сондай-ақ, шаруа қожалық-тарының басшыларымен кездесу аясында сағалардағы шабындық жерлерді мемлекетке қайтару бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 4 сағаны жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының балансына беру жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан әкімі.

Облыстағы лиманды суару жүйесін қалпына келтіру мақса-тында кеншілер шаһарына қарасты Шідерті елді мекенінде де суармалы алқаптар көлемін ұлғайту, өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазір аталған бағытта жер учаскелеріне арналған барлық құжаттама сәйкестікке келтіріліп, гидротехникалық құрылыстарды «ҚазСуШар» РМК теңгеріміне беру жоспарланып отыр. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин 2023 жылы Шідертінің лиманды суару жүйесіне республикалық бюджет қаражаты есебінен 120 млн текше метр көлемінде су жіберілгенін айтып, нәтижесінде былтырғы қуаңшылыққа қарамастан, лиманды алқаптан өсім 36 мың тоннаны құрағанын жеткізді.

– Өткен жылы Екібастұз ауылдық аймағының лиманды шабындық алқаптарына су жіберу жұмыстары нәтижесінде мал азығының едәуір көлемі дайындалды. Биыл да бұл көлемді сақтау керек. Сондықтан республикалық бюджеттен қосымша ресурс- тар бөлу бойынша жұмыстар жүргізуілуде. Жауапты органдармен осы сұрақты талқылап, алдағы уақытқа нақты жоспар құрдық, – деп жазды ол өзінің «Іnstagram» парақшасында.

А.МҰҚЫШЕВ